ЖЕТІСУ ҚАНТЫ ҚОСТАНАЙҒА ЖЕТКІЗІЛМЕК

ЖЕТІСУ ҚАНТЫ ҚОСТАНАЙҒА ЖЕТКІЗІЛМЕК

Бүгін Алматы облысының әкімі Амандық БАТАЛОВ арнайы іссапармен Қостанай өңіріне барды. Жетісудың төрінен келген қонақтарды қарсы алған Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов ең әуелі өңірдің тыныс-тіршілігімен таныстырып, өндіріс пен мәдени нысандарды көрсетіп шықты. Қос облыс басшысы бас қосқан жиында екіжақты ынтымақтастықты дамыту туралы меморандумға қол қойылды.

Басқосуда өзендер өрнектеген өлкеде соңғы жылдары қант қызылшасын өсіру жолға қойылғаны айтылды. Елбасының өңірімізге жасаған кезекті іссапарының бірінде түбірі қатты болғанымен дәмі тәтті қант қызылшасын өсіріп, өндірісті дамыту тапсырылғанын, осы орайда өңірдегі шаруа қожалықтарының біразы қант қызылшасымен айналысып жатқаны сөз болды. Содан бері диқандар ащы тердің тәтті дәмін тата бастағаны да әңгіме өзегіне айналды. Бір-бірінен шалғай жатқанымен ынтымақтастық байланыстың жалғаса беретіні де назардан тыс қалмады. Нәтижесінде, Жетісудың құнарлы топырағында өсіп, Ақсу мен Көксу зауытынан шыққан, дәмі тіл үйіретін аппақ қантымыз енді Қостанай облысына жеткізілетін болды. Оған Қостанай қаласындағы «Баян сұлу» кондитерлік фабрикасы қызығушылық танытып отыр. Алдағы уақытта дастарқаныңызда «Баян сұлу» белгісі бар конфет тұрса, Жетісудан шыққан тәтті түбірдің дәмі деп сезініңіз.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"

Оқи отырыңыз