ПРЕМЬЕР-МИНИСТР ЖЕТІСУ ЖЕТІСТІКТЕРІМЕН ТАНЫСТЫ

ПРЕМЬЕР-МИНИСТР ЖЕТІСУ ЖЕТІСТІКТЕРІМЕН ТАНЫСТЫ

Көрме кешенінде болған ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев облыс әкімі Амандық Баталовтың баяндауымен өңірдің экономикалық, әлеуметтік даму көрсеткіштерімен, жүзеге асырылып жатқан ірі жобалармен танысып өтті. Елбасы тапсырмасына сай агроөнеркәсіптік кешенді дамыту, «Нұрлы жол», «7-20-25» бағдарламаларының орындалу жайына, жатақхана салу мәселелеріне назар аударды. Бұдан соң жетісулық кәсіпкерлермен кездесіп, емен-жарқын әңгіме өрбітті. Кездесу барысында жергілікті жердегі кәсіпкерлікті дамыту, жеке бастамаларды қолдау жайы сөз болды.

Ірі кәсіпорындар мен ауылшаруашылық бірлестіктерінің жетекшілеріне қарата сөз сөйлеген Премьер-Министр Жетісу жеріне әрдайым қуана келетінін, бұл өлкеде барлық жағынан белсенді, іскер адамдар тұратынын айтты. Елбасының кезекті Жолдауында еліміздің дамуы мен халықтың тұрмысын жақсартуға негіз болатын ең маңызды деген міндеттер белгіленгенін, оны жүзеге асыруда жергілікті кәсіпкерлердің атқарар міндеті зор екенін де атап өтті. Кәсіпкерлер экономиканың тірегі, қолдаушысы екендігін алға тартып, жаңа экономикалық саясат қарапайым нәрсені үнемдеуден, қарапайымнан күрделіге дейінгі ұстанымы бойынша құрылатынын жеткізді. Бұл мақсатқа 2 трлн. теңге қарастырылып отырғанына, оның 600 млрд. теңгесінің болашағы зор экономикалық жобаларға жұмсалатынына тоқталды. Яғни, қаржы бизнес секторларын нақты қолдау үшін жұмсалмақ. Бүгінде шағын және орта бизнесті қолдаудың нақты жобасы жасалған. Оған агроөнеркәсіп толықтай еніп отыр. Сондай-ақ, алынған өнімді қайта өңдеу, Қытайға экспортқа ет шығару да жоспарда бар. Екінші деңгейлі банктер арқылы қаржыландыруда сыйақы мөлшері 8 пайызды құрайды. Бұл өте тиімді шарт.

Кездесу барысында «Атамекен» ҚР ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Эльдар Жұмағазиев, «Алматы бояу» ЖШС директорлар кеңесінің төрайымы Римма Салықова, «Текелі кенді қайта өңдеу кешені» ЖШС директоры Бақыт Шалбаев ойларын ортаға салып, өздерін алаңдатып жүрген кейбір мәселелерді де алға тартты. «Жаркент крахмал-сірне зауыты» ЖШС жетекшісі Закиржан Кузиев аталмыш зауыттың 29 түрлі өнім шығаратынын айта келіп, жұмысшылардың еңбекақасының орта есеппен 114 мың теңгені құрайтынын, алдағы жылдан бастап Елбасының тапсырмасына сай жұмысшылар жалақысын көтеруді көздеп отырғанын жеткізді.

Кәсіпкерлердің айтар сөзін жіті тыңдап, сауалдарына жауап берген Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев Алматы облысында атқарылып жатқан жұмыстарға жан-жақты талдау жасап, қай бағытта жұмысты жалғастыру керектігін тәптіштей жеткізді. Жетісулық кәсіпкерлердің жұмысына толайым табыс тіледі.

***

Сапар барысында ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Талдықорған қаласындағы жетінші шағын ауданда орналасқан № 28 IT мектеп-лицейінде болып, білім саласына жауапты қызметкерлер мен ұстаздар және ата-аналар қоғамдастығының өкілдерімен жүздесті. Кездесу барысында Үкімет басшысы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты халыққа арнаған биылғы Жолдауында білім саласы бойынша көтерген мәселелерді қозғап, оны жүзеге асыру жайын жан-жақты талқылады.

Талдықорған қаласына келіп, мұндағы тың жаңалықтармен танысып жатырмыз. Шаһарларыңыз гүлденіп, айтарлықтай өзгеріпті. Көптеген жаңа нысандар мен көпқабатты тұрғын үйлер бой көтерген. Солардың бірі - заман талабына сай салынған IT мектеп-лицейіне келіп отырмыз, – деп сөз бастаған Бақытжан Әбдірұлы бұдан әрі әңгіме ауанын Елбасы Жолдауында білім саласына байланысты айтылған мәселерге бұрды. Үкімет басшысы өз сөзінде елімізде мектептердің құрылысына деп бөлініп жатқан қаражаттың аз еместігін, білім саласы бойынша мемлекеттік жекеменшік әріптестік негізінде де көптеген жұмыстың жүріп жатқанын әңгімеледі. Сондай-ақ, ҚР Премьер-Министрі балалар мен студенттерге заман талабына сай жоғары деңгейде білім беру, үш ауысымды мектептерді болдырмау, сапалы білім ошақтарын салу, оқу-тәрбиелік үрдістерді цифрландыру, халық көп шоғырланған жерлерге бейнебақылау камераларын орнату, ұстаздар мәртебесі мен жалақысын көтеру, жастарды жұмысқа орналастыру сынды мәселелерге ерекше ден қойды. Сонымен бірге жасөспірімдер арасында суицидті болдырмау және оның алдын алуда қазіргі кезде психолог мамандары қызметінің атқаратын рөлінің тым жоғары екенін айтып түсіндірілді. Бұған қоса, мектеп түлектерінің заман талабына сәйкес мамандықты таңдауға баса көңіл бөлу, осы бағытта колледждердің жұмысын күшейтуге атсалысу, студенттерге арналған жатақханаларды көптеп салуға мән беру қажет екендігі де жан-жақты сөз етілді.

Кездесу барысында Бақытжан Әбдірұлы мен ҚР Білім және ғылым министі Ерлан Сағадиев ұстаздар қауымы мен ата-аналар кеңесі мүшелерінің пікіріне де құлақ асып, көкейлеріндегі ойларын тыңдады. Олардың тарапынан қойылған сұрақтарға тұшымды жауап қайтарды.

Жиын соңында лауазымды тұлғалар сапалы білім беріп, саналы ұрпақ тәрбиелеу, сол арқылы еліміздің өсіп, өркендеп, гүлденуіне үлес қосу – азаматтық борышымыздың бірі екенін және осы бағытта Елбасы берген тапсырмаларды бірлесе атқаруға күш салу қажет екенін айтып, тарқасты. Айта кетейік, заман талабына сай бой көтерген жаңа мектеп қыркүйек айында пайдалануға берілді. Үш қабаттан тұратын білім ошағы 1200 орынға арналған. Соңғы үлгідегі құрал-жабдықтармен де толық жарақтандырылған. Онда елу тоғыз оқу кабинеті, үш шеберхана, екі спортзал, акт залы, кітапхана, асхана, медициналық кабинеттер бар. Мұнда негізінен алтыншы, жетінші шағын аудандарда тұратын балалар оқиды. Дәл қазіргі уақытта мыңнан аса бала білім алуда.

Алма ЕСЕНБАЕВА

Айгүл БАЙБОСЫНОВА

 

 

Оқи отырыңыз