Амандық БАТАЛОВ: "ҰЛТАРАЛЫҚ КЕЛІСІМДІ САҚТАУ ҚАЖЕТ"

Амандық БАТАЛОВ:

Алматы облысының әкімі Амандық БАТАЛОВ Талдықорғандағы Достық үйінде өткен «Жетісу – достық өлкесі» атты жаңа жылдық кездесуге қатысып, ұлтаралық келісімді берік ұстану қажеттігін тілге тиек етті. Басқарма басшылары, облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, Аналар кеңесі, Қоғамдық келісім және облыстық этномәдени орталық төрағалары қатысқан жиында Жетісу жерінің өткен жылғы жетістіктері сараланып, алдағы уақытқа жоспарланған ауқымды жобалардың барысы таныстырылды.

Алқалы жиынды ашып, жүргізіп отырған облыс әкімі егін, мал шаруашылығы, өнеркәсіп салаларындағы табыстар мен ел игілігіне берілген өндіріс орындарының, Елбасы Жарлығымен жаңадан құрылған Райымбек, Кеген аудандарында қолға алынып жатқан жобалардың барысы жайлы әңгімелеп, өңір экономикасының қарқынды дамуына үлес қосып отырған өнеркәсіптерді ерекше атап өтті. Сонымен қатар, білім, денсаулық сақтау, спорт, туризм сынды салаларда қарқын алған жұмыстардың жетістігін паш етіп, былтыр облыстың табысы еселеп өскеніне көңіл аударды.

Атап айтқанда, өндірістік өнім мөлшері 2018 жылы 870 миллиард теңгеге жеткен. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 75 миллиард теңгеге артық. Жетісу шаруалары өсірген қант қызылшасы, жүгері, картоп сынды дақылдар, ет өнімдері әлем жұртшылығының сұранысын арттырған. Таза табиғи өнімді экспортқа шығару ісі ілгері басқан. Әкім Алакөл, Балқаш, Көлсай сынды су айдындарын шет мемлекеттерден келген миллиондаған туристің тамашалағанын мақтанышпен атады. Осындай жетістіктің артында Жетісу жұртшылығының ынтымағы, татулығы, келісімі жатқандығын ұмытпау керектігін атаған А. Баталов былтыр этномәдени бірлестіктер ұлтаралық және дінаралық келісімді нығайтуға арналған 70-тен астам түрлі шара өткізгеніне тоқталды.

Жиында облыс басшысы барлық аудандары мен ауылдық округтерінде жұмыс істеп жатқан Аналар кеңесі мен Қоғамдық келісім кеңестерінің жұмысына жоғары баға берді. Сондай-ақ, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың биылғы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында және «Ұлы Даланың 7 қыры» тарихи-танымдық мақаласында айтылған міндеттер мен тапсырмаларды орындау мақсатында көптеген жұмыс атқару керектігін ескертті.

– Елбасының қатысуымен өткен Индустриализация күні Қапшағай қаласында «Маревен Фуд Тань-Шань» кәсіпорны салтанатты жағдайда іске қосылды. Аталған кәсіпорын жылына 21 миллиард теңгенің өнімін өндіретін болады, оның 80 пайызы Орталық Азия елдеріне экспортталады. Инвестициялық жобалар портфелінде құны 5,7 триллион теңге болатын 306 жоба бар. Олардың 9-ы трансұлттық, ал 44-і шетелдік компаниялардың қатысуымен іске асырылады. Сондай-ақ, биыл Петропавл қаласында Қазақстан мен Ресейдің туризмді дамыту туралы ХV өңіраралық ынтымақтастық форумы негізінде 5 қаңтар күні Талғар ауданында «Ойқарағай – Лесная сказка» таушаңғысы демалыс орны салтанатты түрде ашылады, – деп Амандық Ғаббасұлы жағымды жаңалықпен бөлісе кетті.

Одан соң кезекпен сөз алған «Ұлағат» ақсақалдар кеңесінің құрметті мүшесі Светлана Гаитова, «Шымыр» ЖШС директоры, Талдықорған қалалық мәслихат депутаты Руслан Валишанов, облыстық орыс орталығы төрағасының орынбасары Лариса Котельникова, «Аналар кеңесінің» мүшесі Ғалия Ақбасова өңір жетістігіне ризашылық білдіріп, татулық пен ынтымақтың туы асқақтай беруін тіледі.

Жиын соңында өңірдегі Ассамблеяның негізгі қызметі мен басты бағыттарын іске асыруға үлес қосып, еліміздегі тыныштық пен бейбітшіліктің тұрақтануын насихаттаған сала қызметкерлері облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Ал облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Оралбек Жақиянов Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен берілген Қазақстан халқы Ассамблеясының қоғамдық «Бірлік» алтын медалін облыс әкімінің кеудесіне қадады.

Мәди АЛЖАНБАЙ

Фото - Жұмабай МҰСАБЕКОВ

"Жетісу"

Оқи отырыңыз