Құрылыс қарқын алуы тиіс

Соңғы бес айда елде құрылыс жұмыстарының қарқыны  баяулаған. Сондықтан аталған саланы жандандыруға барынша күш салу керек. Бұлай болмаған жағдайда, құрылысқа деп бөлінген ақша қайтарылып, басқа міндеттерді іске асыруға жұмсалады. Қалай десек те бюджет қаражаты тиімді әрі уақытылы игерілуі қажет. 

Бұл туралы ҚР Премьер-Министрі Бақытжан САҒЫНТАЕВ кезекті Үкімет отырысында бес айдағы әлеуметтік-экономикалық даму мен республикалық бюджеттің орындалуы жөніндегі қорытынды есепті тыңдау кезінде сөз қозғады. Бұдан өзге, жиында елді мекендерді сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін дамыту мен шағын және орта бизнесті цифрландыру мәселелері қаралды.
Жиында мәлім болғандай, елдің әлеуметтік-экономикалық даму үрдісі жаман емес. Барлық салада өсім бар. Десек те атқарылуы тиіс жұмыстар әлі де жетеді. ҚР Ұлттық экономика министрі Тимур       Сүлейменов бес айдағы жалпы ішкі өнімнің өсімі 3,9 пайызды құрап, инфляция 6,2 пайыз деңгейінде белгіленгенін атап өтті. Сондай-ақ, сыртқы сауда айналымы жақсарып, экспорт көрсеткіштері артқан. Жыл басынан бері 134,8 мың адам жұмысқа орналастырылыпты. 
ҚР Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев: «Ұзақ мерзімді несиелендіруді дамыту мақсатында бірқатар шара іске асырылады. Мәселен, таяу жылдары банктер «7–20–25» бағдарламасы аясында 200 млрд. теңгені алып, оны ипотекалық несиелендіруге бағыттайды. Болашақта бұл сома 1 трлн. теңгеге көбейіп, банктердің ипотекалық портфелінің қазіргі көлемін         2 трлн. теңгеге дейін арттырады», – деді. 
Мемлекеттік, республикалық және жергілікті бюджет кірістері бірнеше пайызға артқан. Бұл туралы ҚР Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов мәлімдеді. Бұған пайдалы қазбалар алудан түсімдер көлемінің өскені мен ойын бизнесіне салықтың көбеюі ықпал еткен. Сөйтіп, мемлекеттік бюджет кірістері (трансферттерсіз)        3 290 млрд. теңгені құрап, жоспар асыра орындалған. Бес айдың қорытындысын тыңдаған Үкімет басшысы ауылшаруашылығы мен өнеркәсіп салалары бойынша өсімнің байқалғанын, ал құрылысқа ерекше назар аудару қажет екенін айтып, салаға жауапты лауазымды тұлғаларға тапсырмалар жүктеді.
ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбектің сөзінше, Өңірлерді 2020 жылға дейін дамыту бағдарламасы аясында 2011–2017 жылдары республикалық бюджеттен қомақты қаражат бөлініп, қалалардағы және ауылдардағы сумен жабдықтау және су бұру саласында мыңнан аса жоба іске асырылған. Ал биыл қалалар мен ауылдарда барлығы 338 жобаны іске асыру көзделіп отыр. Өңірлерді дамыту бағдарламасымен бірге сумен жабдықтау және су бұру жөніндегі жобалар «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында іске асырылмақ. 
Осыған байланысты: «Аталған мақсаттарға қол жеткізу үшін Өңірлерді дамыту бағдарламасына келесі бағыттар бойынша өзгерістер енгізу қажет: секторды одан әрі дамытудың жаңа бағыттары, жобаларды қаржыландырудың жаңа тетіктері, индикаторларды өзектендіру», – деді Жеңіс Махмұдұлы.
Аталмыш министрлік су арналары процестерін толық құралдандыру және автоматтандыруды ұсынып отыр. Бұл өндірістік шығын мен судың ысырап болуын бірнеше пайызға төмендетуге мүмкіндік бермек. Соның есебінен жыл сайын қомақты қаражат үнемделеді. Бұдан өзге, заманауи технологияларды қолдана отырып, қолданыстағы желілерді қайта жаңғырту жоспарланған. Қазақстан дамуының Стратегиялық жоспарына сәйкес 2025 жылға қарай орталықтандырылған сумен қамтуға қол жеткізу қалаларда 100 пайыз, ауылдарда 80 пайыз болады деп күтілуде. 
Сонымен бірге сумен жабдықтау және су бұру жүйелері елді мекендерден тыс жерлерде де дамытылмақ. Аталған бағдарлама шеңберінде ҚР Ауыл- шаруашылығы министрлігі топтық су құбырларын салу мен қайта жаңғырту бойынша тұрғындарды ауызсумен қамтуды қарастыруда. Бұл бағыттағы жобаларды іске асыру үшін қомақты қаражат қарастырылып, қазір елде осы бойынша жұмыстар жүруде. 
Мемлекет басшысы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауында «Бір терезе» қағидаты бойынша бизнеске мемлекеттік қолдау көрсету үдерістерін цифрландыруды қамтамасыз ету қажеттігін, сондай-ақ, мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінің интеграциясы «Бір өтініш» қағидаты бойынша жекелеген мемлекеттік қызмет көрсетуден кешенді қызмет көрсетуге көшуге мүмкіндік беретінін атап көрсеткен. Осыған байланысты жүріп жатқан жұмыстар жөнінде ҚР Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов баяндады. Нәтижесінде кәсіпкерлікті өркендету үшін барлық мемлекеттік қызметтер баламасыз түрде электронды форматқа көшірілетіні мәлім болды.

Айгүл БАЙБОСЫНОВА

 

Оқи отырыңыз