"ТАҢБАЛЫ" ҚОРЫҒЫ БУДДА БЕЙНЕСІМЕН ТОЛЫҚТЫ

Қапшағай көлі бағытындағы таңбалы тастар Жамбыл ауданында орналасқан «Таңбалы» қорық-музейінің қарамағына берілді. Осылайша «Таңбалы» мемлекеттік тарихи-мәдени және табиғи қорық-музейінің 3800 гектар аумақтағы үш мыңнан аса жәдігер қоры Іле өзені бойындағы ескерткіштермен толықты.

Қапшағайдағы үлкен тастар мен жартастардың бетінде Будда мен Бұрхан бейнелері, өзге де таңбалар қашалған. Мыңдаған жыл бұрын осы жерді мекен еткендердің тұрмыс-тіршілігі, наным-сенімінен сыр шертетін тастарды тамашалауға келгендерді енді «Таңбалы» музейінің қызметкерлері қабылдап-қадағалайтын болады. Қазір онда қорғау аймағын айқындап, қорықшалар бекіту шаралары жасалуда. «Таңбалы» қорық-музейі туралы айта кетсек, ол Таңбалы шатқалында есте жоқ ескі заманнан бері сақталған петроглифтер мен қорым-қоныстарды қорғау, зерттеу мақсатында 2003 жылы құрылған болатын. Ондағы петроглифтер 2004 жылы ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мәдени мұралар тізіміне енгізілген.

Алматы қаласынан 170 шақырым солтүстік-батыстағы Қарабастау ауылы маңындағы Таңбалы шатқалы бүгінде отандық және шетелдік туристер көп келетін орынға айналды. Мәселен, биыл онда бес мыңнан аса саяхатшы болды. Жазда қорыққа апаратын отыз шақырымдық Қопа-Қарабастау жолы жөнделіп, этноауыл ашылды, жел және күн электр стансысы орнатылды. Қола дәуірінен бергі кезеңнен сыр шертетін киелі жерді туристік кластер ретінде дамытып, шетелдіктер қызығатын орталыққа айналдыру үшін бүгінде ауқымды жобалар қолға алынды.

Серік САТЫБАЛДИЕВ

Жамбыл ауданы

Оқи отырыңыз