ЖОБА МАҚҰЛДАНДЫ

   Кезекті Үкімет отырысында үш мәселе қаралды. Олар жастарды әлеуметтендіру және жұмыспен қамту бойынша жол картасы, күзгі егін жинау жұмыстарының барысы және Астана қаласын дамыту.

 

   Жиында белгілі болғандай, ҚР Қоғамдық даму министрлігі 18 бен 29 жас аралығындағы NEET жастарды, оның ішінде биылғы түлектерді жұмыспен қамту және әлеуметтендіру бойынша жол картасын қабылдау жұмыстарын жүргізген. NEET (Not in education, employment or training) «еш жерде оқымайтын, жұмыс істемейтін және біліктілігін арттырмайтын» деген мағынаны білдіреді. ҚР Қоғамдық даму министрі Дархан Кәлетаевтың айтуынша, Қазақстанда жастарды жұмыспен қамту мәселесі жақсаруда. Оларды әлеуметтендіру және жұмыспен қамту жөніндегі жол картасы (NEET) 7 санаттағы халықты қамту шараларын көздейді. Олар: асыраудағы адамдар, жас әйелдер, фрилансерлер, ауыл жастары, мүмкіндігі шектеулі адамдар, аз қамтылған отбасылардан шыққандар және жастардың бейәлеуметтік топтары (бас бостандығынан айыру орындарынан шыққан, есірткі және ішімдікке тәуелді, оңалтудан өтіп жатқандар). Жол картасы NEET жастарымен кешенді жұмыс жүргізуді талап етеді. 
– Осы ретте біз «Рухани жаңғыру» бағдарламасын негізге ала отырып, жас ұрпақтың әлеуметтік шеттелуін қысқартуға ықпал ете аламыз, – деді Дархан Аманұлы.
   Өз кезегінде ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев елде жастар арасында жұмыссыздық деңгейінің азайғанын мәлім етті. Соңғы жылдары кадрлар даярлау сапасы жақсарған және түлектерді жұмысқа орналастыру көрсеткіші жоғарылаған. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымова ІІ тоқсанның қорытындысы бойынша жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 3,8 пайызды немесе 82,4 мың адамды құрағанын айтып өтті.
   Бұл елдегі жұмыссыздық деңгейінен төмен. Сөйтіп, жастарды әлеуметтендіру және жұмыспен қамту жөніндегі жол картасының жобасы қаралып, мақұлданды. Елорда әкімі Бақыт Сұлтанов Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында әкімдік Кешенді жоспар әзірлегенін сөз етті. Онда белгілі болғандай, құрылыстың 5 перспективалық аймағы анықталған. Көші-қон және туу көрсеткішінің жоғарылауы есебінен халық санының жыл сайын орта есеппен 2,5 пайызға өседі деген болжам бар. Шамамен 2030 жылға қарай 2 миллион адамға жету жоспарлануда. 2023 жылға дейін аумақтарда белсенді құрылыс салу шамамен 10 млн. шаршы метр тұрғын үй енгізілімін қамтамасыз етпек. Сондай-ақ, 121 шақырым жол, екі жолайырығын, үш көпір, бір жол өтпесін, бір тоннель салу және айналма жолды аяқтау жоспарлануда. Сонымен бірге Астана қаласындағы нөсерлі кәріз жүйесін ретке келтіру, жылу электр орталығын кеңейтіп, қайта жаңғырту, қосалқы стансылар салу бағытындағы жұмыстар қарқын алуда. 
   Елорданы газдандыру бойынша бірінші кезеңде 2021 жылға қарай жылу электр орталықтарындағы су жылытқыш және шағын жеке қазандықтарды, сондай-ақ, тұрғын үй алқаптарын газ отынына ауыстыру көзделуде. Бұл зиянды заттар шығарындыларын 30 пайызға төмендетуге мүмкіндік бермек. Есіл өзенінің арнасын жаңғырту, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру, саябақтар мен гүлзарларды көбейту, білім мен денсаулық сақтау нысандарын салу жұмыстары да қарқын алатын болады. 
  Бір сөзбен айтқанда, Астананы дамыту жөніндегі кешенді жоспарды іске асыру қаланың, жалпы ел экономикасын дамытуға оң әсерін тигізбек. 
   Осы мәселе бойынша ой қорытқан ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Астана әкімдігіне және барлық мүдделі мемлекеттік органдарға кешенді жоспардың іс-шараларын уақытылы әрі сапалы орындау қажеттігін айтып, нақты тапсырмалар жүктеді. 
   Бұдан соң ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – ҚР Ауылшаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеев күзгі жиын-терін бойынша хабарлама жасады. Осыған байланысты Үкімет басшысы жауын-шашынның әсерінен негізгі астық егетін өңірлердің өткен жылмен салыстырғанда егін жинау жұмыстарын кешеуілдетіп жатқанын, осыны ескере отырып қазіргі ауа райының жайма-шуақтығын пайдаланып егін жинауды уақытылы аяқтауды міндеттеді.

Айгүл БАЙБОСЫНОВА. 

Оқи отырыңыз