ТӨРТ-АҚ ПӘТЕР: "7-20-25" ТИІМСІЗ БЕ?

ТӨРТ-АҚ ПӘТЕР:

Облыстық әкімдікте ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Қазақстан халқына Жолдауын талқылауға арналған өңірлік актив жиналысы өтті. Жиынды Алматы облысының әкімі Амандық Баталов жүргізді. Отырыста Елбасының халыққа арнаған Жолдауы талқыланып, оның ел болашағы үшін маңыздылығы айтылды. Сондай-ақ, Жолдауды іске асыру барысында жергілікті атқарушы органдардың басшыларына тапсырма берілді. Облыс басшысы экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасына қысқа мерзімде Жолдауды іске асыру барысында шара жоспарын әзірлеуді және бірінші кезекте атқарылатын тапсырмаларды анықтауды жүктеді.

Елбасы Үкіметке 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақыны бір жарым есеге көтеруді тапсырды. Алдағы уақытта табыс көлемі 28 мыңды құрайтындар енді  42 мың теңге жалақы алады. Бұл қуаныш облыстың 100 мыңға жуық халқына тікелей қатысты.  Жолдау облыстағы  41 мың бюджеттік ұйым қызметкерлеріне де серпін сыйлады. Олардың еңбекақысы  орта есеппен 35 пайызға өседі. Орта және шағын кәсіпкерлік - негізгі табыс көзі. Активте  облыс әкімі  «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасын жыл сайын 30 млрд. теңгеге қосымша қаржыландыруды тапсырды. Бағдарлама басталғаннан бері облыс кәсіпкерлерінің 1219 жобасын іске асыру үшін 30,6 млрд. теңге көлемінде қаржылай қолдау көрсетілген. Осының нәтижесінде шағын және орта бизнес құрылымдарының саны 115 мыңнан асып, жергілікті бюджеттегі үлесі бір жыл ішінде 39 пайыздан 53 пайызға  өскен.

Жолдауда үш ауысымдық мектептерді жою туралы айтылғаны белгілі. Біздің облыста 2017 жылы 49 үш ауысымды мектеп  бар еді. Жыл сайын «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында жаңа мектептер салынуда. Бала туу санының артуына байланысты үш ауысымды мектептер қатары қайта өскен. Сондықтан, тағы 34 мектепті жаңалау міндеті тұр.  Жылына облысымыз бойынша 50 мыңға жуық бала дүниеге келеді. Биыл бірінші сыныпқа 46  мыңнан аса  бала барған. Бұл орайда жаңа салынатын 15 мектептің жобалау-сметалық құжатын тездетіп әзірлеу облыс әкімінің бірінші орынбасары Лаззат Тұрлашовқа тапсырылды.  Болашақта салынатын 11 мектептің құжатын дайындау  бүгіннен қолға алыну керектігі айтылды. Облыс әкімінің орынбасары Ақан Әбдуәлиевке жыл соңына дейін «Жетісу» медициналық  ақпараттық орталығын іске қосу тапсырылды. Ел Президенті халықты баспанамен қамту мәселесіне ерекше мән бергені белгілі. Активте тұрғын үй салу үшін жеке инвесторларды тарту, сондай-ақ жеңілдетілген ипотека бойынша алғашқы жарнаны ішінара субсидиялау бойынша тапсырмалар берілді. Жолдауда өмір сүруге жайлы орта қалыптастыруға ерекше мән берілді.  Бұл қолжетімді тұрғын үй, әсем және қауіпсіз аула, сапалы инфрақұрылым. Облыста шамамен 42 мың адам тұрғын үй алу кезегінде тұр. Сондай-ақ,  152 мың адам – жер учаскелерін алуға өтініш берген.

– Бүгінде «7-20-25» бағдарламасы басталды, алайда әлі күнге дейін сатып алушылардың толық пулы қалыптастырылмаған. Екінші деңгейлі банктер  849 млн. теңгеге 73 өтінім ғана қабылдаған, оның 53-і мақұлданып, 4 пәтер берілген. «Нұрлы жер» бағдарламасы шеңберінде жалдамалы және несиелік тұрғын үйлердің салынуы мен берілуін ұлғайту қажет. Облыс әкімінің орынбасарлары Ләззат Тұрлашовқа, Айдарбек Байжановқа тұрғын үй салу үшін жеке инвесторларды тарту мәселесін пысықтау, сондай-ақ жеңілдетілген ипотека бойынша алғашқы жарнаны ішінара субсидиялау бойынша ұсыныс енгізуді тапсырамын, – деді Амандық Ғаббасұлы. Сондай-ақ, аудан әкімдері "7-20-25" бағдарламасы бойынша апта сайын мәлімет беріп отыратын болып шешілді.

Жолдауда  аграрлы аймақта мал, егін шаруашылығын дамытуға күш салу керектігі айтылған. Бұл орайда Елбасының тапсырмасы бойынша, қант қызылшасы, жүгері өсіруге барынша көңіл бөлінуде. Аталмыш дақылдар қайта өңдеуден өтіп, халыққа ұсынылуда. Жиын төрағасы Амандық Ғаббасұлы орынбасары Серікжан Бескемпіровке ауылшаруашылығы саласы бойынша өңірді дамытудың 9 бағыты бойынша бағдарлама әзірлеуді тапсырды. Тапсырма 1 ай көлемінде орындалуы тиіс.

Өмір сүруге жайлы орта қалыптастыруда инфрақұрылым тартудың  атқаратын рөлі зор. Бұл орайда, өңірде бірқатар жұмыстар атқарылған. Облыста  741 елді мекен болса, соның 647-сі орталық су жүйесімен жабдықталған. Көрсеткіш облыс халқының 87,3 пайызы таза ауызсумен қамтылғандығын дәлелдейді.  Өңір басшысы жыл соңына дейін тағы 17 ауыл халқы сапалы ауызсуға қол жеткізіп, қамту деңгейі 89,6 пайызды құрайтынын айтты. Бұл - республикадағы ең үздік көрсеткіш. Елбасы басты құжатта жол мәселесін де назарда ұстауды айтқан еді. Активте жергілікті маңызы бар жолдардың құрылысы мен жөндеуіне жыл сайын 30 млрд. теңгеге дейін қаржы бөлінетіндігі, шара ары қарай да жалғасын таба беретіндігі сөз болды. Алдағы жыл Жастар жылы болып жарияланды. Сонымен қатар, ауылды қолдау барысында  "Ауыл – ел бесігі" арнайы жобасы іске қосылады. Бұл орайда облыс әкімі өзінің орынбасарлары мен білім беру саласының жетекшілеріне аудан, қалаларда балалар, жасөспірімдер бірлестігін құрып, мектептерде әскери-патриоттық тәрбиенің рөлін күшейтіп,  мектеп туризмін қайта жаңғыртуды міндеттеді.

Актив соңында облыс әкімі Амандық Баталов орынбасары Ақан  Әбдуалиевке, облыстық ішкі саясат басқармасына, сондай-ақ, аудан, қала әкімдеріне Елбасының Жолдауын түсіндіру, облыс тұрғындарымен кездесулер өткізу мақсатында  ақпараттық топтар құрып, түсіндіру жұмыстарын жүргізуді және оған ақпараттық қолдау көрсетуді тапсырды.

Гүлжан ТҰРСЫН,

"ЖЕТІСУ"

Оқи отырыңыз