ҮЗДІК ӨНІМ ҮЛГІЛЕРІН ТАНЫСТЫРДЫ

ҮЗДІК ӨНІМ ҮЛГІЛЕРІН ТАНЫСТЫРДЫ

    Облыс әкімі Амандық Баталов бастаған жетісулық делегация Татарстандағы сапарының соңғы күнінде елді мекендердің инфрақұрылымын дамытудың және мемлекеттік-жекеменшік серіктестіктің озық үлгілерімен танысып, ірі өнеркәсіп орындарын аралады.

 

    Елабұға облысының Шурняк елді мекеніне барған қазақстандық өкілдер мұндағы инфрақұрылымды зерделеуге ерекше мән берді. 
    Кент халқының саны – 480 адам. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік бағдарламасы елді мекен тұрғындарын тұрақты жұмыспен қамтуға мүмкіндік беріп отыр. Мәселен, 470 бас ірі қараға арналған мал шаруашылығы кешені бар «Вятские зори» агрофирмасы ауылдың 130 азаматына жұмыс тауып берген. Сонымен қатар, агрофирма маусымына 20 мың тоннадан астам көкөніс өсіріп, өнімін тұтынушыға тікелей жеткізетін ірі өндіріс ошағына айналған.  Ауылда еңбек етуге ниетті жас мамандарды агрофирма баспанамен қамтамасыз етеді. Тұрмысқа жайлы үш бөлмелі  үйлер табиғи газбен жылытылады, бұл баспаналар нәтижелі жұмыс берушіге бюджеттің көмегі есебінен салынған. Ауылдықтар өздерінің мәдени демалыстарын көпфункционалды орталықта өткізеді. Онда ауылдық клуб, кітапхана, балалар шығармашылығын дамыту студиялары, пошта бөлімшесі мен елді мекен әкімшілігі орналасқан. Облыс әкімі мемлекеттік-жекеменшік серіктестіктің мұндай жарқын үлгісін назарға алудың жетісулықтар үшін пайдалы болатынын айтты.  
   Татарстандағы ауылдарды қажетті инфрақұрылыммен қамтудың тағы бір әдісі – фельдшерлік пункт ғимараттарын дайын панельдерден құрау кең өріс алған. Бірнеше күннің ішінде нысан пайдалануға әзір болып, барлық қажетті алғашқы медициналық көмек құралдарымен жабдықталады.  Жалпы соңғы 5 жылда өңірдің бірқатар ауылдарында тәулігіне шамамен 10 адамға дейін қаралатын осындай 23 пункт салыныпты. 
   Набережные Челны қаласының қалақұраушы ірі кәсіпорны, Елабұға ауылының маңындағы «КамАЗ» ЖАҚ ауыр класты жүк көліктерін шығарады. Делегация осы іргелі кәсіпорынның жұмысымен танысуға да мүмкіндік алды. Бұл нысанда 32 мың адам еңбек етеді. Алғаш жұмысын бастаған 1976 жылдан бері 2 миллионнан астам автокөлік шығарған. «КамАЗ» ЖАҚ-тың өнімдері бүгінгі күні әлемнің 40 еліне жөнелтіледі. «КамАЗ» кәсіпорнының зауыттары автокөліктің 40 моделін өндіріп, соның ішінде әлемдік брендтер «Митсубиши» және «Мерседес» автоөнеркәсіптерімен бірлесіп жұмыс істеп келеді. Осы маркалардың жүк көліктері Көкшетау қаласындағы «КамАЗ инжиниринг» компаниясында да жинақталады. Бұл автокөліктер еліміздің ауылшаруашылығы саласында кеңінен қолданылуда. Осыдан екі жыл бұрын кәсіпорын қаладағы қоғамдық көлік қозғалысы үшін электробустар құрастыру ісін бастаған.   
   Сөйтіп, Алматы облысының Татарстанға жасаған сапары барысында инновация, білім беру, өнеркәсіп пен туризм салаларындағы өзара  тәжірибе алмасу жайы кеңінен талқыланып, осы салаларда жетекші саналатын нысандардың үздік үлгілері көрсетілді. Әріптестік байланыстар алдағы уақытта жалғасын тауып, бұл сапар өзінің оң нәтижесін беретініне сенімдіміз.

Сағыныш Намазшамова  

Оқи отырыңыз