КӨЛІК КІЛТІ ТАБЫСТАЛДЫ

КӨЛІК КІЛТІ ТАБЫСТАЛДЫ

   Облыс әкімі Амандық БАТАЛОВТЫҢ қолдауымен аймақтың су шаруашылығы саласын жандандыру мақсатында облыстық бюджет есебінен 151 миллион теңге көлемінде қаржы бөлінді. Бұл қаражат аталған саладағы жұмысты жүргізуге қажет алты автокөлік пен алты экскаватор сатып алуға жұмсалды. 

 

   Жаңа жыл қарсаңында облыстық ауылшаруашылығы басқармасының басшысы Мақсұт Жапаров мемлекеттік және коммуналдық су шаруашылығы кәсіпорындарының директорларына аталмыш техниканың кілтін табыс етті.     
– Біз техника алғанымызға өте қуаныштымыз. Осындай игілікті іске мұрындық болып, қол ұшын созған облыс басшысына деген алғысымыз шексіз. Ендігі кезекте жаңа техниканың күшімен жұмысымыз алға басады деген сенімдеміз. Жақсы істер жалғаса берсін!, – дейді өз ойларымен бөліскен су шаруашылығы кәсіпорындарының басшылары. 
Мамандардың ісіне сәттілік тілеген Мақсұт Рамазанұлы жаңа көліктердің алдағы уақытта су шаруашылығы саласындағы жұмыстарды жандандыруға ықпал ететінін және бұл саланы дамытудың ауылшаруашылығына оң әсерін тигізетінін әңгімеледі. 
   Айта кетейік, бүгінде облыстың су шаруашылығы саласын дамыту бағытында бірқатар іс-шаралар атқарылуда. Мәселен, айналымнан шы-  ғып қалған суармалы жерлердің суландыру жүйелерін қалпына келтіру үшін халықаралық қаржы институттарының қаражаты тартылуда. 
   Ағымдағы жылы Ескелді ауданының суару жүйелерін қайта жаңғыртуға Ислам даму банктен 1,5 млрд. теңге көлемінде қаражат тартылды. Келесі жылы мұндай жұмыстарды Ақсу, Алакөл, Көксу аудандарында жүргізу жоспарланып отыр. Сонымен қатар, облыстық коммуналдық меншіктегі апаттық жағдайдағы су шаруашылығы нысандарын күрделі жөндеуге жыл сайын облыстық бюджеттен шамамен 1,5–2,0 млрд. теңге қаражат қарастырылып, жөндеу жұмыстары жүргізіледі.

Айгүл БАЙБОСЫНОВА. 

Оқи отырыңыз