КОММУНАЛДЫҚ ТӨЛЕМАҚЫ АРЗАНДАЙДЫ

КОММУНАЛДЫҚ ТӨЛЕМАҚЫ АРЗАНДАЙДЫ

   Тіл сарайында облыстық әдеп кеңесінің кезекті отырысы өтті. Жиында облыс әкімінің орынбасары Айдарбек Байжановтың «Облыс көлемінде тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласындағы жылу, газ, электр, сумен жабдықталуы және қоқысты жинау мен өңдеу жұмыстарының жергілікті жерлерде ұйымдастырылуы туралы» есебі  талқыланды.

 

   Мінбеге көтерілген Айдарбек Естебекұлы бірінші кезекте күрделі әрі маңызды салалардың бірі тұрғын үй-коммуналдық саласының басты мақсат-міндеттеріне тоқталды.  Халықты ауызсумен, газбен, қатты, сұйық отынмен, электр, жылу қуатымен қамтамасыз ету жұмыстарының орындалуы және барлық мекеме ғимараттарына техникалық-санитарлық тазалық қызметін көрсету аясында атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады.
– Жылу жүйесіне 2010 – 2017 жылдар аралығында 15,5 млрд. теңге бөлініп, 40 жоба іске асты. Биыл 957 млн. теңге болатын 6 жобаны қолға алдық. Құбырлар дер кезінде ауысып тұрады және қайта жөндеу жұмысы да тұрақты жүргізілуде. Ендігі міндет – газға көшу. Барлықтарыңызға белгілі, Талдықорған қаласына газ келді. Тек Талдықорғанға емес, жол-жөнекей 6 ауданға да. Сол арқылы экологиялық жағдай жақсарып, тазарады. Қазір Талдықорған қаласындағы жылу қазандықтары газға ауыстырылмақ, – деді облыс әкімінің орынбасары. 
Ақсу қант зауытының жұмысы қайта жанданды. Соған орай Жансүгіров кентін орталық жылыту жүйесіне көшіру қолға алынуда. 
   Халықты ауызсумен қамту қарқынды жүруде.  Облыс аумағындағы 741 елді мекеннің 647-сі ауызсумен қамтылды. Осы жылы бұл салада 10 млрд. теңге қаржы игерілді. Нәтижесінде облыс еліміз бойынша бірінші орында келеді. Халықтың 90 пайызы ауызсуға қол жеткізсе, шалғай орналасқан және аз үйлері бар жерлердің жағдайы да қарастырылуда.
– Қазіргі таңда облыстағы 473 елді мекеннің 142-сіне газ келді. Қалғанының жобасы әзірленуде. Талдықорған қаласында 3 кезең бойынша жұмыс басталып, екеуі аяқталып, үшіншісі бойынша жұмыс жүруде. Осы орайда тұрғындар тарапынан ескертпелер көптеп түсті. Көшелер қазылған соң жолды қалпына келтірудегі кемшіліктер анықталды. Бәрі реттеліп жатыр, – деген Айдарбек Естебекұлы электр энергиясы саласындағы ауқымды шараларды тілге тиек етті. – «2020 жылға дейін өңірлерді дамыту» бағдарламасы арқылы биыл облыстық бюджеттен 2,1 млрд. теңге бөлініп, Еңбекшіқазақ, Жамбыл, Іле, Көксу аудандары мен Талдықорған қаласында жобалар жасақталып, іске асты. Жел, күн, су энергиясын игеру үшін стансылар салынуда. Елбасының тапсырмасымен «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында Талдықорған қаласындағы 9 тұрғын үй «Е-шаңырақ» интеллектуалдық-ақпараттық жүйесіне қосылып, оларға жылу, жарық және судың ортақ есептеуіш құралы орнатылған. Сол арқылы тұрғындар коммуналдық өтемақыны аз мөлшерде төлеп жатыр. Бұл жұмыс келешекте де жалғасады.
   Облыс әкімінің орынбасары Айдарбек Байжановтың есебінен соң электр энергиясының ортақ тарифі туралы мәселе көтерілді. Баға әлі де болса тұрақталмай жатыр. Облыстық қоғамдық кеңестен комиссия құрылып, аталмыш мәселені егжей-тегжейлі тексеретін болады. Бұқаралық ақпарат құралдары арқылы газға қосылу жолдары, бағасы туралы халыққа түсіндіру жұмыстарын қолға алу қажеттігі сөз болды. 
Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша облыс әкімдігінің «Алматы облысы әкімдігінің 2018 жылғы 31 қазандағы «Субсидиялар көлемдерін бекіту туралы» №510 қаулысына өзгерістер енгізу туралы» қаулысының жобасы бірауыздан қолдау тапты. 

Мәулен ӘНЕРБАЙ. 

 

Оқи отырыңыз