ТАЛДЫҚОРҒАНДА ОЛИМПИАДА ӨТТІ

ТАЛДЫҚОРҒАНДА ОЛИМПИАДА ӨТТІ

Талдықорған қаласындағы №28 ІТ мектеп-лицейінде жалпы білім беретін пәндер бойынша облыстық олимпиада өтті. Үш күнге созылған сынақта 800-ге жуық оқушы 13 пән бойынша бақ сынап, білімдерін көрсете білді.

Оқушылар бірінші кезекте тест сынағынан өтіп, екінші кезеңде жазбаша жұмыс орындады. Дарынды балалардың білімін сараптауда әл-Фараби атындағы ҚазақҰУ, Тұран, СДУ, Нұр-Мүбәрак, Египет мәдениеті университеттерінің белді оқытушы, профессорлары әділқазылық етті.

Олимпиаданың жабылу салтанатында сөз сөйлеген облыстық білім басқармасының басшысы Дәурен Жүнісов жеткіншектердің заманауи мектептерде лайықты білім алуына барынша мүмкіндік жасалып, дарынды балаларды қолдауға мейлінше көңіл бөлінетінін, соның арқасында жылдан-жылға олимпиада, ғылыми жоба жарысына қатысатын оқушылардың қатары артып келе жатқандығын айтып, бұл қуантарлық жағдай екендігіне тоқталды.  

Келесі кезекте сөз алған әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті заң факультетінің оқытушысы, профессор, құқықтану пәні бойынша әділқазылар алқасының төрағасы Есіл Рахметов облыс оқушыларының жылда өтетін білім сайыстарында жоғары нәтиже көрсетіп келе жатқандығын, бұл өребәйгеде де балалар қабілеттерін жарқырата көрсете алғандығын атап өтіп, жас ұрпақтың алаңсыз білім алуына мүмкіндік ашып, осындай зәулім ғимарат салып берген облыс басшылығына ризашылығын жеткізді.

Өз кезегінде пән олимпиадасының жеңімпаздары марапатталды. Олимпиада қорытындысы бойынша 58 оқушы І орын, 126-сы ІІ орын, 216 бала ІІІ орынды иеленді. Дарынды балаларды оқытатын арнаулы мектептер арасында Талдықорған қаласындағы «Білім Инновация» лицейі, М. Арын атындағы № 24, № 20 арнаулы лицейлері және Есік қаласындағы А. Мәлкеев атындағы «Білім Инновация» лицей-интернаты жоғары нәтиже көрсетті. Ал, Қапшағай, Талдықорған қалалары, Іле, Еңбекшіқазақ аудандары ұпай бойынша үздіктер қатарынан көрінді.

Әділқазылар алқасының мүшелеріне де облыстық білім басқармасының басшысы Дәурен Жүнісов Алғыс хат табыс етті. Өребәйгеде оза шапқан оқушылар наурыз айында Ақтөбе, Қызылорда қалаларында өтетін республикалық олимпиадада бақ сынайтын болады.

                                                                                     Алма ЕСЕНБАЕВА

Оқи отырыңыз