ФЕРМЕРЛЕР ОДАҒЫНЫҢ ЕСЕБІ ТЫҢДАЛДЫ

ФЕРМЕРЛЕР ОДАҒЫНЫҢ ЕСЕБІ ТЫҢДАЛДЫ

Ілияс Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайында «Қазақстан фермерлер одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің президенті Әуезхан Дариновтың қатысуымен конференция өтті. Жиынға шақырылғандар алдымен ауылшаруашылығы тауарын өндірушілердің өнімдері қойылған көрмені тамашалады. Айта кетейік, аталмыш одақтың облыстық филиалы бұл конференцияны осымен үшінші мәрте ұйымдастырып отыр.

Қазақстан фермерлер одағы облыстық филиалының төрағасы Ақшабай Керімбеков күн тәртібінде қаралатын негізгі мәселелермен таныстырып, келесі сөзді облыс әкімінің орынбасары Серікжан Бескемпіровке ұсынды. Серікжан Іслямұлы облыста ауылшаруашылығы саласы бойынша орындалып жатқан жұмыстар мен алдағы уақытта іске асырылуы тиіс шаруа жайын баяндап, қол жеткізілген тың табыстарға қысқаша шолу жасады. Аталған саланы өркендету бағытында Үкімет тарапынан жасалып жатқан қолдаулардың да аз еместігі айтылып, ендігі кезекте жұмысты одан әрі жандандыруға күш салу керектігін әңгімеледі.

Бұдан соң ҚФО облыстық филиалы атқарған жұмыстардың есебі тыңдалып, ауылшаруашылығы саласын өркендетудің тетіктері қарастырылды. Жиында осы одақтың бүгінде ауылшаруашылығы саласын дамытуға айтарлықтай үлес қосып келе жатқанды жан-жақты айтылды. Қант қызылшасы, шаруашылықтарды ірілендіру, жер, су, субсидия, техникаға қатысты күрмеуін тарқатуы тиіс мәселелер кеңінен талқыланды. Осыған байланысты егін егіп, мал бағатын шаруалардың талап-тілектері мен мұң-мұқтаждары, ойлары тыңдалып, олардың тарапынан қойылған көкейтесті сауалдарға тұшымды жауаптар қайтарылды. Сонымен бірге, жіберілген кемшіліктер де назарға алынып, алдағы уақытта оны болдырмау жолдары қарастырылды.

Жиында фермерлер тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеп, маңызды мәселелерін дер кезінде жеткізе білсе, одақ тарапынан оларға қажетінше көмек болатындығы әңгіме арқауына айналды. Одақ басшылары осындай мәселелердің оң шешімін табуы үшін айтылған ұсыныс-тілектерді назарға ала отырып, сараптамадан өткізіп, республика деңгейінде шешуді Қазақстан Республикасы Ауылшаруашылығы министрлігіне, одақ басшыларына, ал облыстық деңгейдегі жағдайды жергілікті атқарушы органдардың қаперіне салатынын жеткізді. Сондай-ақ, одақ мүшелерінің санын арттырып, белді ұйымға айналдырудың маңызды тұстары, осы бойынша жұмысты әлі де күшейту керек екені сөз болды.

Ақшабай Керімбековтің айтуынша, бүгінде одақ мүшелерінің саны облыста 1927 фермерге жеткен. Өткен жылы одақ тарапынан облыс бойынша 31339 гектар егістік жер сақтандырылып, апатқа ұшыраған екі шаруашылыққа қаржылай көмек көрсетілген. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дегенді алға тартқан одақ мүшелері қолда бар мүмкіндікті тиімді пайдалана отырып, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара жұмыс істеу керектігін әңгіме арқауына айналдырды. Соңында филиалдың бүгінге дейін атқарған істері оң бағаланып, жұмысты одан әрі жандандыруға бағытталған міндеттері пысықталды.

Жиын соңында алдағы уақытта Астана қаласында өтетін съезге делегаттар сайланып, бір топ еңбек озаттары мен ардагерлер марапатталды.

Айгүл БАЙБОСЫНОВА

Фото - Жұмабай МҰСАБЕКОВ

"Жетісу"

Оқи отырыңыз