Көгілдір отын келер күн жақын

Көгілдір отын келер күн жақын

Біраз жыл бұрын Алматы қаласының маңындағы елді мекендер көгілдір отын­мен қамтамасыз етілсе, 2014 жылы басталған «Алматы – Талдықорған» магис­тральді газ құбырын салу жобасы өткен жылдан бері қарқын алып, бірқатар қауырт шаруа тындырылды. Нәтижесінде, талдықорғандықтар табиғи газдың қызығын жуық арада көргелі отыр. Ол облыс орталығы мен оның маңындағы аудан тұр­ғындарының тіршілігіне серпін беріп, өндіріске өзгеше қан жүгіртеді деп күтілуде. Әсіресе, өңір кәсіпкерлері құбыр газының мазут пен қатты отынға тәуелділіктен құтқарып, сан-салалы кәсіпті өркендетуге жол ашатынына сенімді. Демек, табиғи газдың келуі өлкемізге өзгеше өң кіргізетіндігі анық. Десек те, ауқымды жобаның атқарылуы оңай болған жоқ. Сондықтан осы жобаның жүргізілу барысын тереңірек зерделеп, нақтылы жағдайға талдау жасап көру мақсатында сала мамандарымен пікірлесіп, қатысты мекемелердің жұмыс жағдайымен танысып шықтық.

Облыстық энергетика, тұр­ғын үй-коммуналдық шаруа­шылық басқармасының мәлі­метіне сүйенсек, бүгінде об­лы­сымызда 741 елді мекенде 2 миллионға жуық адам тір­ші­лік етеді. Десе де, қазіргі шарт-жағдай бойынша 473 ел­ді мекенге қоныстанған бір жарым миллион адамды ғана газ­бен қамтамасыз етуге мүм­кін­дік бар. Алдын ала болжам бойынша осы елді мекендерді тұтастай газбен қамту үшін 3,3 мың шақырым газ желісін тарту керек.

Өткен жылдың 1-қаң­та­рын­дағы мәлімет бойынша облысымыздағы 66 елді ме­кен­дегі 359,5 мың адам газ желісіне қосылған. Ал жыл соңына дейін жүргізілген жұ­мыс нәтижесінде табиғи газды тұтынатындар саны 446,6 мың адамға жетіп, газбен қамту салыстырмасы облыс бойын­ша 20,7 пайызға жетті. Ал биыл сол жұмыс жалғасып, 604 мың адам тұратын 98 елді мекенге көгілдір отын келді. Алдағы уақытта жоспарланған 39 елді мекенге газ жетсе облыстың газбен қамту көр­сет­кіші 29 пайызға кө­те­ріледі.

2014 жылы облысымызда «Алматы – Байсерке – Талғар» магистральді газ құбыры тар­тылды. Жоба бойынша, оның ұзындығы 64,4 шақырымды, ал құны 7,8 млрд. теңгені құрады. Осы желі арқылы Іле, Талғар аудандарындағы 10 елді мекен көгілдір отынның қызығын көрді. Сонымен қа­тар, өткен жылы қауырт қолға алынған «Алматы – Тал­ды­қор­ған» магистральді газ құ­бы­рының құрылысы аяқталса, облыстың 3 қала, 7 ауда­нын­дағы 409,8 мың адам табиғи газ­бен қамтамасыз етілетін бо­лады. Бүгінде 260 шақы­рым ұзындықты алып жатқан «Ал­маты – Талдықорған» магис­трал­ьді газ құбырының 240 шақырымы төселген. Сондай-ақ, облыстық бюджеттен «Же­тісу­ОблГаз» ЖШС-іне 3,0 млрд. теңге бөлініп, ауыл­дарды газдандыру мақсатында иге­рілуде. Осы қаржының 2,3 млрд. теңгесі Талдықорған қалаішілік газбен қамту желі­сінің 1-ші кезеңдік жобасын атқаруға жұмсалады. 440,4 млн. теңге Көксу ауданындағы Балпық би, 272,5 млн. теңге Іле ауданындағы Ақши газ қабылдау, тарату пункттерінің құрылыс жұмысына жұмса­лады. Мұнымен қоса өңір­лерге газ желілерін тарту үшін облыстық бюджеттен қо­сым­ша 546 млн. теңге бөлініп, 6 жоба іске асырылуда. Сондай-ақ, облыстық бюджеттен құ­рылыс құны 9,1 млрд. теңгені құ­райтын 15 елді мекенді газ­дандыруға арналған жобаның сметалық құжатын жасауға 345,1 млн. теңге бөлініп отыр.

Өңірлерді газдандыруда Қапшағай газ қабылдау, бөлу стансысының құрылысына ба­са мән берілуде. Аталған ны­санның барлық жоспары «Қап­шағай аймақтық газ желілері» ЖШС-нің қаражатымен жүр­гізілуде. Қазірге дейін 1,6 млрд. теңге инвестиция тар­ты­лып, 63,1 шақырым қалаішілік газ құбырының желісі орна­тылған. Оның 27,0 шақырымы жоғары қысымды, 36,1 шақы­рымы төмен қысымды құбыр­лар. Сонымен қатар, Қапшағай қаласының маңында «Қап­шағай – Байсерке» магист­раль­ді газ құбырын төсеу жұмысы да қыза түскен. Аталған ма­гист­ральдің қала маңындағы құны 4,4 млрд. теңге болатын 44 шақырымына газ құбырын төсеу міндеті келісімшарт негі­зінде «КазТрансГаз» АҚ-ға жүк­телген. Сондай-ақ, жаңа өл­шемге сай қолға алынған Қап­шағай қалаішілік 22 шақы­рым аумаққа d530 санатты жоғары қысымды газ құбырын тарту үшін «Қапшағай ай­мақ­тық газ желілері» ЖШС мен «ЖетісуОблГаз» ЖШС ме­мо­рандумға қол қойды.

Газдандыру жобасы аяс­ын­да шалғай ауылдарды да көгіл­дір отынмен қамту көзделіп отыр. Бүгінгі таңда құны 1,94 млрд. теңге болатын Еңбек­шіқазақ және Панфилов аудан­дарының шалғай елді мекен­дерін газдандыру (Қазақстан – Қытай газ құбыры арқылы) мақсатында салынатын Бәйді­бек би, Шелек, Жаркент газ қабылдау, бөлу пункттерінің құрылыс жобасының сметалық құжат­тамасы дайындалды. Осы­ған орай облыстық әкім­дік, «Каз­ТрансГаз» АҚ және «PL Cоnst­ruc­tion» ЖШС ара­сында үш­жақты меморандумға қол қой­ды. Бұл жобаның сме­талық құ­жатын «PL Cоnst­ruc­tion» ЖШС дайындау үстінде. Жоба жүзеге асқаннан кейін осыған дейін шалғай елді ме­кен­дерді газбен қамтамасыз етіп келген «Же­тісу­ОблГаз» өз міндетін бұдан былай «Каз­ТрансГаз» инвес­тициялық ком­паниясына өткі­зіп бермекші. Демек, облыс ау­мағындағы елді мекендерді газдандыру мәселесі осындай жолдармен қарқынды жүр­гі­зіліп келеді.

Осы ретте облыс орталығы Талдықорған қаласын газ­дан­ды­ру мақсатындағы жұмыс­тарға ерекше тоқтала кеткен жөн. Қаланы газбен қам­та­ма­сыз ету төрт кезеңге бөлініп орындалады. Алғашқы кезекте «Қаратал» шағын ауданы, Абы­лай хан, Жансүгіров, Гауһар ана көшелерінің бойындағы, облыстық аурухана, автобекет және орталық базардың маң­ын­­­­дағы жеке және көп қа­бат­ты тұрғын үйлер, «Тал­ды­қорған» индустриялды ай­мағы мен Оңтүстік өндірістік аймақ газ желісімен қам­ты­лады. Оның жалпы құны 6,3 млрд. теңге, бірінші кезең үсті­міз­дегі жылы іске асады деп күтілуде. Екінші кезекте «Са­мал», «Жас­тар», «Ме­ре­ке­лік» шағын аудан­дары мен Жан­­сүгіров, Жел­тоқ­сан, Қа­банбай батыр, Чка­лов, Белов, Шев­ченко көше­лерінің бойын­дағы жеке және көп қабатты тұрғын үйлерге газ жеткі­зіледі. Жал­пы құны 8,2 млрд. теңге. Үшін­ші кезек­те Өте­най және «Шығыс» шағын ауданы мен Жан­сүгі­ров, Ал­ма­ты, Тілек Әбжалиев кө­шесінің тұрғын­дары көгіл­дір отынға қол жет­кізеді. Жал­пы құны 5,75 млрд. тең­гені құрап отыр. Төртінші кезекте Қара­тал өзенінің бойын­дағы, Ер­кін, Көктал ауыл­дары мен қала маңын­дағы саяжайларға газ жеткі­зіледі. Қазір бұл кезеңдегі жұмысқа кететін 4,6 млрд. тең­ге қаржы Еуро­па­лық банк­пен келісімшарт негізінде шешілуде. Қатысты сала ма­ман­дарының айтуын­ша, Тал­дықорған қаласын газбен қам­тамасыз етудің төрт кезеңдік жобасының 1-ші және 4-ші кезеңіне тиісті қаржы мә­се­лесі шешілген. Демек, екі ке­зең­де газ жет­кізіледі деген ны­сандар жуық арада көгілдір отынның қы­зы­ғын көреді. Ал қалған екі кезеңге қажетті қаржы көзі қарастырылуда. Қалай болған жағдайда да бір-екі жыл көле­мінде облыс ор­талығы тұтас­тай табиғи газ­дың қызығын көретін бо­лады.

Бір қуанарлығы, Есік қа­ла­сында облыстық мәс­лихат­тың бірлескен тұрақты комис­сиясының көшпелі отырысы өтіп, өңірді сұйытылған таби­ғи газбен қамтамасыз ету жұ­мы­сын жалғастырып, Жеті­су жеріндегі инфрақұрылымды дамыта түсу мақсатындағы ұзақмерзімді әрі өзара тиімді ынтымақтастық тағы бір мәр­те бекіді. Меморандум шең­берінде автокөліктерді мотор отынымен қамтамасыз ету жайы да айтылды. Демек, ал­дағы уақытта газбен жүре­тін көліктер саны біздің өңірде көбейетін болады.

Қажет АНДАС

 

 

Оқи отырыңыз