ТАЛДЫҚОРҒАНДА АКТИВ ЖИЫНЫ ӨТТІ

ТАЛДЫҚОРҒАНДА АКТИВ ЖИЫНЫ ӨТТІ

Бүгін Талдықорған қаласының әкімі  Дастан Шалтабаевтың төрағалығымен Елбасының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты биылғы Жолдауын түсіндіру мен насихаттауға және оны жүзеге асыруға арналған актив жиыны өтті.

Оған қалалық мәслихат хатшысы, ауылдық округ әкімдері, депутаттар, партия өкілдері, құқық қорғау органдарының, қалалық басқарма, бөлім басшылары, қоғамдық ұйым мүшелері қатысты.

Күн тәртібіне қойылған мәселе төңірегінде Талдықорған қалалық мәслихатының депутаты Елдар Сапаров, Абай атындағы №1 орта мектептің ағылшын пәні мұғалімі Олеся Кравченко, грек-рим күресінен Азия және ересектер арасында әлем чемпионы Ербол Қоңыратов және «Бағдаулет-Төлепберген» ауылшаруашылық-өндірістік кооперативінің директоры Сәпи Төлепберген баяндама жасады.

Жиын барысында Талдықорған шаһарында  инфрақұрылымды  дамытуға қатысты бірқатар жұмыс қолға алынғандығы айтылды. Бүгінде «Шығыс» шағын ауданында жалпы көлемі 3,7 мың шаршы метрді құрайтын 60 пәтерлі коммуналды үй қолданысқа берілген. Коттеджді қалашықта жалпы көлемі 5,8 мың шаршы метрді құрайтын 12 блокты 48 пәтердің құрылысы жүзеге асырылуда.

Экономика және бюджетті жоспарлау, статистика бөлімдеріне бірлесіп, Талдықорған қаласы бойынша ең төменгі жалақы алушылардың санын есептеп, бюджеттен тиісті қаражат қарастыруды тапсырамын. Сондай-ақ, Талдықорған қаласы әкімінің орынбасарлары Т. Қыдырәлиевке, С.Арзанбековаға,  М.Көлбаевқа Мемлекет басшысының Жолдауында әлеуметтік салаға қатысты  көтерілген тапсырмаларды іске асыруды, жер, сәулет, қала құрылысы, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және басқа да бөлімдерге «7-20-25» бағдарламасын іске асыру үшін тиісті шараларды қабылдауды жүктеймін, – деді Дастан Тұрарбекұлы.

Актив отырысында қала басшысы Жолдау аясында туындаған жаңа тапсырмаларға жан-жақты тоқталды. Аймақтарды дамыту бағдарламасын жүзеге асыру аясында жалпы құны 161,9 млн. теңге құрайтын 4 жоба аяқталды. «Сарыбұлақ», «Алмалы», «Сарыарқа» саяжай қауымдастықтарында жалпы құны 124,1 млн. теңгені құрайтын 21,0 шақырым электр жүйесін қалпына келтіру жұмыстары жүргізілген. «Мерекелік», «Үйтас» саяжай қауымдастықтары мен «Ынтымақ» және тағы басқа жаңа тұрғын үй секторларын ауызсумен, коммуналдық қызметтермен қамтамасыз ету мәселесі шешілуде. Жергілікті маңызы бар және қалаішілік жолдардың құрылысына 3,7 млрд. теңгеге дейін қаржы бөлініп, жөндеу жұмыстары атқарылмақ.

Меруерт МОЛДАҒАЛИЕВА

Оқи отырыңыз