Қоян да табыс көзі

Қоян да табыс көзі

Қоян өсіру де  көзін тапса кәсіптің бір саласы. Әлем бойынша ұзынқұлақтың жүзге тарта түрі мекендейтін көрінеді. Оны негізінен еті, терісі, түбіті үшін өсіреді. Еті диеталық тағам ретінде қолданылады. Себебі, оның құрамында белок пен дәрумен өте көп. Ал холестерин мүлде болмайды. Терісінен тігілген тондар қай кезде де сәннен түспейді.

Қоян өте өсімтал жануар. Аналығы жылына үш-төрт мәрте төлдеп, алтыдан он төртке дейін, тіпті одан да көп көжек әкеледі. 
Мамандардың пікірінше, олар жиі тамақтануы тиіс. Қоян өсірушілер мұны мықтап ескерулері тиіс. Ғалымдар үй қояны жеті айлығына дейін ядролық қалдықтарды, сондай-ақ, гербицид пен пестицидті бойына сіңірмейтінін дәлелдепті. Гипертония мен тағам аллергиясына шалдыққандарға, ішек  құрылысы мен өт жолдары ауыратындарға таптырмайтын тағам. Әрі иммунитетті көтеретін қасиеті бар. 
Жыл бойы өнім беретін жануардың көл-көсір табыс көзі екенін түсіне бастағандар бұл саланың экономикалық тұрғыдан тиімді екенін айтады. Ел арасында қазір қоян шаруашылығының дамуына үлес қосып отырғандар да табылады. Солардың бірі Бақанас ауылында тұратын Бақтығали Дәуітбаевтар отбасы. Олар біраз уақыттан бері қоян өсіріп, бағып-қағып келеді. Оған біз арнайы барғанда көз жеткіздік. Ұзынқұлақтар үй ауласында бағылады. Шаруаны атқаруға негізінен отағасының ұлдары қолғабыс көрсетуде. Жануарды баптап жүрген балғындар болашақта өз істерінің ұлғайып, жемісін көруді қалайтындықтарын айтады.
–  Қоян бағуға әкеме қолғабыс етемін. Бұған інілерім де көмектеседі. Болашақта жақсы өнім алу үшін әкеміздің айтқанын бұлжытпай орындаймыз. Өйткені, олар үлкен күтімді қажет етеді. Таңертеңгісін тұрып, астын тазалаймыз. Содан соң қажетті азығы мен суын береміз. Осының бәрі уақытылы істелуі тиіс. Сөйтіп, кеш батқанша көзден таса етпей, қояндардың қасында боламыз. Бір қызығы, олар бізді көргенде кәдімгідей секіріп, қуанады. Тағы бір ерекшелігі, өте жылдам өсіп, көбейеді екен. Оны екі-үш күнде-ақ аңғарасыз. Дұрыстап қарасаңыз, көңіл-күйлері де көтеріңкі болады. Осылайша, қоян бағудың қыр-сырын үйреніп келемін, – дейді кәсіпкердің ұлы Бейбарыс Мейрамбек.
Бақтығалидың сөзіне қарағанда, ебін тапқанға бұл шаруа нағыз табыстың көзі болмақ. Осыны ескерген ол «Эко даму» бағдарламасы аясында несие алып, бір миллион теңгеден астам қаражатқа қол жеткізген. Сол ақшаға наурыз айында отыз бас қоян сатып алыпты. Әр айда он қоян балалайды екен. Бұл үрдіс қыс кезінде де жалғасады. Сәуірден бері екі жүзден аса көжек туылған. Олар қазан айында өнім береді. Яғни, алты айға толғанда сойылып, еті тиісті жерлерге жөнелтілмек. Еті мен терісін өткізетін орындар да дайын. 
Алты айлық көжек екі келі ет береді. Ал оның бір келісі екі, екі жарым мыңнан бағаланбақ. Жануарға қажетті азық сатып алынады. Қысқы қоралары да әзір. Кез келген істі бастаудың оңайға соқпайтыны белгілі. Соған қарамастан кәсіпкер бар қиындықты жеңуге тырысуда. Шүкір, нәтижесі жаман емес. Ойға алғандары бірте-бірте іске асып, жеміс беретін күн де жақындаған. Осылайша, отыз қоянмен іс бастаған отбасы қазір кәсіптерінің тасын өрге домалатуда. Алдағы жоспарлары да ұшан-теңіз. 

Айгүл Байбосынова

 

Оқи отырыңыз