ҚУАНЫШ ЕСЕЛЕНДІ

ҚУАНЫШ ЕСЕЛЕНДІ

   Облыс әкімі Амандық Баталовтың төрағалығымен өткен жиында жеткен жетістіктер айтылып, орын алған кемшіліктер сарапталды. Сондай-ақ, биылғы жылы табысты еселеудің бағыт-бағдары қарастырылды.

 

   Облыс әкімі атап көрсеткендей, жетісулықтар үшін өткен жыл жаман болған жоқ. Қай саланы алып қарасақ та өсу мен өркендеудің белгісі байқалады. Әсіресе, аймақтың ауылшаруашылық саласы толымды табысқа жетті. Өрісте төрт түлік мыңғырып, қант қызылшасы, жүгері, күріш сияқты дақылдардан мол өнім жиналды. Ауылшаруашылық өнімдерін өңдеу саласындағы жетістіктер де аз емес. Іргелі агро- өнеркәсіптік кешендерді айтпағанның өзінде шағын, орта кәсіпорындар өңір тұрғындарының тіршілігіне қан жүгіртті. Осы бағытта құрылған өндірістік кооперативтердің жұмысы жандана түсті. 
   Білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік саладағы жетістіктер де бір төбе. Есігін айқара ашқан білім шаңырақтары, сахнасынан ән мен күй күмбірлеген мәдениет ошақтары, балғындарға күлкі сыйлаған балабақшалар, көпшіліктің ризашылығына бөленген әлеуметтік нысандар жұрт қуанышын еселеді. 
   Тұрғын үй шаруашылығы да жақсы көрсеткіштермен жанданды. Әсіресе, облыс орталығы Талдықорған қаласындағы сәулетіне салтанаты сай жаңа театр ғимараты, коммуналдық, жалдамалы үйлер қаланың сәнін аша түсті. Елбасы тапсырмасымен қолға алынған «7-20-25» бағдарламасы бойынша да байыпты жұмыстар атқарылуда. 
   Спорттағы жетістіктер де көңіл қуантады. Жетісулық спортшылар еларалық, әлемдік додаларда топ жарса, кәсіпкер азаматтар туған жер, өскен елін ұмытпай, туған ауылына Спорт кешенін салып беріп, жерлестерінің спортқа деген қызығушылығын еселей түсті. Туризм саласы үшін де табысты жыл болды. Әсіресе, алакөлдіктер жыл бойы бір миллионнан астам туристі қабылдап, рекордтық көрсеткішке жетті. Қысқасы, әр салада ауқымды жұмыс атқарылып, Елбасы жүктеген тапсырмалар толығымен орындалды.
   Десе де, өткен жылда кейбір кемшіліктер де болды. Жиында облыс басшысы олардың әрбіріне жеке-жеке тоқталып, себеп-салдарын түсіндіріп берді. Сондай-ақ, орынбасарлары мен басқарма басшыларына нақты тапсырмалар беріп, жетістікті жетілдіріп, орын алған кемшіліктерді енді қайталамау керектігін ескертті. 

Қажет АНДАС. 

Оқи отырыңыз