Қызылшашылар мерейі үстем

Қызылшашылар мерейі үстем

Бүгінде Қаратал ауданында қызылша жинау жұмыстары өз мәресіне жеткен. Жыл өткен сайын егістіктен алынатын өнім көлемі артып, диқандар бейнетті еңбегінің зейнетін көруде. Әсіресе, қант қызылшасын өсірген ауыл еңбеккерлерінің мерейі үстем.

Биыл аудан бойынша 1100 гектар жерге тәтті түбір егілген болатын. Диқандар көктемде еккен егінін күтіп-баптап, ала жаздай бел жазбай еңбек етті. Шүкір, еселі еңбек еш кеткен жоқ. Шүмектеп аққан маңдай тердің өтеуін биыл алынған мол өнімнен байқауға болады. Нақтырақ айтсақ, ауданда 41 мың тонна өнім жиналып, гектар берекелігі 388 центнерден айналды. Балтамыр егілген қала, ауылдық округ шаруалары әр күнді қалт жібермей, егінді жинап алды. Алынған өнім көліктерге тиеліп, Көксу қант зауытына жөнелтілді. Ауданда қызылша өсіру бойынша Жолбарыс батыр ауылдық округінің шаруалары 602 гектарға дән егіп, әр гектары 445,6 центнерді құрап, 26822 тонна өнім жинады. 
Сонымен бірге, Айту би ауылдық округі еккен 207 гектар қант қызылшасы түгелдей жиналып, 5796 тонна астық алынды. Бастөбе, Елтай, Ескелді ауылдық округтерінен алынған қызылшаның орташа өнімділігі 350-370 центнерге жетті. Ерекше айта кетерлігі, Балпық ауылдық округіне қарасты «Орлёнок» шаруа қожалығы 12 гектарға қызылша егіп, 967 тонна өнім жинап, гектар өнімділігін 805,8 центнерге жеткізіп, рекордтық көрсеткішке ие болды. Ринат Төлеубеков басшылық ететін аталмыш шаруа қожалығы егістік жерді игеруде жаңа технологияларды пайдаланып, мол табысқа кенелді.
Диқандар мемлекет тарапынан беріліп жатқан жеңілдіктерді ұтымды пайдаланып келеді. Биыл ауылшаруашылығы дақылдарына пайдаланған гербицидтерді субсидиялауға 89 шаруа қожалығының құжаттары қабылданып, 12,4 миллион теңгеге облыстық ауылшаруашылығы басқармасына өткізіліп, тиісті қаражаттарын алды. Осылайша, аудан диқандары қара жерден мол өнім жинап, зор табысқа кенелді. 

А. Өмірбаев.
Қаратал ауданы.

Оқи отырыңыз