Күшіміз – бірлікте

10-маусым – Қазақстан кәсіподақтарының күні. Осыған орай еліміздің түкпір-түкпірінде аталмыш мереке кеңінен аталып өтуде. Жетісудың төрі Талдықорғанда да Кәсіподақтар күніне орай жоғары деңгейде  іс-шара ұйымдастырылды. «Біздің күшіміз – бірлікте» тақырыбында өрбіген салтанатты жиында облысымыздың түкпір-түкпірінен келген кәсіподақ қызметкерлері төбе көрсетті.

Қазақстандағы кәсіподақтар саласы XX ғасырдан бастау алды.  Алғашқы кезеңдерде кәсіподақ түрінде бой көрсеткен жұмысшы қозғалысы әлдеқайда әлсіз еді. Уақыт өте келе кәсіподақтар саны көбейіп, атқарар істің деңгейі мен сапасы жоғарылаған болатын. Елімізде Кәсіподақтар күнін атап өту федерацияның съезімен бекітілген. Салтанатты шара шымылдығы Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Бақытжан Әбдраимовтың бейнеролик арқылы құттықтауымен түрілді.  Артынша сөз алған облыстық кәсіподақтар орталығы аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Әсет Қыдырманов кәсіподақ қозғалысының республикада күш алып, федерация тарапынан біраз шаралар жүргізіліп жатқанын айтып өтті. Сондай-ақ  өңірімізде 2015 жылдан бастап кәсіподақтар орталығы өзінің жұмысын бастағанын жеткізді. Сөз түйінінде Әсет Серікқалиұлы кәсіподақ мүшелерін кәсіби мерекемен құттықтап, жүрекжарды лебізін арнады.  
Қазіргі таңда облыста 14 салалық кәсіподақ қызмет атқаруда. Сонымен қатар 1118 бастауыш кәсіподақ ұйымдары, 100 мыңнан астам кәсіподақ мүшелері бар. Еңбек жүйесіндегі азаматтардың әлеуметтік жағдайын түзету үшін біраз жұмыс атқарылған. Өз кезегінде сөз алған Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының активтерді басқару дирекциясының бас директоры Қобыланды Мусин үздік кәсіподақ мүшелеріне арнайы  төсбелгі тақты. Келесі болып сахнаға көтерілген облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары Маржан Мұратқызы кәсіподақ мүшелеріне облыс әкімі Амандық Баталовтың құттықтауын жеткізді. Ол өз сөзінде қызметкерлер мүддесін қорғайтын ұйымдардың бұдан да биік белестерді бағындыруына тілектестігін жеткізді. Шара барысында кәсіподақ ардагерлеріне сый-сияпаттар мен гүл шоқтары табыс етіліп, үздік кәсіподақ мүшелері Алғыс хатпен марапатталды. Жыл сайын дәстүрлі түрде атап өтілетін кәсіби мереке Сүйінбай атындағы облыстық филармония әншілерінің концертімен жалғасын тапты. 

Құралбек  СӘБИТОВ

Оқи отырыңыз