ТАЛДЫҚОРҒАНДА "МЕРЕЙ" АНСАМБЛІНІҢ ТҰСАУЫ КЕСІЛДІ

ТАЛДЫҚОРҒАНДА

Талдықорған қаласындағы Қ. Байсейітов атындағы саз колледжінде «Тұғыры биік – Тәуелсіздік» тақырыбында мерекелік шара өтті. Шара басында Желтоқсан оқиғасы мен Тәуелсіздікке қол жеткізген еліміз туралы көңіл тебірентерлік бейнесюжет көрсетілді. Кеш шымылдығы ҚР Мәдениет қайраткері Кәміл Наурызовтың дирижерлік етуімен колледжішілік Қазақ халық аспаптар оркестрінің орындауында Н. Тілендиевтің «Он алтыншы жыл» атты күйімен ашылды.

Бұдан соң білімгерлер де өз өнерлерін ортаға салып, 4-курс студенттері Ләззат Ақиқат, Аяулым Иманбектің дирижерлігімен шығармалар орындалды. Сондай-ақ, домбырашылар мен қобызшылар ансамблі өнер көрсетіп, қазақ күйлерін күмбірлетті.

Мерекелік шарада дарынды музыкант Айбол Құдайбергеновтің жетекшілігімен құрылған «Мерей» фольклорлы ансамблінің де тұсаукесері болды. Мерейі үстем болсын деген мақсатта «Мерей» деп аталған ансамбльде қазақтың домбыра, жетіген, қылқобыз, примақобыз, шаңқобыз, шертер, дауылпаз, сыбызғы сынды бірқатар аспабы қамтылған. Осы аспаптардың ерекшелігін терең сезініп, оның бір-бірімен үндестігін сақтай отырып, мағыналы да, мәнді, сазды шығармаларды орындату ізденісті талап ететін еңбек. Бұл ретте Айбол Құдайбергенов, Дамир Абашев сынды ұстаздардың жастарға беріп жатқан үлгі-өнегесі мол. Сондай-ақ, өнерді ұлағат тұтқан шәкірттер тәрбиелеуде қазақ халық аспаптар бөлімінің меңгерушісі Ғайниса Нұрсейітова, дәріскер-ұстаздар Талғат Оразаев, Болат Дүзкеев, Толқын Сқақова, Нұрлан Бозымбековтердің еңбегі ерен.

Мерекелік кеште колледж директоры Әділхан Адырбаев сөз сөйлеп: «Тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын, көк Туымыз мәңгі қалықтай берсін», - деген тілегін жеткізді. Осында білім алып жатқан көптеген шәкірттің байқауларда жүлделі орындарды иеленіп жатқанын атап өтті. Шарада шәкірттерді білім, өнер бұлағынан сусындатып жүрген ұстаздар марапатталды. Атап айтар болсақ, үлгілі ұстаз, баян сыныбының жетекшісі Ерболат Еркеновке облыс әкімінің Құрмет грамотасы  табыс етілсе, «Үздік жас маман – 2018» атты республикалық байқаудың жеңімпазы Жайна Тұрсынбаеваға арнайы диплом беріліп, кеудесіне төсбелгі тағылды. Алматы облыстық халық шығармашылығы орталығының Алғыс хатын Ғайниса Қуанышбайқызы, Айман Көпесбайқызы, Кәміл Наурызов және Рүстем Наурызов алды.

Кеш барысында Оқушылар сарайы директорының орынбасары Алмагүл Арапова сөз алып, ізгі тілегін жеткізді. Оқушылар сарайында өткен шараларға колледж оқытушылары әділқазы ретінде төрелік етіп, белсене қатысқаны үшін білім ошағының директоры Әділхан Абырбаевқа, Нұрлан Жанабаевқа, Ғайниса Нұрсеитоваға және Айгүл Нөкербекке Алғыс хаттар табыс етті.

Қазақ халық аспаптары бөлімі әзірлеген «Тұғыры биік – Тәуелсіздік» атты  мерекелік кеш жоғары деңгейде өтіп, онда колледж студенттері, халықаралық, республикалық байқаулардың лауреаттары Расим Дүйсебеков, Жәнібек Мақатан және Архат Жанатұлы көпшілікті өнерлерімен тәнті етті.

Алма ЕСЕНБАЕВА,

"Жетісу"

Оқи отырыңыз