Өрт қызметін көрсететін мекемеге сын айтты

Өрт қызметін көрсететін мекемеге сын айтты

Қасиетті жұма күні Райымбек ауданының әкімі Жолан Омаров ел алдындағы есебін берді. Іргелі жиынға облыс әкімінің орынбасары Серікжан Бескемпіров қатысты. Сөз орайында айта кеткен орынды, өткен жылдың аяғында облысымыздың әкімі Амандық Баталовтың үлкен сенім артуымен білімді жас, іскер азамат Жолан Омаров Райымбек ауданының әкімі лауазымына тағайындалған болатын. Тағайындалған күннен-ақ аудан аумағындағы барлық елді мекендерді  аралап, халықпен жүздесіп, ақсақалдармен амандасып, әр ауылдың қал-жағдайын, толғантар мәселесін білген жаңа әкім биыл атқаратын істерін саралап, салмақтап қойды.

Иә, Райымбектей батыр бабамыздың атын иеленген Аспантаулар өлкесі облыс орталығынан 500 шақырымнан астам қашықтықта орналасқан. Ауасы тұнық, суы мөлдір, табиғаты таңғажайып өлкедегі    23 ауылдық округте 54 елді мекен бар. Сексен мыңға жуық халық жайқалта егінін өсіріп, өрісінің ажары болған төрт түлік малымен тұрмысын түзеп, әлеуметтік жағдайын жақсартып келеді. Жерінің асты да, үсті де ерен байлыққа тұнған өңір тұрғындары ежелден еңбекқор. Сырттан келген жанды бірден баурап алатын өлкенің тамашасы көкпен таласқан әйгілі Хантәңірі шыңы, көзіңді алмай қарағың келіп тұратын көрікті Көлсайы, келешекте тамаша ойын-сауық мекеніне айналатын Шарын өзені, «Мойнақ» су электр стансысы, өлмес өлең, отты жыр, әуезді әнге айналып кеткен сұлу Шалкөде, келбетті Қарқара, әдемі Шұбартал мен көрсең көзің тоймас Үш Меркі, Екіаша секілді таңғажайып жайлаулары, жасыл кілемдей құлпырған  жазира өлкесі. Ықылым заманнан келе жатқан салт-дәстүріміздің қаймағы бұзылмаған, саф алтындай өнері тұнған, ынтымағы мен бірлігі, берекесі, өзіне ғана тән мерекесі жарасым тапқан қастерлі де қасиетті ел мен жердің келешекте туризмнің Отанына айналатыны шүбәсіз ақиқат. Биыл, Алла қаласа, Көлсайға дейінгі жол бітіп қалады. Содан кейін бұл өлкеге келушілердің саны еселеп артады. Онсыз да жаз мезгілінде жаяулап, велосипедпен, көлікпен келіп жататын шетелдік туристердің аяғы үзілген емес. Биылдан бастап бұл өңірдің тамаша көк құрағы мен мөлдір бұлағынан, таза ауасынан нәр алған бал қымызы республика халқының тамсанып ішер бірден- бір сусынына айнала бастайды. Оның бәріне негіз қаланбақ.
Өткен жылы ауданның өнеркәсіп саласы бойынша 20 481 миллион теңгенің өнімі өндіріліп, нақты көлем индексі 105,7 пайызды құрады. Жаңа әкім келгендегі жылдың жаңалығы ретінде «Тұздыбастау» ЖШС-нің Қарқара ауылдық округіне қарасты Шөладыр учаскесінен тұз, сода өндіретін өндіріс орнын ашу мақсатымен  құрылыс жұмысын жүргізетінін айтуға болады. Елбасының биылғы Жолдауында айтылғандай, ауылшаруашылық саласында сапалы өнім өндіру мен оны экспорттау аса маңызды. Сол мақсатта «Ет өнімдерін консервілеу комбинаты» ЖШС Кеген ауылдық округі аумағынан жалпы құны     1 699 миллион теңге болатын ет өнімдерін консервілеу комбинатының құрылысын бастағалы отыр. 
Өткен жылы болжанған салық түсімінің мөлшері 1803 миллион теңге  болатын. Алайда түсім ол межеден асып, 1908 миллион теңгеге орындалды. Таулы өңірде негізгі капиталға 4 985 миллион теңгеге инвестиция тартылып, нақты көлем индексі 85,4 пайызға жетті. Өлкенің басты табыс көзі аграрлық сала бойынша былтыр       42 989 миллион теңгенің ауылшаруашылығы өнімі өндірілді. Сәнді жайлауы, нәрлі көктеуі мен әрлі күздеуіне көрік берген төрт түлік мал бойынша ірі қара 97 мың басқа, жылқы 60428 басқа, қой-ешкі 434264  басқа жетті. Мал саны жөнінан аудан облыстың алдыңғы қатарында. Өлкеде мемлекеттік «Сыбаға», Алтын асық», «Құлан» бағдарламалары бойынша да елеулі жұмыстар атқарылып келеді. Биыл аудандағы «Құмтекей», «Қаратоған» су каналдары ағымдағы жөндеуден өткізіледі.
Былтырғы жыл Сарыжаз ауылының тұрғындары үшін қуанышты болып, «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында 600 орынды заманауи сәулетті жаңа мектеп есігін ашты. Сонымен бірге күніне 50 адам қабылдайтын дәрігерлік емхана пайдалануға берілді. Саты, Сүмбе, Кеген ауылдарында ветеринариялық пункттер салынды. Саты ауылында тұрғын үйімен біріктірілген полиция пункті ашылды. Биыл Кеген ауылында спорттық сауықтыру кешені пайдалануға беріледі. Аудан мен ауылдарды жалғайтын жолдардың жағдайы жаман емес. Ауызсу құбырларын жаңғырту жұмыстары одан әрі жалғастырылып, Қақпақ ауылындағы ауызсу құбыры күрделі жөндеуден өткізілмек.
Өнерімен өркен жайып келе жатқан Райымбек ауданында халықтық атағы бар 4 өнер ұжымы жұмыс істейді. Кеген халық театры, «Ереуіл» фольклорлық ансамблі, «Ақ толқын» фольклорлық ансамблі, «Алтын қазына» ақ әжелер ансамблі – өңір өнерінің мәйегі іспетті.
Қарқара ауылдық округіне қарасты Мыңжылқы жайлауынан «Джади – вилла» туристік кешені салынады. «J.S.TRAVEL» ЖШС «Көлсай Көлдері» МҰТП аумағындағы қонақ күтетін 10 үйді қайта жасауда. «Park Canyone» ЖШС Шарын өзенінің бойынан ойын-сауық кешенінің құрылысын салмақ. «Сафари Тау Шелек» ЖШС Қақпақ ауылдық округінен туристер қабылдайтын этноауыл салуды әрі туристерге аңшылық қызмет көрсетуді жоспарлап отыр.
Жиналыста «Назира» шаруа қожалығының жетекшісі Мейрамхан Мұқамедиева сөз алып, аудандағы су арналарын қайта жаңғыртуға облыс тарапынан қолдау көрсетілуіне, әйгілі Қарқара картобын қайта түлетуге ұсыныс жасады. А. Барманбекұлы атындағы орта мектеп-гимназиясының ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Әлина Өмірова аталған мектепте ағылшын тілінде арнайы дәріс берудің қолға алынып келе жатқанын айтты. Аудандық орталық аурухананың жасөспірімдер дәрігері Марал Құрманәлі денсаулық сақтау саласының игілікті істерін сөз етті. Аудандық жастар ресурстары орталығының кеңесшісі Батал Әділет  клуб, Мәдениет үйлері жоқ ауылдарға жастар баратын демалыс орындарының салынуына жағдай жасалса деген ұсыныс тастады. Жәмеңке орта мектебінің мұғалімі Нүсіп Сүйіндіков Нарынқол ауылындағы өрт қызметін көрсететін мекеменің атына сын айтты.
Басқосуға қатысып, көпшілікке облыс әкімі Амандық Баталовтың сәлемін жеткізген облыс әкімінің орынбасары Серікжан Бескемпіров облыстың былтырғы әлеуметтік және экономикалық дамуына қысқаша тоқталып, ауданда қолға алынатын шаруаларды сөз етті, аудан әкімі Жолан Омаровтың жұмысына сәттілік тіледі.
Ауызша және жазбаша түскен сұрақтарға жауап берген аудан әкімі Жолан Омаров туризм, жол қатынасы, ауызсу, жас мамандар мәселесі, ауылшаруашылығы бойынша  ауқымды істерді қолға алатынын айтып, өз ойын ортаға салды.

Қанат БІРЖАНСАЛ
Райымбек ауданы

Оқи отырыңыз