ТАРИФТІ КӨТЕРГЕНДЕР ЖАУАПҚА ТАРТЫЛАДЫ

ТАРИФТІ КӨТЕРГЕНДЕР ЖАУАПҚА ТАРТЫЛАДЫ

ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев тарифті заңсыз көтерген монополистерді не күтіп тұрғанын айтты. "Тарифтер туралы айтар болсақ, Мемлекет басшысы өз Жолдауында бұл мәселеге бекер тоқталған жоқ. Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүргізілген әлеуметтік өлшемдер - жоғары тарифтер туралы сұрақтар біздің қоғамның ең өткір және көпті мазалайтын мәселелері екенін көрсетіп отыр", - деді министр.

Министрдің айтуынша, су мен электр энергиясының біздің елдегі бағалары едәуір демократиялық сипатқа ие. «Алайда соңғы жылдары мемлекет монополистерге құлақ асып, барлық инфрақұрылымдарды жаңартуға мүмкіндік беру үшін тарифтерді көтеруді рұқсат еткен еді. Бірақ адамдар ақшаны көп төлей бастағанымен, сапалы өзгерістер болды ма? Міне, бұл Мемлекет басшысы көтерген мәселелердің бірі болды», - деді Дәурен Абаев.

Ол өз сөзінде азаматтарды ең алдымен төлеп жатқан ақшалары қайда кетіп жатқаны алаңдататынын тілге тиек етті. «Президент монополистердің жұмысын тексеруде Бас прокуратураға салмақты карт-бланш берді. Әлбетте, барлық жағдайда 100 пайыз құқықбұзушылықтар тіркелді деп айта алмаймыз. Шынында да, кейбір жағдайларда ақша расында жаңартуға, құрылғыларды сатып алуға жұмсалғаны белгілі. Сол себепті, органдар әрбір жеке кәсіпорынды тексеретін болады. Қандай жағдай болмасын барлық кінәлі адамдар жазасын алып, ал заңсыз шығындалған қаражат қайтарылып, мақсатты пайдалануға жұмсалады», - деді министр "Хабар" арнасына берген сұхбатында.

Еске сала кетсек, Ақордада Қауіпсіздік кеңесінің отырысында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев коммуналдық қызметке тарифтерді заңсыз өсірген табиғи монополияларды жазалауды талап етті.

"ҚАЗАҚПАРАТ"

Оқи отырыңыз