Пайдасы мол түйе сүті

Пайдасы мол түйе сүті

Қазақ халқы әмәнда төрт түлікті қасиетті санап, олар жайлы түрлі ертегі, аңыз-әфсаналар ойлап тапқан. Малсыз өмірлерін көз алдарына елестете алмайтын. Себебі, мал оларға жесе тамақ, кисе киім, жол жүрсе көлік болды. Ал бүгінде заман мүлде өзгерді. Ет жеп, қымыз ішпесек те өмір сүре алар жағдайға жеттік.

Германияға барған бір апамыз ем алу үшін санаторийінде жатыпты. Ол жерде алғашқы күннен бастап-ақ күніне үш рет шұбат беріледі екен. Сонда әжейдің: «Әй, шұбаттан басқа берерлерің жоқ па?», – деген сұрағына «шұбат мың түрлі ауруға ем», деген жауап қайтарылыпты. «Әй, сол шұбат ауылда да бар емес пе, бәленбай мың шақырымды артқа тастап сол үшін келдім бе?» деп әжеміз елге оралады. Шұбаттың қадірін жете білетін еуропалықтар қазір оны қанша қымбат болса да өнімін түйе өсіретін елдерден алады. Ал бағасы біздің теңгемізбен санағанда, мәселен, Қытайда шұбаттың 1 литрі 9 мың теңге. Еуропа елдерінде бұл көрсеткіш екі есеге жуық, яғни 14-15 мың теңгені құрайды. 
Еуропаға барған қазақтар шұбат пен қымызды ішпеуі мүмкін. Өйткені, біздің елде шұбаттың 1 литрі небәрі 600 теңге. Бұл біз үшін қымбат секілді көрінеді. Оған қарағанда, айран ішкенді жөн санаймыз. Әбу ибн Сина адам ағзасына пайдалы шөптердің басым бөлігінің құмда өсетінін айтқан. Ал түйе үнемі құмды, сортаң жерлерде жүреді. Түйе сүтінің құрамында кальций, мыс, темір, магнезий, мырыш секілді микроэлементтермен қатар фосфор, күкірт бар. Қазақ шұбатты түрлі өкпе ауруына пайдаланған. Шетелде оны үш уақыт онкологиялық ауруларды емдеуге қолданады. Ал біздің елдегі ауруханалар оны әзірге пайдаланбай отыр.     
Іле ауданы Күрті ауылдық округіндегі түйе шаруашылығымен айналысатын «Дәулет Бекет» шаруа қожалығына барып қайтқан едік. Қожалық иесі Сыдық Дәулетов Қазақстандағы белгілі кәсіпкерлердің бірі. 
– Әкемнің арғы әкелері Кеңес өкіметі орнап жатқан тұста Өзбекстанға ауа көшті. Мен сол жақта Нөкіс қаласы маңындағы ауылда дүниеге келдім. Бала кезде мені түйенің жабуына орап қояды екен. Содан болар, осы түлікке жақын екенім, – дейді Сыдық аға бізбен әңгімесінде. 
Сыдық аға түйе өсірудің қыр-сырына әбден қанық. Кәсіпкер елге тәуелсіздікке қол жеткізіп жатқан тұста көшіп келіпті. Сол жылдардағы қиындықтарды да халықпен бірге көреді. Мардымсыз айлыққа ұстаның көмекшісі ретінде жұмыс істейді. Кейіннен ол жабылып, тарап кетеді. Сөйтіп, теміржол жағалап, күнкөріс қамымен жүрген кездері де аз болмапты. 
– Түнімен мәнті түйіп, таңертең оны теміржол вокзалдарында саудаладық. Алма сатумен де айналыстым. Сөйтіп, отбасымызбен біржола саудаға бет бұрдық, – дейді ол. 
Бала-шаға бағу қамымен жүргенде әкесі туған өлкеге келгеніне дән риза екенін, бірақ, шұбатсыз өмір сүре алмайтынын айтып, шағымданыпты. Әке сөзін жерге тастамауды ойлаған ұл аздап жиған тиын-тебенге 1995 жылы түйе сатып алады.  
– Әкем бір жыл сүтін ішіп, 1996 жылы өмірден қайтты. Сонда әкем: «балам, түйе шаруашылығымен айналысуды тастама», деп ақ батасын берген еді, – дейді Сыдық аға.  
Содан бері кәсіпкер түйе шаруашылығын өркендетіп, шұбатын нарыққа шығара бастады. Бір түйеден басталған шаруа бүгінде 5 мың түйеге жетті.
Батыста жер тапшылығы бар, климатының сәйкес келмеуінен де түйе ол жақты жерсінбейді. Сол себепті шетелдіктер шұбатты Орта Азиядан тасымалдауға мәжбүр. Түйенің нағыз отаны Азия екеніне ешкім күмән келтірмес. Немістер «Дәулет Бекет» шаруашылығымен келісімге келіп, Күрті даласының шұбатын Еуропа нарығына шығаруды жоспарлап отыр. Осыған орай Күрті даласында 10 гектар жер дайындалып зауыт салу көзделуде. Шұбатты құрғақ сүт күйінде дайындайтын кәсіпорынмен қатар, түйе жүні мен етін өңдейтін өндіріс ошағы ашылмақ. Әрине, мұндай өндіріс орындары ашылып, іске қосылып жатса талай адамның жұмыспен қамтылуына жол ашылатын болады. 
Ауыл ішінде заман талабына сай бой көтерген шипажай бар. Шұбаттың емдік қасиетін білетін жандардың қолқалауымен ашылған бұл орында адамдарға шұбат беріледі. 
– Бірде бізге іші кеуіп, ісіп кеткен науқас келді. Тамаққа мүлде тәбеті жоқ, соған қарамастан қарны үлкен. Әлгі науқас ем-домды шұбат ішуден бастады. Екі-үш күннен соң денесін сары су басқан науқастың беті бері қарап, кепкен іші қайтты,– дейді шипажай қызметкерлері. Бұл жерге жаңа сауылған түйе сүті бірден жеткізіледі.
Сыдық аға ауыл жұрты үшін жақсылық жасаудан жалыққан емес. Мәселен, ауыл бүлдіршіндері үшін екі қабатты балабақша ашты. Онда жасөспірімдерге таңертеңнен бастап шұбат беріледі. «Мектепке жол» бағдарламасы аясында жыл сайын 50 баланы киім-кешекпен қамтамасыз етеді. Сонымен бірге ол жағдайы төмен және көпбалалы отбасыларға да көмектеседі.

Аида КОЖМАМБЕТОВА

Оқи отырыңыз