Биік белеске жетелейді

Биік белеске жетелейді

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауы ел экономикасын жаңа белеске көтеріп, мол мүмкіндіктерге қол жеткізуге жол ашады. Жолдауда Елбасы агроөнеркәсіптік кешен алдына еңбек өнімділігін түбегейлі арттыру және өңделген өнімнің экспортын ұлғайту жөнінде тапсырмалар беріп, «ақылды технологияларды» өндіріске енгізу қажеттігін атап өтті. Қазіргі уақытта облыстың аграрлық тауар өндірушілері «ақылды технологиялар» элементін өз шаруашылықтарында ұтымды қолдануда. 

Мысалы, «Байсерке Агро» ЖШС-нің тауарлы-сүт фермасының қызметі толық роботтандырылған, «Адал» АҚ-да мал табынын басқару, төлдету, басқа да үрдістер компьютерлік бағдарламамен басқарылады. Ал «Амиран» ЖШС-інде егіс алқабын дистанционды зондтау, типтік жылыжайларда көкөністі топырақсыз өсіру жүйесі енгізілген. Яғни, оларда қоректік заттар қажетті мөлшерде беріліп, ысырапқа жол берілмейді. Десек те бұл жекелеген шаруашылықтардың жетістігі. Мұндай тәжірибелерді шаруашылықтарға енгізу үшін инвестиция тартуды мақсат тұтудамыз. Мемлекеттік реттеуді цифрландыру аясында биыл субсидиялық бағдарламалардың бәрі автоматтандырылды. 
Келесі жылдан бастап электронды аграрлық қолхат пен онлайн сақтандыру жүйесі енгізіледі. Егін шаруашылығы «дәлдік» технологияны» дамытумен байланыстырылған, ал оны электронды егіс картасы, космо және метео мониторингсіз мүмкін емес. Қазір облыста электронды егіс картасын базаландыру жұмысы жүргізілуде. Бүгінде барлық егістіктің 61 пайызы қамтылды. Электронды егіс картасы барлық операцияның есебі мен бақылауын онлайн жүргізу, дақылдың өсуіне кері ықпал ететін зинкестерге шалдығу, жер құнарының төмендеуі, тұздану сияқты кері факторлар сараптамасын уақытылы алу арқылы өндірісті тиімді жүргізуге қажет технология.  
Елбасы Жолдауында көтерілген өзекті мәселенің бірі – жаңа технологияларды трансферттеу және оларды отандық жағдайға бейімдеумен айналысу.  Осыған байланысты картоп сортын жаңарту үшін шетел селекциясынан өнімділігі жоғары «Санте» элиталық тұқымы сатып алынуда. Кластерлік жүйедегі голландиялық «Farm Frites» компаниясы мен отандық «КөктемАгроСервис» ЖШС келешекте Іле ауданынан жылына 70 мың тонна дайын картоп өнімін шығаратын зауыт салу жұмысын жүргізуде. 
Суармалы жерді барынша тиімді игеру үшін биыл 13 ирригациялық нысанға күрделі, 15-не ағымдағы жөндеу жүргізілмек. Бұдан бөлек, 27 нысанның жобалық-сметалық құжатын әзірлеуге облыстық бюджеттен 1,3 млрд. теңге көлемінде қаражат бөлінді. Суару жүйелерін қайта жаңғыртуға Көксу, Алакөл, Ақсу, Ескелді, Панфилов, Ұйғыр аудандары бойынша жобалау-сметалық құжаты әзірленді, бұл 47,7 мың гектар жерді қалпына келтірмек. Қазір бұл жұмыс Ескелді ауданында Ислам даму банкінің қаржыландыруымен басталды. Ал 54 мың гектар жерді қалпына келтіруге қатысты Балқаш, Іле, Жамбыл, Қарасай, Қаратал, Райымбек, Сарқан, Талғар аудандары мен Талдықорған қаласы бойынша жобалау жұмысы жүргізілуде. 
Сарқан ауданында Покатилов, Ақсу ауданында Бүйен, Ұйғыр ауданында Кіші диқан, Тиірмен су қоймаларын қалпына келтіру арқылы айналымға жаңадан 27 мың гектар суармалы жерді қосу көзделуде. Қызылағаш су қоймасы мен су торабы және магистральды арна қалпына келтірілуде. Нәтижесінде 5700 гектар жер айналымға енгізіледі. Ирригациялық дренаждық жүйелерді жаңғырту бағдарламасы аясында екінші кезеңмен 12,5 мың, үшінші кезеңінде 37,2 мың гектарды қамтитын арналар қайта жаңғыртылмақ. Мал шаруашылығында «смарт фермалардың» қатарын көбейту міндеті тұр. Бұл ретте облыстық бюджет пен «Аграрлық Несие Корпорациясы» АҚ қаржыландыруымен 50-200 басқа арналған сүт фермаларын құру жұмысы қолға алынуда. 2021 жылға дейін сүт фермаларының санын 100-ге, қуаттылығын 23 мың басқа кеңейту көзделуде. 
Елбасы Жолдауындағы аграрлық салаға қойылған міндеттің бірі – өңделген ауылшаруашылығы өнімінің экспортын  ұлғайту. Қазіргі уақытта облыстан 33 субъекті әлемнің  69 мемлекетіне өнім өткізуде. Қаңтар мен наурыз айларында 50 млн. АҚШ долларының азық-түлік өнімі экспортталды. Болашақта экспортты ұлғайту үшін етке басымдық беріліп, оған «Трансұлттық компаниялардың» қатысуымен инвестициялық ірі жобаларды жүзеге асыруға қол жеткізілмек. Мысалы, биыл Жамбыл ауданындағы ирандық «Империя Фуд» ЖШС-нің 8 мың, Алакөл ауданындағы «Арқарлы Майбүйрек» ЖШС-нің 15 мың тонна ірі қара етін өңдейтін комбинаттары іске қосылмақ. Оның сыртында Іле ауданындағы Италияның «Gremonini»  компаниясының қатысуымен 25 мың тонна сиыр еті мен Германияның «Бауманн» компаниясымен 30 мың тонна қой етін өңдіретін зауыт салу жұмысы басталады. Бұлар «кластерлік жүйедегі» нысандар, яғни онда бордақылаудан бастап дайын өнімді өткізуге дейінгі тізбек қарастырылған. 
Аталмыш жобалардың қуаттылығын толық қамту үшін мал басы мен өнімділігін арттыру қажеттігі туындайды. Бұл ретте мал тұқымын асылдандыруға зор мән беріледі. Отандық өнімдермен ішкі қажеттіліктің өтелуі зерделенеді. Еттен басқа майбұршақ майын, балық өнімдері мен жаңғақты, балды экспортқа шығару мүмкіндігі зор. Бұл Мемлекет басшысының шикізатты қайта өңдеуді қамтамасыз етіп, әлемдік нарықтарға жоғары сапалы дайын өніммен шығу тапсырмасын орындауға негіз болады. 
Сондықтан алдағы жылдары тамақ өнеркәсібінің 9 бағытын дамытуға мән беріледі. Атап айтқанда олар ет, сүт, жүн, тері, майлы дақылдар, жүгері, жеміс-көкөніс, қант қызылшасы мен картопты тереңдете өңдеу. Бұл бүкіл әлемге танылатын «Қазақстанда жасалған» табиғи азық-түлік брендін қалыптастыруға мүмкіндік береді. Аталмыш шаралар алдағы 5 жыл ішінде агроөнеркәсіп кешеніндегі еңбек өнімділігін және өңделген ауылшаруашылығы өнімінің экспортын кем дегенде 2,5 есеге арттыратын болады. 

Сексембай БЕКІШОВ,
облыстық ауылшаруашылығы басқармасының басшысы

Оқи отырыңыз