ЖЕМШӨП МОЛ, ҚОРА ЖЫЛЫ

ЖЕМШӨП МОЛ, ҚОРА ЖЫЛЫ

 Ауданда мал қыстату науқаны ойдағыдай жүруде. Оған ала жаздайғы дайындық оң әсерін  тигізді.

– Ауданда жүздеген шаруа қожалығы бар. Олардың жемшөбі уақытылы жиналып, қоралары жөндеуден өткен. Бір сөзбен айтқанда, барлық жағдай жасалған. Малшылардың да күйі жақсы, – дейді аудандық ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы    Ғалым Увалиев. 
Біз Жолбарыс батыр ауылдық округіндегі «Жасұлан» шаруа қожалығының қыстағына келдік. Біз барған сәтте мал дәрігері, ветеринарлық фельдшер Заңғар Қоханов ірі қара малына ауруға қарсы вакцина салып жатыр. Аталмыш қожалықтың басшысы Жасұлан Тасыбаев мал қыстатуға толық дайын екендерін айтты.   Қазіргі таңда малға дәрі егіліп, түрлі аурудың алдын алу шаралары жүргізіліп жатыр. Шаруашылықта 150 бас ірі қара, 600 қой, 60 жылқы бар. Мал қожалыққа қарасты 500 гектар жайылымдық жерде жайылады. Жазда жайлауға шығады. Ал 30 гектар суармалы жерге арпа-бидай, жоңышқа егіліп, мал азығы дайындалады. Егін егіп, жинауға қажет он шақты ауылшаруашылығы техникалары бар. Мұнда үш отбасы мал қыстатып отыр. 
– Биыл орташа салмағы 200-250 келі тартатын 1000 орама шөп жинадық. 40 тонна жемшөп әзірледік. Малдың күйі жақсы, қысқа дайынбыз. Қора да жөнделді, мал қамайтын баз да дайын, – дейді Жасұлан Тасыбаев. 
Шаруашылықта «Арқар-Меринос» ақ қойы өсіріледі. Бір қойдан орта есеппен 5-7 келі жүн алынып, Талдықорған қаласына жылына 3-4 тонна жүн өткізіледі. Етті бағыттағы сиырлар да бар. Қожалықта электр жарығы да сөнбейді, ауызсуға да қолжетімді. Қыстың қамын жазда ойлайтын малсақ жандар бұл жолы да жылдағы тірлігіне қызу кірісті.

А. Өмірбаев
Қаратал ауданы

Оқи отырыңыз