Жол картасының жобасы қабылданды

Жол картасының жобасы қабылданды

Үкімет басшысы Бақытжан САҒЫНТАЕВТЫҢ төрағалығымен өткен бұл жолғы Үкімет отырысында төрт мәселеге көңіл аударылды. Олар Елбасы айтқан бес бастаманы іске асыру жөніндегі жол картасы, биылғы қаңтар-ақпандағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының өсуіне жол бермеу шаралары және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша ұлттық баяндама.

Жиында Елбасының бес бастамасын іске асыру жөніндегі жол картасының жобасы қаралып, қабылданды. Құжатпен ҚР Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов таныстырды. Жол картасы мүдделі мемлекеттік органдармен және Ұлттық банкпен бірлесіп әзірленген. ҚР Ұлттық банк «Әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру» бірінші бағытының басты орындаушысы болып табылады. Ұлттық банк өткен жылдың ең сәтті тәжірибесін пайдалана отырып, Мемлекет басшысы анықтаған жылдық 7 пайыз, 25 жылға, бастапқы жарнасы 20 пайыз жағдайында «7 – 20 – 25» бағдарламасын іске қосуды көздеп отыр. Бағдарламаны іске асыруға дайындық кезеңдері нақтыланды. Жақын арада Ұлттық банк басқармасы Бағдарлама операторы толықтай еншілес арнайы компания құру мәселесін қарастырмақ. Ұлттық Банк Үкіметке наурызда қажетті заңнамалық түзетулерді енгізеді. 
Бағдарламаға нақты табысы бар Қазақстан азаматтары қатыса алады. Қазіргі уақытта банктер критерийлерді әзірлеп жатыр. Мәселен, егер тұрғын үй құны 7 млн. теңге болса, онда ай сайынғы төлем 50 мың теңгеден аспайды, бұл қазақстандық қызметкерлердің басым бөлігі үшін қолайлы болмақ. Ірі қалалар мен аудандардағы тұрғын үй құнының саралануы жоққа шығарылмайды, себебі тұрғын үй құны әртүрлі болады. ҚР Ұлттық экономика министрлігінің мәліметіне сүйенсек, жаңа ипотекалық бағдарлама бойынша алғашқы тұрғын үй несиесін тамыз айында беру жоспарланып отыр. 
Президенттің бес бастамасын іске асыру бойынша Жол картасының жоспарланған іс-шаралары туралы, сондай-ақ ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек, ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев, ҚР Энергетика министрі Қанат Бозымбаев, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымова баяндады. 
Жиында мәлім болғандай, сәуір айында «Нұрлы жер» бағдарламасына өзгерістер енгізілмек. Олар тұрғын үй құрылысының көлемін ұлғайту нормалары мен «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» тұрғын үй займдарын беру параметрлерін қайта қарауды қарастырады. Сондай-ақ, жеке құрылыс салушыларға арналған құрылыс алаңдарын дайындау үшін тұрғын үйге қатысты инженерлік коммуникациялардың құрылысын қаржыландыруды жыл сайын 80 млрд. теңгеден 100 млрд. теңгеге дейін арттыруды қарастыру ұсынылған. Сонымен бірге «Нұрлы жер» бағдарламасына жатақханалар құрылысын енгізу ұсынылды. Ерлан Кенжеғалиұлының айтуынша, Жол картасы бүгінде әзірленіп, қосымша білім беру гранттарына арналған ұсыныстар қаулы жобасы ретінде министрліктерге, «Атамекен» ҰКП-ға және жоғары оқу орындарына жіберілген. 
Сонымен бірге жиында «Сарыарқа» газ құбырын салу мерзімі аталып өтті. Осы ретте Қанат Алдабергенұлы: «Біз «Қызылорда – Жезқазған – Қарағанды – Теміртау – Астана» бағыты бойынша магистральді газ құбырының жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеп, бекітуді және жер бөлуді қамтамасыз етуге келістік. Жауапты орындаушылар: Энергетика министрлігі, ҚР ИДМ, Қызылорда, Қарағанды, Ақмола облыстарының әкімдіктері және «ҚазТрансГаз». Мерзімі 2018 жылдың шілде айы», – деді. 
Бұдан өзге, министр магистральді газ құбырын толтыру және тұтынушыларға газ жеткізуді қамтамасыз ету мақсатында Қарағанды, Ақмола облыстары және Астана қаласы әкімдіктеріне газ тарату желілерін жобалауды және оның құрылысын магистральді газ құбырының аяқталу уақытымен сәйкестендіре отырып тездету қажет екенін, барлық жұмыс келесі жылдың шілдесіне дейін аяқталуы керектігін айтып өтті. Бұдан өзге, жиында Елбасының ауылды жерлер мен қалаларда шағын несие беруді жандандыруға бағытталған төртінші бастамасын іске асыру барысы баяндалды. Шағын несие беру бағдарламасын қаржыландыруға 62 млрд. теңге бөлінген. 
ҚР Ауылшаруашылығы бірінші вице-министрі Арман Евниевтің айтуынша, жыл басынан бері әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы 0,7 пайызға өскен. Мәселен, бағалар Астана, Алматы, Ақтөбе, Тараз, Орал, Атырау және Павлодар қалаларында біршама көтерілген. ҚР АШМ мәліметіне сүйенсек, мәселен қырыққабат, пияз, картоп, сәбіз сияқты өнімдердің бағасы бірнеше пайызға көтерілген. Сүт өнімдері мен сиыр еті де қымбаттапты. Өңірлерде қаңтар айында тұрақтандыру қорына 2178 тонна азық-түлік тауарлары сатып алынған. Ал елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы әзірге тұрақты. 
ҚР Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев қаңтар-ақпан айларында теңгенің долларға шаққандағы бағамы 320, 30 теңгеге дейін тұрақталғанын айтты. Шетел валютасындағы салымдар 6,9 пайызға төмендеп, теңгедегі салымдар 2,1 пайызға өскен. Сондай-ақ, Ұлттық банк басшысы қаңтар айында жаңа несиелер беру көлемі 830 млрд. теңгені құрағанын айтып өтті. Бұл өткен жылғы қаңтардағы көрсеткіштен 44 пайызға артық. 
Өз кезегінде ҚР Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов 2018 жылдың екі айының қорытындысы бойынша мемлекеттік бюджеттің жоғары деңгейде орындалғанын атап өтті. Бұл негізінен жергілікті бюджеттер кірістерін асыра орындау есебінен болған. 
Жиын соңында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша ұлттық баяндаманың жобасы қабылданды. Жобамен ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің аппарат басшысы Саян Ахметжанов таныстырды.


ҚР Ұлттық экономика министрлігінің мәліметіне сүйенсек, жаңа ипотекалық бағдарлама бойынша алғашқы тұрғын үй несиесін шамамен осы жылдың тамыз айында беру жоспарланып отыр.

Айгүл БАЙБОСЫНОВА

Оқи отырыңыз