Экспорт ел экономикасын көтереді

Экспорт ел экономикасын көтереді

Парламенттің қос палатасында кезекті каникул басталғалы да бірнеше күн өтті. Ел қалаулылары саяси орталықтан алыс аймақтарға ат басын бұрып, шалғай ауылдардың тыныс-тіршілігімен танысуда. Халық өзі сайлаған депутаттарымен қауышып, көкейдегі мәселелерін айтып, ізгі тілектерін де жолдап жатыр. ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Серік ҮМБЕТОВ биылғы сапарында Қапшағай қаласы мен Кербұлақ ауданындағы бірнеше нысанды аралап, өндіріс орындарының жұмысшыларымен кездесті.

Халық қалаулысы сапарының алғашқы күні Қапшағай қаласында салынған «Маревен Фуд Тянь-Шань» ЖШС ғимаратының жұмысымен танысты. Азық-түлік өнімдерін дайындайтын заманауи зауыт келер жылдың Наурыз мерекесінде ресми түрде іске қосылмақ. Оған дейін зауыттың бәсекеге қабілеттілігін арттыру мақсатында бірнеше ауқымды жоспар жолға қойылған. Атап айтқанда, макарондардың сапалы әрі тез дайындалатын түрлерін өндіру, тәбетті ашатын дәмдеуіштер мен тұздықтар әзірлеу – зауыт жұмысшыларының басты міндеті. Сонымен бірге, өнімдер Орта Азия мен Қытай еліне тасымалданбақ. «Зауыттың эскпортқа шығаратын өнімі 70 пайызды құрайды. Сыртқа өнім шығару – Елбасы тапсырмаларының бірі. Экспорт арқылы елдің экономикасы өседі, отандық бренд қалыптасады», – деді депутат.
Зауыт жұмысынан кейін халық қалаулысы Қапшағай жағасындағы демалыс орындарын көрді. Бүгінде Қапшағай жағажайында жеті арнайы демалатын орын бар. Оның біріне жуырда ғана күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген. Бөлінген қаржы да қомақты – 500 миллион теңге.
– Қапшағай қаласы көз алдымызда гүлденіп, күннен-күнге ажарланып келеді. Елбасының Бес әлеуметтік бастамасы бұл қалада толығымен орындалу үстінде деп сеніммен айта аламын. Президент өңірдегі өндіріс орындары мен туризмге ерекше ден қойып отыр. Қапшағай қаласында зауыттар салуға да, туризмді дамытуға да мүмкіндік мол. Тұрғындарға жазғы демалысын көңілді өткізу үшін барлық жағдай жасалған. Шетелдік жағажайлардан бір мысқал да кем емес. Ең бастысы, халық риза, – деді Серік Әбікенұлы.
Түс ауа мәжілісмен Кербұлақ ауданына жол тартты. Табиғаты әсем Күреңбел өлкесінде де келелі істер көп. Алдымен депутат Шоқан Уәлихановтың «Алтынемел» мемлекеттік-мемориалды музейінде болып, құнды жәдігерлермен танысты. Құрметті қонақты жергілікті тұрғындар қуанышпен қарсы алды. Ақ кимешек киген әжелер жеті нан мен құрт ұсынып, дәмнен ауыз тигізді. Ал ақсақалдар халық қалаулысымен қауқылдаса көрісіп, ел ішіндегі жайдарман жаңалықтарымен бөлісті.
Музейде мыңнан астам жәдігер бар. Келген қонақтарға түсінікті болу үшін музей іші бірнеше бөліктерден құралған. Барлық жәдігер қазақтың тұңғыш зерттеушілерінің бірі, көрнекті ғалым Шоқан Уәлихановтың өмір жолымен байланысты. Музей ішінде Шоқан өмір сүрген ғасырдағы саяси-экономикалық жағдай, әлеуметтік-тұрмыстық ахуал жан-жақты қамтылған. Биылдың өзінде музейге келушілер саны 1300-ден асқан. Олардың ішінде Қазақстаннан бөлек Қырғызстан мен Ресейден ағылған туристер саны көп. Жарты жылда 70-тен аса танымдық саяхат ұйымдастырылған.
– Біз бұрын облыста 15 ескерткіш орнатқан едік. Қабанбай, Наурызбай, Райымбек батырлар мен Ақын Сара, Қабылиса, Ескелді би, Нұрғиса Тілендиев сияқты ұлт мақтаныштарына ескерткіш қою арқылы кейінгі ұрпақ санасына сәуле құйдық. Әр буын ескерткіш арқылы тарихи жадын жаңғыртады. Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы осы мақсатта құрылған. Жастар бабалар аманатын ұмытпауы керек. Осындай батыр ұл-қыздардың бейнесінен жас ұрпақ отаншылдық рух дарытады, – деді Серік Әбікенұлы.
Сапар ауыл тұрғындарының ыстық лебіздерімен, талап-тілектерімен тамамдалды. Халық депутаттың жұмысына сәттілік тілеп, бұдан да биіктен көріне беруіне ниеттес екенін білдіріп, ерекше құрметпен шығарып салды.

Қуаныш ТҰНҒАТАР
Қапшағай қаласы
Кербұлақ ауданы

Оқи отырыңыз