ӨСІМ ТӨРТ ПАЙЫЗДЫ ҚҰРАДЫ

   Қаңтар-шілде айларының қорытындысына сәйкес елде жалпы ішкі өнімнің өсімі 4 пайызды құраған. Бұл туралы кезекті Үкімет отырысында жеті айдағы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері жөнінде есеп берген ҚР Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов айтып өтті. Сондай-ақ, бұл жиында республикалық бюджеттің атқарылуы, «Бизнестің жол картасы – 2020» бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасын іске асыру және  ауылдық елді мекендерді кең жолақты интернетпен қамтамасыз ету, 5G және дата-орталықтарды дамыту жобаларының іске асырылуы туралы мәселелер қаралды. 

 

   Жалпы экономикалық өсімге инфляциялық қысымның төмендеуі мен жоғары инвестициялық белсенділік және экономиканың негізгі салаларында оң қарқынның сақталуы әсер еткен. Ал өнеркәсіп өндірісі 5,1 пайызға ұлғайған. Оның өсуіне тау-кен өндіру өнеркәсібі мен мұнай, газ және темір кенін өндіру салалары оң серпін берген. Өңдеу өнеркәсібінің өсу деңгейі 4,9 пайыз. Машина жасау саласының қарқыны да жоғары. Өсім негізінен күрделі өндірістік құрамдауыштары бар салалардың есебінен қамтамасыз етіліп отыр. Яғни, бұл автокөлік жасау, электр жабдықтарын өндіру, электрондық және оптикалық өнімдер өндірісі. Сондай-ақ, химия өнеркәсібі, мұнай өңдеу және металлургия мен қағаз өнімдері өндірісі бойынша да өсім қалыпты. Ауылшаруашылығы өнімдерін өндіру мен қызмет көрсету, сауда, экспорт, импорт салаларының қарқыны да жаман емес. Жыл басынан 297,1 мың адам жұмысқа орналастырылып, жұмыссыздық деңгейі 4,9 пайызды құраған.
– Жалақы бірқалыпты қарқынмен өсуде. Қаңтар-шілде айларында орташа айлық жалақы 157,7 мың теңгені құрды, яғни, 2,3 пайызға, қаңтар-маусым айларындағы нақты ақшалай кірістер 1 пайызға өсті, – деді Тимур Мұратұлы.
Заңды және жеке тұлғалардың депозиттері мен екінші деңгейлі банктер берген несиелер мен сыртқы сауда айналымы өскен. Шілде айында «7–20–25» бағдарламасы ойдағыдай іске қосылған.              ҚР Қаржы министрі Бақыт Сұлтановтың айтуынша, мемлекеттік бюджеттің атқарылуы мен түсім көрсеткіші артқан. Мемлекеттік бюджетке 4,351 трлн. теңге кіріс кіріп, жоспар асыра орындалған. Республикалық бюджет кірістері 104,2 пайызға орындалып, бюджетке 3053 млрд. теңге түскен. Бюджетке түскен салықтар да аз емес. Мұндай өсім негізінен қосылған құн салығы мен экспорттық кеден бажы есебінен қамтамасыз етіліпті.
   ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек Қазақстан арқылы өтетін контейнерлік тасымалдар көлемінің қырық пайызға артқанын мәлімдеді. Құрылыс бойынша нақты көлем индексі 101,3 пайызды құраған. Тұрғын үй құрылысы бойынша «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру жалғасуда. Жыл басынан бері 608 млрд. теңге инвестиция құйылған. Ендігі кезекте «7–20–25» ипотекалық несиелеу бағдарламасы ойдағыдай іске асырылса, жыл соңына дейін тұрғын үй құрылысының жоспарлы көрсеткіші орындалмақ.
ҚР Ауылшаруашылығы вице-министрі Берік Бейсенғалиев:
– Ауылшаруашылығы саласындағы жалпы өнімнің көлемі 3,5 пайызға өсті. Бұған мал шаруашылығы өнімдерінің өндірісін арттыру есебінен қол жеткізіліп отыр. Азық-түлік тауарларын өндіру көлемі 4,4 пайызға жоғары,– деді.
Жиын барысында ҚР Энергетика министрі Қанат Бозымбаев мұнай өнімдері нарығындағы жағдайдың тұрақты, жанар-жағармайдан тапшылықтың жоқ екенін мәлімдеді.
   Жоғарыда аталған мәселелерге қатысты тапсырма берген Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев статистикалық деректерге сәйкес жеті айдың қорытындысы бойынша экономикалық өсімнің 4 пайызды құрап отырғанын айтып, әкімдердің ай сайынғы есептерінде белгілі бір өзгерістердің болмайтынын және талдаудың жоқ екенін назарға салды. Осыған байланысты Бақытжан Әбдірұлы аталған салаларға жауапты министрліктер мен өңір басшыларына ел экономикасының өсімін қамтамасыз ету үшін қажетті шараларды қолға алып, бюджет қаражатын толық игеру бағытында жұмыс жүргізу керектігін тапсырды.
   Сондай-ақ, жиында «Бизнестің жол картасы – 2020» өзектілендірілген мемлекеттік бағдарламасының жобасы мақұлданды. Осы мәселеге қатысты Тимур Мұратұлы мемлекеттік бағдарлама жобасында кәсіпкерлікті қаржылық және қаржылық емес қолдаудың негізгі тетіктерінің сақталғанын атап өтті. Оның ішінде пайыздық мөлшерлемені субсидиялау, несиелер бойынша кепілдендіру, гранттар ұсыну, жетіспейтін инфрақұрылымды тарту, оқыту және бизнеске консультациялық қызметтер көрсету бар. Сонымен қатар, министр аталған бағдарламаны іске асыру қорытындылары туралы баяндады.
– Бағдарламаның іске асырылу сәтінен бастап 165 мың жаңа және жұмыс істеп жүрген кәсіпкер бизнес негіздеріне оқытылды,– деді министр.
   Бағдарламаны іске асыруға 380 млрд. теңге көлемінде қаражат бөлінген. Қолдаудың аталған шараларын іске асыру бағдарлама қатысушыларына 13,5 трлн. теңге сомасына өнім өндіруге, 89 мыңнан аса жұмыс орындарын құруға, 900 млрд. теңгеден аса салық төлеуге мүмкіндік берген. Мәселені қарау барысында Бақытжан Әбдірұлы бүгінде «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы республикадағы кәсіпкерлікке кешенді қолдау көрсетудің маңызды құралдарының бірі болып отырғанын және оның оң нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндіктер туғызып отырғанын айтып өтті.
– Қазіргі таңда Бағдарламаға Мемлекеттік мәртебе берілуде, осылайша ол іске асырудың жаңа деңгейіне өтеді»,– деді Үкімет басшысы.
   Сондай-ақ, ҚР Премьер-Министрі қалалар мен ауылдарды кең жолақты интернетке қолжетімділікпен қамтамасыз етудің уақыт талабы екенін айта отырып, ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігіне мемлекеттік органдармен бірлесіп жылдам интернетпен қамту бойынша шаралар қабылдауды тапсырды.
– Жыл соңына дейін кең жолақты интернетке қолжетімділікпен қамтамасыз етуді бастау керек. Келесі жылы 5G енгізуді біз пилоттық режимде жүргіземіз. Пилоттық режим аяқталған соң түпкілікті шешім қабылданады. Біз ең озық тәжірибелерді зерделедік, оның ішінде Ұлыбритания, Эстония тәжірибелері бар. Деректерді сақтап, өңдеу үшін деректерді өңдеу орталықтарын дамытатын боламыз. Кең жолақты интернетке қолжетімділікті қамтамасыз ету бағдарламасы қатаң бақылауға алынады,– деді ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Асқар Жұмағалиев.
«Қазақтелеком» 2021 жылдың соңына дейін 7 622 927 тұрғыны бар 6212 елді мекенді кең жолақты интернетпен қамтуды көздеп отыр.
   Жиын соңында облыс әкімі Амандық  Баталов селекторлық кеңесте қаралған мәселелерге қатысты ой қорыта отырып, сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді. Амандық Ғаббасұлы әсіресе өңірдегі құрылыс жұмыстарына айрықша ден қойды. Ол өз сөзінде аталған салаға қатысты жұмыстарды сынға алып, ескертпелер жасады. Осыған байланысты әкім «Нұрлы жер», «7–20–25» бағдарламаларын жүзеге асыру, көшелерді жарықтандыру, ауылшаруашылығын жандандыру, бюджет қаражатын тиімді пайдалану секілді мәселелерді назарға алып, осы бағыттағы жұмысты жандандыруға күш салу қажеттігін міндеттеді. 

Айгүл БАЙБОСЫНОВА.

Оқи отырыңыз