Жаңа жобалар іске қосылды

Жаңа жобалар іске қосылды

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ қатысуымен «Жаңа индустрияландыру: қазақстандық барыстың қадамы»  атты ұлттық телекөпір өтті. Онлайн режимінде ұйымдастырылған шара аясында елдің әр аймағында жаңа индустриялық-инновациялық, инфрақұрылымдық, энергетикалық және агроөнеркәсіптік жобалардың тұсауы кесілді. Елбасы телекөпір кезінде нысандардағы өндірісті іске қосуға рұқсат беріп, ақжол тіледі.

Аталған жобалардың екеуі Алматы облысында. Соның бірі Қарасай ауданының Елтай ауылдық округіне қарасты Жармұханбет ауылының жанынан бой көтерген «Қарасай машина жасау зуыты». Шараға облыс әкімі Амандық Баталов қатысты. Телекөпір байланысы кезінде сөз алған жоба жетекшісі Павел Беклемишев елді индустрияландыру бағдарламасы аясында Қарасай ауданында іске қосылатын зауытқа 6,7 млрд. теңге инвестиция құйылып, өндіріс жылына 18 мың тонна дайын өнім шығаруға қабілетті екенін атап өтті. 
Жаңадан бой көтерген зауыт өз бағытындағы елдегі бірегей кәсіпорын екендігі дау туғызбайды. Атап айтқанда, халықаралық стандарттарға жауап беретін жоғары сапалы өнім шығаруға бағытталған өндіріс соңғы үлгідегі әлемдік технологиямен жабдықталған. Мұнда Германияның «Кальтенбах» компаниясы, Италияның «ФИЧЕП» және «Нуова СММ», Польшаның «Ремикс», Швецияның «ЭСАБ» және АҚШ-тың «Линкольн» компанияларында жасалған құрыш металдарын өңдеу, дәнекерлеу құрылғылары орнатылған. Ал, металл өнімдерін ыстық кезінде мырышпен қаптау әдісі оның ұзақ мерзім қызмет атқаруына мүмкіндік береді. Бүгінде жаңа кәсіпорында үлкен өндіріс нысандарын, фермаларды, көкөніс және өзге де заттарды сақтайтын қоймаларды, құс фабрикаларын, элеваторларды тұрғызуға арналған металл құрылғыларын шығару қолға алынып отыр. 
Болашақта машина жасауға қажет күрделі бұйымдар өндірісін жолға қою жоспарланған. Мұндай озық технологиялы өндірісте жоғары білікті мамандар ғана жұмыс істейтін болады. Сол себепті зауыт жанынан кәсіби білікті дәнекерлеуші, слесарьлар даярлайтын оқу орталығын ашу көзделуде. Жыл сайын бұл орталықта 100-ге тарта адам мамандық меңгеріп шығатын болады. Зауыт өнімдері өндіріс орындарын салумен бірге, ауылшаруашылығы нысандарын тұрғызуға кеңінен пайдаланылады. Демек, мұнда шығарылған өнімдер үлкен сұранысқа ие болмақ.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен Индустрияландыру күніне орай онлайн режимінде өткен телекөпір арқылы Текелі қаласындағы «Қора» СЭС жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің деривациялық үлгідегі заманауи су электр стансысы да іске қосылды. Салтанатты шараға облыс әкімінің бірінші орынбасары Лаззат Тұрлашов және салаға жауапты лауазымды тұлғалар қатысты. 
Алдымен елдің экономикалық дамуы жан-жақты таныстырылып, қысқаша мағлұмат берілді. Онда мәлім болғандай, елде жыл басынан бері 1,9 триллион теңгелік 127 жоба іске қосылып, 10 мыңнан аса тұрақты жұмыс орындары құрылған. Бұдан соң Мемлекет басшысы сөз сөйлеп, жаңа іске қосылатын жобалардың алғашқы қадамына сәттілік тіледі. Жалпыұлттық телекөпір байланысы кезінде «АСПМК – 519»  компаниясының бас директоры Виктор Сычев сөз алып, елде мыңдаған кәсіпкердің өз бизнес-идеяларын жүзеге асырып, орта және шағын бизнестерін дамытуға мүмкіндік туғызып отырған Мемлекет басшысына көпшілік атынан алғыс айтып, жаңа жобаны іске қосуға рұқсат алды. 
Осылайша, Текелі қаласында жаңа су электр стансысы іске қосылды. Айта кетейік, бұл жоба облыста қуаттылығы жағынан «Мойнақ» СЭС-нен кейін екінші орында. Электр стансысы құрылысына екі жүз елу адам жұмылдырылыпты. Ендігі кезекте, бұл жерде жиырмадан аса адам жұмыс істейтін болады. Өндірілген электр қуаты толығымен ішкі нарыққа жұмсалмақ. Жоба қуаттылығы 28,5 МегаВатт. Аталған су электр стансысы Елбасының «Қазақстан –2050» стратегиясы аясында елде қалпына келтірілетін энергия көздерін көбейту тапсырмасы негізінде қолға алынған. Жоба құны 7,1 млрд. теңгені құрайды. Қаражаттың жетпіс сегіз пайызы жеке инвестиция болса, қалғаны несиелер. Құрылыс жұмыстары 2015 жылдың қараша айында басталған. «Қора» СЭС-інің бас мердігері «АСПМК-519» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі.

Қуат Қайранбаев,

Айгүл Байбосынова.

Оқи отырыңыз