МАЛШЫЛАРДЫҢ АЙЛЫҒЫ - 150 МЫҢ ТЕҢГЕ

МАЛШЫЛАРДЫҢ АЙЛЫҒЫ - 150 МЫҢ ТЕҢГЕ

Кеген ауылынан 20 шақырым жердегі тау бөктерінде тұратын Шырғанақ ауылдық өңіріне қар қалың түскен. Соған орай мұнда күн жып-жылы сезіледі. Ауыл тұрғындары ертелі-кеш малына қарап, алаңсыз шаруасымен айналысуда. Әр үйдің ауласында мая-мая шөп. Ірі қара мен жылқының да қарасы мол.

Біз Шырғанақ ауылдық округінің әкімі Оразбай Бекбатыровтың бастауымен кіші Қарқара ауылының маңына орналасқан «Саламатов» ЖШС-не жол алдық. Серіктестік жетекшісі Ерлан Саламатов шаруашылықтар тұсында қалып қалған кешеннің мал қораларын қайта қалпына келтіріп, жасап алыпты. Мұнда негізінен ет бағытындағы асыл тұқымды Абердин Ангус ірі қаралары өсіріледі. Жергілікті сиырдан әлдеқайде денелі әрі етті. Біз келгенде серіктестік жетекшісі шаруаларымен қалаға кетіпті. Жасай Дәулеткелдіұлы бастаған бірнеше жігіт бұқа сойып жатыр. Арнайы орнатылған көтергіші бар қос бағананың ортасындағы терісі сыпырылған семіз бұқа жарты тонна ет береді екен. Өнім деген, табыс деген осы ғой. Серіктестіктің шырайын кіргізіп тұрған - дәл ет бағытындағы асыл тұқымды ірі қаралар.

– Жағдайымыз жақсы. Айлығымыз - 150 мың теңге. Қасымда тағы үш көмекшім бар. Жемшөп қоры жеткілікті. Бізде 200 бас сиыр, 200 бас бұқа бағылуда. Оның бұзау, таналары бөлек бағылады, – дейді серіктестіктің малшысы Жасай Дәулеткелдіұлы.

Ауылда тұратын азаматтар үшін пайдасы екі есе асыл тұқымды мал өсірумен айналысқаннан артық ештеңе жоқ. Аталған серіктестіктегі биылғы бұзаулары да қоңды. Бәрі бірыңғай қара түсті. Бір сөзбен айтқанда, Ерлан Саламатов басқаратын «Саламатов» ЖШС-нен риза көңілмен аттандық.

                       Қанат БІРЖАНСАЛ

Кеген ауданы

Оқи отырыңыз