ТАРИФТЕР ТӨМЕНДЕДІ

ТАРИФТЕР ТӨМЕНДЕДІ

   Елімізде бірінші қаңтардан бастап коммуналдық қызметтердің тарифі арзандады. Бұл туралы өңірлік коммуникация қызметінде өткен брифингте сөз болды. 

 

   Шарада облыстық энергетика, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Асқар Кенженов, табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқығын қорғау департаменті басшысының орынбасары Гүлнар Шарапиева және аталған департаменттің бөлім басшысы Айжан Сәрсенбейқызы электр қуатымен, жылумен, сумен жабдықтау мекемелерінің тарифтері төмендегенін баяндады. 
– Табиғи монополия субъектілерінің 2017 жылы тарифтік сметаны немесе инвестициялық бағдарламаны орындау есептерін қарастыру бойынша облыс аумағында 57 субъектінің қызметтері төмендетілді. Ол үшін 1,7 млрд. теңге уақытша өтемдік төлемақы бекітілді. Аталған сома осы бір жылда коммуналдық қызметтердің тарифін төмендету арқылы тұрғындарға қайтарылады. Сонымен қатар, Елбасының тапсырмасы бойынша 36 табиғи монополиялық субъектінің  реттеліп көрсетілетін қызметтерінің уақытша өтемдік тарифі төмендетіліп, оған 672 млн. теңге жұмсалды, – дейді облыстық табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқығын қорғау департаментінің бөлім басшысы Айжан Сәрсенбайқызы.
Мамандардың айтуынша, бір ғана Талдықорған қаласындағы коммуналдық қызметтердің құны 10 пайызға дейін арзандапты. Мысалы, қаланы жылумен жабдықтау мекемелерінің тарифі  қосымша құн салығын қоса есептегенде  1 Гкал жылудың құны 2772 теңгеден 2513 теңгеге төмендеген. Осыған дейін тұрғындар бір текше метр ыстық суға  207,53 теңге төлеп келсе, енді 186,78 теңге шығындайды. Бір текше метр суық судың құны 67,66 теңгеден 61,37 теңгеге арзандады. 
   Жарықты көп пайдаланатындар үшін де жағымды жаңалық бар. Бұрынғы жылы 1кВт жарыққа төлейтін 16,39 теңге енді 14,68 теңгеге ауысып, құны     1, 71 теңгеге арзандады. 
   Бұл жұмыстар әлі де жалғасып жатыр. Осы айдан бастап аудандағы су құбырларының тарифін төмендету шарасы қолға алынбақ. 

Қажет АНДАС. 

Оқи отырыңыз