Қалалықтар дән риза

Қалалықтар дән риза

Алматыдағы «Атакент» Қазақстан іскерлер келісім орталығының алдында ауылшаруашылығы жәрмеңкесі өтті. Жетісу өңірінің табиғи таза әрі жоғары сапалы өнімдері саудаланған бұл шараны қалалықтар асыға күтеді. Жәрмеңкеде облыстың 10 ауданы мен Текелі қаласынан жеткізілген 48 түрлі ауылшаруашылығы өнімдері сауда сөрелеріне қойылып, тұтынушыларға ұсынылды.

– Жыл басынан қаланың әр түкпірінде 400-ден астам жәрмеңке өткізілді. Бұған Алматы облысының тауар өндірушілері белсене атсалысуда. Солардың ішінде Қарасай, Жамбыл, Іле, Талғар, Еңбекшіқазақ және Ұйғыр аудандары тұрақты қатысып, белсенділік танытуда. Осы жәрмеңке 4 апта бойы ұйымдастырылады. Алматы қаласының тұрғындарын экологиялық таза әрі сапалы өніммен қамтамасыз етіп отырған облыстық ауылшаруашылығы саласы еңбеккерлеріне ризашылығымыз шексіз, – дейді Алматы қаласы ауылшаруашылығы және ветеринария басқармасының бөлім басшысы Қанат Кәкенұлы.
Алматы қаласы маңында азық-түлік белдеуін дамыту бағдарламасы шеңберінде өткен сенбілік жәрмеңкеде жылқы еті  1500 теңгеден, сиыр еті  1300 теңгеден, қой еті  1100-ден, сары май 1500-ден, сүт  200-ден, картоп пен қырыққабат небәрі  100 теңгеден саудаланып, тұтынушылардың тілегін қанағаттандырды. 
–  Кеген ауданынан жәрмеңкеге 11 түрлі өнім әкелінді. Таулы аймақтағы мал етінің құнарлы болатынын қалалықтар жақсы біледі. Орталық базарлардан 20 пайызға арзан жылқы және сиыр етіне сұраныс жоғары. Тұтынушылар, әсіресе, сапалы картопты сатып алуға арнайы келгендерін айтты. Жәрмеңкеде кегендік кәсіп иелері 405 мың теңгенің жылқы етін, 299 мың теңгенің сиыр етін және 165 мың теңгенің қой етін сатты. Нәтижесінде 1 млн. 102 мың теңгенің өнімі саудаланды, – дейді Кеген аудандық ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Бауыржан Садықов. 
Қалалықтар үшін қолдың майы да таптырмас тағам. Кегендік тауар өндірушілердің бал татитын 90 келі сары майы да әп-сәтте өтті. «Атакентте» өткен жәрмеңкеге қатысқан өзге аудандардың да жеміс-жидек, шұжық, ет, сүт, картоп, қырыққабат, қызылша, пияз, сәбіз, сарымсақ сияқты ауылшаруашылығы өнімдеріне кезекке тұрғандар көп болды. Жәрмеңкеге жеткізілген 240 тонна өнім түске дейін саудаланып кетті. Тауарларын базар бағасынан арзанға ұсынған облыс фермерлеріне қалалық тұрғындар дән риза болды. Көптің көңілінен шыққан жәрмеңке алдағы уақытта да жалғасын табады.

Ұлбосын ИСАБЕК
Алматы қаласы

Оқи отырыңыз