БӨЛІНГЕН ҚАРАЖАТ МАҚСАТТЫ ЖҰМСАЛУЫ ТИІС

БӨЛІНГЕН ҚАРАЖАТ МАҚСАТТЫ ЖҰМСАЛУЫ ТИІС

Талдықорғанда VI шақырылған облыстық мәслихаттың кезектен тыс ХХХVI сессиясы өтті. Жиынға облыс әкімі Амандық БАТАЛОВ қатысты. Сондай-ақ, облыс әкімінің орынбасарлары, облыстық сот, прокуратура, басқармалар мен департаменттердің өкілдері, аудан, қала әкімдері, аудандық және қалалық мәслихат хатшылары қатысты.

Облыстық мәслихат хатшысы Сұлтан Дүйсембіновтың төрағалығымен өткен жиында бірнеше мәселе қаралды. Онда облыстық мәслихаттың 2017 жылғы 15 желтоқсандағы «Алматы облысының 2018–2020 жылдарға арналған облыстық бюджеті туралы» № 26-128 шешіміне өзгерістер мен толықтырулар енгізу, мемлекеттік жекешелік әріптестік жобалары бойынша мемлекеттік міндеттемелерді қабылдау, облыстық мәслихаттың «Алматы облыстық мәслихатының 2015 жылғы 14 желтоқсандағы № 51-288 шешімімен бекітілген «Алматы облысының 2016 – 2020 жылдарға арналған даму бағдарламасын жаңа редакцияда бекіту», Қазақстан Республикасы Үкіметіне Алматы облысының шекарасын өзгерту жөнінде ұсыныс енгізу, облыста әлеуметтік маңызы бар қатынастарының 2019–2021 жылдарға арналған тізбесін айқындау, облыстың кейбір әкімшілік-аумақтық бірліктерін қайта атау, жер қатынастарын реттеу саласындағы жұмыстарды қарау жөніндегі комиссияның дербес құрамын бекіту туралы, облыс әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның дербес құрамын бекіту туралы мәселелер қаралды.

Алғашқы сөз облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Жомарт Әмірхановқа берілді. Жомарт Амангелдіұлы 2018 – 2020 жылдарға арналған облыстық бюджетке өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы шешімнің жобасын ұсынды. Онда белгілі болғандай, облыс бюджетіне қосымша 4,4 млрд. теңге нысаналы трансферттер бөлінген. Оның ішінде газ тасымалдау жүйесін дамытуға 3 млрд., бес үш ауысымды мектептің  құрылысын жалғастыруға 1,1 млрд., инвестициялық салымдар кезінде агроөнеркәсіптік кешен субъектілері шығыстарының бір бөлігін өтеуге 212,8 млн., тілдік курстар бойынша тағылымдамадан өткен мұғалімдерге қосымша ақы төлеуге 56,2 млн. теңге қаражат қарастырылған. Сонымен бірге, нысаналы трансферттер бойынша үнемделген 2,2 млрд. теңге көлеміндегі қаражат республикалық бюджетке қайтарылған. Жергілікті бюджетті нақтылау бойынша алдын ала жасалған есептеулерге сәйкес бюджетке 197 млрд. теңге көлемінде кірістер түседі деп күтіліп отыр. Осыған байланысты салықтық түсімдер болжамын 10 млрд. теңгеге арттыруға ұсыныс енгізілді. Төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі іс-шараларды жүзеге асыруға 289 млн. теңге қарастырылды.

Ал білім беру саласы бойынша қосымша 8 млрд. теңге қаражат бөлу жоспарланған. Денсаулық сақтау саласы бойынша Талдықорған қаласында алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету орталығының ашылуына байланысты медициналық құрал-жабдықтар сатып алуға 15 млн., осы қаладағы көпсалалы аурухананың коммуналдық шығындарына 39,6 млн., азаматтарды елді мекеннен тыс жерлерде емдеу үшін тегін және жеңілдетілген жол жүрумен қамтамасыз етуге 3,5 млн. теңге қарастырылған. Даму бюджеті бойынша республикалық бюджет қаражаты есебінен салынатын денсаулық сақтау нысандарын қоса қаржыландыруға 362,5 млн. теңге бөлінген.

Әлеуметтік көмек және әлеуметтік қамсыздандыру саласына қосымша 187 млн. теңге көзделіп отыр. Мәдениет, спорт, туризм және ақпараттық кеңістік салаларына қосымша 1,1 млрд. теңге қарастырылды. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын дамытуға 3,5 млрд., даму бюджетінің шығындары бойынша 2 млрд., ауыл, орман және жер қатынастары саласының шығындарына 1,7 млрд., көлік және коммуникация саласына 2,9 млрд. теңге бөлу жоспарлануда. Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы бойынша 342 млн. теңге, оның ішінде микрокредиттерге қоса қаржыландыруға 300 млн., кәсіпкерлік негіздерін оқытуға 42 млн. теңге бағыттау көзделіп отыр.

Келесі кезекте Амандық Ғаббасұлы мінберге көтеріліп, сөз сөйледі. Өз ойымен бөліскен облыс басшысы депутаттардың жұмысына оң бағасын бере отырып, шешімін табуы тиіс мәселелерді қозғап өтті. Алдымен білім саласына ден қойған облыс әкімі өңірдегі үш ауысымды мектептерді болдырмау жөніндегі жұмыстарды күшейтіп, осыған күш салу қажеттігін айтты. Бұл жұмысты өркендету бағытында қарастырылып жатқан қаражат көлемінің аз еместігін де алға тартты.

Амандық Ғаббасұлы жиын барысында Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау бағытында «Нұрлы жер», «7–20–25» секілді мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асырудың аймақта әлі де баяу жүріп жатқанын сынға алып, салаға жауапты бірқатар басшыны орындарынан тұрғызып, жауап алды. Облыс әкімі аталған бағдарламаларды уақытылы және сапалы жүзеге асыру үшін осы бағыттағы жұмыстарға ерекше мән беру керектігін тапсырды. Сондай-ақ, ол бөлінген қаражатты жыл соңына дейін мақсатты игеріп, тұрғын үй құрылысына қатысты жұмыстарды жандандыру керектігін міндеттеді. Сессия соңында облыс басшысы өңірде атқарылып жатқан оңды істерге қысқаша тоқталып, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясындағы жұмыстардың айтарлықтай деңгейде жүріп жатқанын тілге тиек етті.

Айгүл БАЙБОСЫНОВА,

"ЖЕТІСУ"

Оқи отырыңыз