Алға озған «Адал» компаниясы

Алға озған «Адал» компаниясы

Санасында сан мәрте қай­нап, не­ше­ме жылдар жүзінде өз қолымен аялай атқарған шар­уасын мынау жиналған жұрт­шы­лыққа барынша кеңінен жет­­кіз­сем деген ой бойын еркін билеген сұңғақ келген, сүй­кімді кейіптегі мұртты жігіт мінберден арналы әңгімесін бай­тақ қозғап тұр. Бұрнағы жылы өндірген сүт өнімдеріміздің көлемі 5 миллиард теңгеден асты деген тұсында, айтары не, ауы­зымыз ашыла таң­ға­лыс­тық. Жетісу түгілі, ел көлемінен мұндай көрсеткішті көрген де, естіген де емеспіз!

Облыс әкімінің халық алдындағы есеп беру жиынында сөз ал­ған сол азамат – «Адал» агроөнеркәсіп компаниясы АҚ бас директоры, елімізде «Бәйтерек» жүйесі бойынша іріктелген биз­нестегі 30 көшбасшының бірегейі  Серік Жол­дасбекұлы Смайылов еді. Кәсіби қызы­ғушы­лығы­мызға басып, тез ара­да жолығуды көздегенбіз өзімен. Бұл жай­басарлықты қой­саңызшы, содан бері де жылдың  жүзі өте шығыпты. Облыс басшысы Амандық Баталов атал­мыш компания негізінде отбасылық тауарлы-сүт фер­ма­сы­ның құралайын деп жат­қан­дығын биылғы ресми кез­десулерде бірнеше рет тілге тиек етті. Қой, ендігі ке­шік­кеніміз жа­рас­пас деп, өзімізді қамшылай жол­ға шыққан бетіміз осы.

Құлақ естігенді

көз көрді

Шыбық тіксең тал болар, қайран Жеті­судың мақпал төсі-ай десеңізші?! Ком­па­нияға тиесілі жердің кер жол жақ бетінен енгеннен-ақ көк кілемдей төселген алқап көз­дің жауын алады. Сол жақ қапталдағы те­рідей жазылған танапта дала аруына ай­нал­ған жүгері дақылы қаулай көтеріліп ке­леді. Бір мезет алдымыздан кәдімгідей ау­мақты көлшік көзге түсті. Таң­даны­сы­мыз­ды аңғара қойған жол бастаушымыз, ке­шегі күні Жетісудың төрт бірдей ауданында бі­рінші басшы болған, бүгінде осы ком­пания бас директорының кеңесшісі ла­уа­зы­мын­дағы Керімтай Таңатарұлы Әб­ді­рах­манов:

– Мал өсірем деген жан ең алдымен оның азығын молынан қамдауы шарт. Жаз­да судың тапшылығына ұрынбас үшін қыс, көктем мезгілдерінде мына тектес көл­шік­терге барынша молынан су қамдап аламыз. Жет­пегенін тиісті су шаруашылығы ме­ке­ме­лерінен келісілген шартқа сай алып оты­рамыз, – деп шаруаның ішкі мәніне кі­рік­тіре түсті.

Облыс әкімі Амандық Баталовтың ар­найы келіп компания жұмысымен таныс­қанын ұжым мүшелері ұмытар емес. Жо­ғары талғаммен тындырылып жатқан тау­дай істерді көргенде дән риза күйге бө­ленген облыс басшысы Серік Смайыловқа түйткілді шаруаларыңыз бар ма деп сауал тастаған-ды. Сонда мега фермаға қатынар жол­дың жанға батып жүргендігі алға тар­тыл­ған. Содан бір ай өтпей жатып қолға алынған әлгі жол құрылысы қазір барша тұр­ғындарды шаттандырып отыр.

Дәл сол жолы Амандық Ғаббасұлы бір тың әңгіменің тиегін былайша ағытқан еді:

– Әдетте ойды ой қозғап жатады емес пе. Маған сіздердің қомақты ферма мен сүт зауыттарыңызды аралаған соң неге шетел­дердегідей үлкен мега фермалардың қа­сы­нан отбасылық фермалар ашпасқа деген идея келіп тұр. Барынша жағдай туғызамыз. Қалай қарайсыздар?

– Басшылық қолдаса біз әрқашанда дайынбыз, – деген еді бірден көп сөзге жоқ Серік Смайылов.

  Сол ферманың  құрылысы қазір қолға алынған. Барынша аз қаражат жұмсау арқылы пайдалануға беру үшін қолдағы бар күш жұмылдырылуда.

– Жалпы, – дейді бұл реттегі өз тұжы­ры­мын шегелей түскен Секең.– Желісті мега фермалар жүйесін қалыптастыру шет­елдерде кеңінен өрістеген. Қазақ елі жағ­дайында мүмкіндік өте зор. Ауыл адамдары еңбекке тартылып, жаңа жұмыс орындары ашылады, салық базасы толығады. Сүт өндіріп, өңдеудің және таратудың клас­тер­лік түріне көшкен біздің жағдайымызда тіптен тиімді. Осындай озық тәжірибені іс­ке асыруымызға жол ашқан Амандық Ғаб­бас­ұлына алғысымыз шексіз. Сол се­бепті де, көпке созбастан жергілікті бір шаруа қо­жалығына тиісті жер бөліп беріп, білек сыбана кірістік. Оның үстіне Үкі­ме­тіміз 2017 жылдан бастап осындай от­ба­сы­лық фермаларға 30 пайыз көлемінде суб­си­дия төлемек.

Бұл – кеңестер уақытындағы іргелі «Ок­тябрь» совхозының аумағы екен. Бер­тін­де Ішкі істер министрлігінің қосалқы шар­уашылығына айналса керек. Ауылдың «Кос­мос» деп аталып жүргені де осы шақ. Жа­сыл желекке малынған елді мекеннің ең­се­­сі биік. Келбетті аула, тіпті ауыл тұр­ғын­да­рының жүзінен бөлекше жинақылық пен та­залық, бөлекше дарқандық аңғарылып тұр­­­ғандай. Кеңсенің тура қасынан ком­па­ния­ның бас маманына екіқабатты үлкен үй тұр­ғызылып жатқандығын көргенде  кө­ңі­лі­­міз тіптен көктем атып, риза күйге бөлене бер­­дік. Сөйтсек, басшылық еңбек­кер­лердің тұр­­мыстық-әлеуметтік жай-күйіне бірінші ке­­зекте мән береді екен. Бүгінгі күні мұнда қыз­­меттік 40 үй қам­да­лыпты. Айына әр от­ба­сы 800 теңге ша­ма­сында электр қуатын ға­­­на төлейді екен. Қал­ғанының бәрі тегін. Бұ­­­ған қоса жайлы жатақхана орын тепкен. Жуықта фермаға таяу жерден кеңсе, сон­дай-ақ мамандарға тағы да бірнеше үй са­лын­бақ.

 – Адамды тек қарым-қабілетіне қарай қыз­­метке тарту керек деп білемін, – деп сө­зін жалғастырды Керекең. – Біздің бас­шы­мыз бұған айрықша мән береді. Сол се­бепті де, бас мамандардың да, орта буын қыз­мет­кер­лердің де сенім үдесінен шық­паған бір­де-бі­рі жоқ.

Бұл әңгіменің ақиқаттығына компа­ния­ның өндірістік бөлімшелерін аралаған тұс­та әбден көз жеткізген едік. Айталық, «Адал­дың» бас инженері Жұмағазы Нү­сі­пов ке­зін­де ауылдық округтің әкімі қыз­ме­тін ұр­шық­ша иірген азамат көрінеді, өзі бы­лай­ша ле­біз білдірді:

– Механизация цехында ең жаңа тех­но­ло­гияға сай техникалар қамдалған. 2005 жыл­­дан бері техникамызды толықтай жа­ңартып алдық. Әр жыл сайын кемінде150 миллион теңгеге жаңа техникалар сатып алы­нады. Қазір 47 тракторымыз бар. Мұ­ны­мен бірге екі жоғары класты трактор жұ­мыс істейді. Өткен жылы немістің сүрлем мен пішендеме салатын бір комбайнын алған едік, тіптен өнімді екен. Ме­ха­н­и­за­тор­ла­рымыз жыл он екі ай жұмысқа тұ­рақ­ты тар­тылады. Ауылдағы шаруаның да­мыл­дайтын ша­ғы негізінде жоқ қой. Алты ме­ха­ни­за­торымызды өз есебімізден оқытып алдық.  Дә­некерлеуші мен токарымыз да бар. Қыс­тың аязы, жаздың аптабы деп жатпаймыз. Бұ­ған жігіттеріміз де ма­шық­та­нып алған. Жалақылары 100-180 мың теңге ара­лы­ғын­да. Мұнымен бірге еңбек де­ма­лысына қоса 20 күндік ақылы демалыс тағы беріледі. Еңбек озаттары «Аққайың», «Ақбұлақ», «Көктем», «Керімағаш» секілді тынығу орын­дарына тегін барып қайтады. Сондай-ақ әр еңбеккерге 1-1.5 тонна шөп, 1 тоннаға дейін жүгері ас­ты­ғы бөлінеді, жұмысқа арнайы көлікпен та­сы­малданып, үш мезгіл тегін ыстық тамақ беріледі.

 Иә, істің тағдырын кадрлар шешеді. Мұндағы мамандар шетінен сен тұр, мен атайынның өздері екен. Бас агроном Сұңғат Тойшыбек те солардың бірі.

– Барлығы 3124 гектар суармалы жеріміз бар, – деп  әңгіме тиегін ағытты ол.–   Алты түр­лі ауыспалы егіс жүйесін жүргіземіз. Был­тыр 6700 тонна астық жинап, 6500 тон­на пішендеме, 7000 тонна сүрлем, 2500 тон­на пішен дайындадық. Алға қойып отыр­ған бас­ты мақсатымыз – суармалы жер­дің әр гек­тарынан 8 тонна жемдік бірлік қам­дал­уына қол жеткізу. Бұл дегеніңіз – әр гек­тар егістіктен  110 центнер жүгері, 40 цент­нер­ден астық, 9 тонна жоңышқа және  35 цент­нер­ден соя жинау деген сөз. Осынау биік ме­жеден көрінуге толық мүмкіндігіміз бар. Оның үстіне алматылық ғалымдармен ты­ғыз қарым-қатынас орнаттық. Қантты сы­пырт­­қыны жүгерімен бірге өсіруді де қолға ал­дық.

Ал енді бас зоотехник Әбу Естаев есімді азамат асыл тұқымды мал өсірудің барысын кеңінен тілге тиек етті. Компаниядағы 2500 ірі қараның 1000 басы сиыр, көздеген меже – алдағы кезеңде бір жыл ішінде 9000  тонна сүт өн­діріп, әр сиырдан 8800 литр сауу. Жергілікті сиырдан Қара ала, Алатау тұқым­да­ры ұс­та­лады. Алғашқы күннен-ақ бұған отан­дық ғалымдар атсалысқан. Қазіргі таңда аме­ри­калық және канадалық ғалымдар тар­тылуда. Мал шетелдік тиімді ұрықтармен ұрық­­тан­дырылады. Сырттан әкелінетін мал­дың жер­гілікті жерге үйренісуі қиын, екін­ші­ден ба­ғасы да аспандап тұр.

Енді біз аттың басын сүт комбинатына бұрған едік. Ауланың ішін айтасыз, сыр­ты­ның өзі мұнтаздай таза. Компания ауылшар­уашылығы саласының басшысы Медетхан Игі­ліков сүт зауыты директоры Гүлзада Са­рыбаева мен өндіріс меңгерушісі Гүлшат Мұхамеджанованы таныстырған соң ішке ендік. Мұнда бәрі автоматтандырылған. 1999 жылдан қолға алынған сүт өңдеу ісі қазір әбден жетілдірілген. Санитарлық-гигиеналық тазалыққа ден қойылған. Ар­найы зертханада тексеріліп, 137 градуста өңделген сүт әп-сәтте картонды тетра­па­кетке құйылу үстінде. Өндіріске адам қолы мүл­дем тимейді екен. Сапаның жоғары болу сы­ры да осында! Бұл араға жуырда тағы да бір итальяндық жүйе әкелінбек көрінеді.

Айлықтары алматылықтардан асып түскен

Мега ферманың еңселі қоралары қаздай тізіліп сонадайдан көз тартады. Сауын сиырларының қорасы кірсе шыққысыз. Қай бұрышқа қарасаңызда тазалық бірден аң­ғарылады. Қолқаңды қабар бөтен иіс се­зіл­мейді. Қораның кіреберісінде жоғарыдан су құйылып тұратын алты астаушаны бай­қа­дық. Әлгілердің іші суға толғанда  фи­зик­а­лық салмағымен бір жағына төңкеріліп, өз­ді­гінен аққан су малдың астын тұрақты шайып тұрады екен. Бұл да шығынсыз тын­дырылатын тапқыштық қой.

Сүт сауу үрдісі компьютерлік жолмен бас­­қарылады. Арнайы бағдарламаларға сәй­кес әр сиырдың мойнына  қарғыбау та­ғыл­ған. Барлық мәлімет соның ішінде көрініс тап­­қан. Сауынға барғанда оқылады. Қанша сүт бер­гендігі, ауру-сырқаулығы, жалпы жай-кү­йі бәрі көз алдыңызда. Көк балауса мен жем кү­ніне тақыл-тұқыл  бес рет беріледі. Сиыр­ларың тура ханшайым дерсің, фер­ма­дағылар даяшы секілді жа­ныңа не керек деп жүгіріп жүргендей се­зі­леді бірінші көрген жанға.

  Сауыншылардың жұмысы бұрынғыдан әлдеқайда жеңілдеген. Тек түйедей сиыр­лар­дың желініне автоматты түтікті жалғаса болғаны, адамның қатысы барынша шек­тел­ген. Бұл  цехта 100 адам еңбек етеді.  Сегіз  адам мың сиырды сауып үлгеріп тұр. Дәл осы арадан сауыншы Шынар Жәкенованы жолықтырдық: «Арамызда жас қыздар да жетерлік, тіпті ерлер де үйреніп жүр сүт саууды. Бұрын бір адам 50 сиыр сауса, қазір 100 сиыр сауамыз. Айлығымыз Алматыға қатынап еңбек етіп жүрген жер­лес­те­рі­міз­дікінен әлдеқайда жоғары. Айына алты күн демаламыз» – деп басшыларға ризалығын қуана жеткізді.

Біз сондай-ақ, бұзаушы Галина Ана­тольевна, техник-ұрықтандырушы Гүлжанат Құнанбаева, бақташы Құрбан Саттаров және басқаларымен аз-кем пікірлестік. Бәрі, жос­парларын асыра орындаған жағдайда, ай­лық­тарының 180-220 мың теңге ара­лы­ғын­да екендігін мақтана айтумен қатар, бас­шы­лықтың сегізінші наурыз, өзге де атаулы ме­рекелерде ақшалай сыйлық пен гүл бе­ре­тіндігін, жыл қорытындысында заттай сый­лықтармен бірге демалыс орындарына жол­да­ма алатындықтарын жамыраса жет­кі­зіп жатты. Бақташы Құрбан болса, Кеңес одағы кезінде жалғыз костюммен жүрген бір өзінде қазір үш костюм-шалбар бар екен­ді­гін мысалға келтіре тұрмыстық жағ­дай­ла­ры­ның қаншалықты көтерілгендігін әзілдей аңғартып қойды. Ауылшаруашылығы ди­рек­торы Медетхан Игіліков аталмыш салада көптеген ұлт өкілдерінен құралған жер­гі­лікті тұрғындардан  250-ге тарта ең­бек­кердің бір атаның балаларындай белсенділік та­нытатындығын, олардың орташа айлығы 120 000-140 000 теңге құрайтындығын алға тартты. Бұл енді – өмір шындығы.

Дайын өнімді таратудың өзі жеке бір өзек­ті жүйеге айналған. Заводтан базаға әке­леді өнімді. Таңғы сағат 4-тен бастап, сал­мағы 3-5 тонналық автокөліктерге тиел­ген түр­лі өнімдер төрт  мың сауда орындары мен мекемелерге жеткізілетін көрінеді. Сау­да өкілдерінің қолдарында планшеттері бар. Сон­да саудалау жайы сайрап тұр. Бас­шылар кең­седе отырып-ақ бақылай береді екен. Со­нымен қатар  Қаскелең, Қапшағай, Ше­лек, Талдықорған қала­ла­рында және Қыр­ғы­з­станда дистрибьюторлар жұмыс іс­тейді. Ком­панияның барлық өндірістік бө­лім­ше­лерімен ішкі байланыс жүйесі ор­на­тыл­ған.

Мал өсірген металлург

Бодандық мезгілдің бір белгісі, Өс­ке­мендегі орта мектептің Серік Жолдасбекұлы оқыған сыныбында екі-ақ қазақ баласы қарайып отырыпты. Намысты кейіпкеріміз мектепті үздік тамамдайды да ғылым кан­ди­даты деген атағы бар  әкесі Жолдасбектің  тәлім-нұсқауымен Алматыдағы Қазақ по­ли­тех­никалық институтының металлургия факультетіне оқуға түседі. Білімге құштар жас талап үшін мұндағы студенттік шақ та жоғары оқу үлгерімі үстінде көзді ашып-жұмғанша өте шықса керек. Респуб­ликалық «Госгортехнадзор» металлургия өнеркәсібін қадағалау жөніндегі бөлімнің аға инженер-инспекторы болып қызмет жолын бастаған дипломды жігіт бір жылдан кейін өзінің туған қаласы Өскемендегі қорғасын-мырыш комбинатына ауысады. Өмірден түйгені көп бас инженер Иван Сергеевичтің болашағың алда, тәжірибеңе де, өсу баспалдақтарыңа да аса қажет болады, аға шеберліктен баста бар шаруаны деген сөзін жерге тастамайды.  Не­сін айтасыз, бар-жоғы 25 жасында ком­би­наттың бас металлургі қызметіне бекітілген оның алдынан ақ жол ашылып сала берген. Батылды бақыт табар дегеніміз осы! Бойын білім кернеген маман ғылымды өндіріспен ұштастыра отырып кандидаттық дис­сер­та­ция жазып тастайды тау қопарғандай қа­лып­та. Онысын қолтығына қысып алып ал енді Мәскеу тартсын.1986 жылдың қыркүйегінде Түсті металдар ғылыми-зерттеу инсти­ту­тының табалдырығынан аттасын. Кейін өзінің ғылыми жетекшісі атанған академик Смирнов аң-таң қалады. «Оу, достым, Одақ­тағы барлық ел-жұрт кандидаттық еңбекті үш жыл іздене оқып жүріп, он жылдың ар жақ, бер жағында әзер қорғайды. Сенің мына әрекетің арыстанның айға шабуымен тепе-тең дүние! Алдымен біздің ғылыми форумдарымызға қатыс, конференцияларда сөз ал. Өзіңді көрсет, дәлелде бойыңда бір­деңке барын». Қазақы қаны маңдайына теуіп тұрған бұған академиктің бұл сөздері әри­не ұнамасы хақ. «Кешіріңіз, нақтылы жауап берсеңіз. Еңбегіммен танысыңыз. Жараса кеңеске салыңыз. Жарамаса оны айт­­қай­сыз!» Мұндай бұлқынысты аке­демиктің кө­те­ре алмасы да рас еді. Дайын тұр­ған ең­бекті оңды, солды сызғылап қолына кері ұс­та­тады ғой. Ғұмырда өзіңнің білім-білігіңе сен­геннен артық не болсын. Елге оралған соң әлгі еңбекті сол қалпында айнытпай кө­шіреді де қайта салып жібереді. Көп ке­шік­пей Мәскеуден ғылыми кеңесте талқылануға рұқс­ат берілді деген хабар да алады. Сол тұста елімізде әйгілі Желтоқсан оқиғасы өткені белгілі. Мәскеудің жалпы қазақ атау­лыға қырын қарауы етек алады. Оның небір қитұрқылы әрекетінің салқыны жас ға­лы­мымызға тиеді. Не керек, табанды жігіт 1987 жылдың қыркүйегінде техника ғы­лым­да­рының кандидаты деген диплом алып барып бір-ақ тыншыған екен. Сол жолы еңбегіне пікір жазған академик Ванюков: «Жігіт, сен жарадың! Біздің тәжірибемізде өн­дірістен қол үзбей жүріп бір жылға жет­пес мезгілде кандидаттық қорғаған сен ға­на­сың!» – деп разы күйде арқасынан қаққан еді-ау!

Өндірісте мейлінше ысылған азамат 1990 жылдан бастап республикалық дең­гейдегі қызметке тартылады. «Казметалл» өндірістік бірлестігіне бөлім бастығының орынбасары болып орналасқан ол келер жылы  КРАМДС «Казметаллэкспорт» жа­нын­дағы «Казметаллэкспорт» фирмасының директорлығына бекітіледі. Одақ ыдырап, экономикалық байланыстар күрделенген тұста республикамыздағы Сыртқы эко­но­микалық байланыс минстрлігі жанындағы  «Казметаллэкспорт мемлекеттік сыртқы сауда компаниясына» бас директор болады. Бұдан соң «Казметаллэкспорт» сыртқы сау­да компаниясы» ААҚ басшылығына та­ғайындалған ол екі жылдан соң «Каз­цинк» ААҚ қаржы және коммерция жөнін­дегі вице-президенті қызметіне ауысып, осы са­ланың негізін қалаушылардың біріне ай­нал­ды. 1999 жылы «Каметек» ССК ААҚ ди­рек­торы қызметінен соң «Адал» АӨК» ЖШС құрған еді. Осындай өрнекті өмір мек­те­бі­нен өткен металлургтың сүт өндіру сал­а­сында да бүгінгідей тың жетістіктерге жетуі әрине заңды құбылыс. Сүйікті ғұ­мыр­лық серігі Мадина Смайылова екеуі па­ра­сатты да ақылды екі қыз тәрбиелеп өсірді.

 

Бәсекеге бәс тігеді

Түбінде ел экономикасының негізгі сал­мағы ауылшаруашылығы саласына тү­се­тіндігін Серік Жолдасбекұлы сол ке­зеңде-ақ іштей терең ұғып еді. Қоғам дамып, ха­лық­тың әл-ауқаты артқан сайын эко­ло­гиялық та­за өнімге деген сұраныстың арта бе­ре­тін­ді­гі табиғи дүние. Тәлімді әкесінің ақылы да бұл бетбұрысына ерен әсер етті. «Балам, бай­қап тұрсың, өтпелі шақтың ауыртпалығы ар­қамызды қаншалықты аяздай қа­ры­ға­ны­мен заман ептеп-ептеп оңалуға бет алған. Жер бетіндегі адамзат атаулының саны бар­ған сайын арта түсуде. Құдайға шүкір, Қа­зақ­стан жағдайында таза азық-түліктің берік қо­рын қамдауға жағдай жетерлік. Адамның бар болмысы, мінез, табиғаты, тіпті жүріс-тұ­рыс, іс-әрекет, сөйлеген сөзіне дейін ішкен та­мағының сапасына тікелей байланысты ғой. Алла тағала Құран Кә­рімнің «Бақара» сүресінің 172-ая­тын­да: «Әй, иман кел­тір­гендер, ризық­та­ры­мыздың жақсысын жең­дер» деп қадап айтуы тегін емес» – деген еді бір жолғы екеуара кеңестің үстінде ақылман әкесі Жолдасбек.

Бірер апта қайшыласқан ойлар тол­ға­нысында жүрген ол, білікті басшы, аудан­ның Құрметті азаматы  Төлеген Есен­ға­ли­ұлы Бабықбаев басшылық ететін байырғы шаруашылықтан бір-ақ шыққан. Елді мекен бірден ұнады өзіне. Елдегі экономикалық қиыншылыққа қарамастан ауылдың ажары бірден көз тартады. Көшелер мен үйлердің айналасы тап-таза, көкке өрлеген ағаштар тегіс әктелген.

Аудан әкімі, марқұм Құдайберген Орым­­бетов көзінде от ойнаған азаматтың ұсы­ны­сын қуана құптады. Тек қын­жыл­та­ры – аталмыш шаруашылықтың еңбекақы мен салық бойынша қарызының 54 мил­лион теңге құрап отырғандығы. Алға тар­тар шарт­тың көкесі де сол, қарызды тез ара­да өтеп берсе болғаны.  Шықпа жаным, шық­па деген шаруашылық, шын мәнінде үзі­лерге шақ тұрған еді. Енді, міне,  тура ертегі­дегі­дей көрініс бел алып, бәріне аяқ асты жан бітті дерсіз. Жаңа қож­а­йын­дар­дың келе­шекке деген кенен ой-жос­пар­ла­рына күн­де­лікті іс үстінде әбден қаныққан, қор­даланып қал­ған жалақыларын алған еңбеккерлердің де екінші тынысы ашылып сала берді дерсіз. Сол өндіріс серпіні содан бергі он жеті жыл бағдар-кеңістігінде бір сә­тке де бәсеңдеген емес десек артық айт­па­ғанымыз.

Секең ауылшаруашылығының ауырт­палығы жетіп-артылады ғой деп жана­шыр­лық танытқандарға ә дегенде-ақ: «Бар мәселе, өз өніміңді өзіңнің өңдеп өткізе білуіңде. Осы ұстаным – менің темір­қа­зы­ғым!» – деп жауап беруші еді. Сол сөзінде бек тұрды. Сүт зауытын қолға алды. Бас­тап­қыда тәулігіне 10 тонна сүт өңдейтін тиісті қондырғыларды көршілес Ресейден ал­дырт­қан-ды. Оның мөлшерлі қуатынан алты-ақ айдың көлемінде асып түсті. Енді қайтпек керек? Уақыт ұттырмастан өзі шет­ел­ге ұшып кетті. Ондағылар мұндай зауыт­ты дат бас­пайтын материалдардан тұр­ғы­за­ды екен. Со­ған бірден келісті. Несін ай­та­сыз, 2003 жыл­дан бастап заманауи тех­но­логиямен тәу­лігіне 20 тонна сүт өнімдерін шығара бас­тады. Шаруа күрт өрге басты. Қар­жылай ах­уал да түзелді. Кластерлік жүйе қалып­тасты. 2008 жылдан соң даму­дың қарқынды жо­лы­на әбден түседі. Осы тұста жалпы ауылшар­уа­шылығын үкі­меттік қол­дау да бастау ал­ған. 10-12 жылға не­сиелеу жолы да тә­жі­рибеге жаратыла бас­тады. Компания 2012 жы­лы ірі көлемде не­сие алып әлемдік та­лап­тарға сай ау­қым­ды қоралар тұрғызуды қол­ға алады. Бұл үр­діс қазіргі таңда да не­гіз­гі өндіріске сал­ма­ғын түсірместен же­місті жалғасын табу үстінде.

Компанияда 2015 жылы 5730 тонна сүт өндіріліп, әр сиырға шаққанда 7234 литр­­ден сүт сауылған. Еліміздің кө­ле­мінде, жер­гі­лікті мал тұқымынан, мұн­дай толағай та­быстың кілтін әзірше еш­кім таба қойған жоқ. Ал енді алдағы ай­қын меже қандай дей­сіз ғой, аман­шы­лық болса 2020 жылға қа­рай мұнда жыл ішінде 9000 тонна сүт өн­діріліп, әр сиыр­дан кемінде 8700-8800 литр сүт сау­ыл­мақ.

Осыншама ілгерілеушіліктің құпиялары неде деген сауалдың табиғатына да дендеп көрдік. Ең бастытысы, сүт өнімдерін өнді­ру­дің кластерлік жүйесінің қалыптасуында. Мал өздерінікі. Әлемдегі сүтті ең көп бе­ре­тін асыл тұқым тарататын бұқалардың ұрық­тары алдырылады. Жемшөп өздерінікі, қа­жеттілік туса мега ферманы айнала  50 шақырым көлемінде жиырмаға дейін отба­сы­лық фермалар құрып, оларды жем­шөп­пен, сауын сиыр, зоотехникалық-мал­дә­рі­гер­лік қызметпен, қажетті техникамен қам­тамасыз етуге қазірдің өзінде толық мүм­кін­дік бар. Сол себепті де, өздері іргелі бір­лес­тік түрінде қайта құрылмақ.

Жергілікті кадрлардың жауап­кер­ші­ліктері өте жоғары. Бәрі де осы арада туып, өскен жандар. Ата-бабаларының асыл мекенінде артық-ауыс сөз келтірмей адал еңбек етуді өздеріне аманат санайды. Та­быс­тың бұл да қайнар көзі.

Міне, осындай еңбек жағдайында, сөз жоқ, өнімнің өзіндік құны да арзандайды. Нарықтың басты заңдылығы бәсеке дейтін болсақ, адалдықтар еліміздегі өздері тектес кез келген кәсіпорынмен бәсекеге бәс тігуге даяр. Әзірге тең келер ешкім жоқ. Бас­­шы­лық таратылатын сүт өнімдерінің ба­ғасын өткен дүйсенбіден бастап 2-3 пайызға тағы да түсірген. Ал бұлармен тайта­ласып кө­ріңіз, дәтіңіз шыдап,  жү­ре­гі­ңіз дауаласа.

Компанияның бірінші басшысынан бас­тап қатардағы еңбеккерлерге дейін есеп пен үнемді назардан әсте шығармайды. Жеті өлшеп, бір кескеннің арқасында тиын­нан теңге құралып, табыстың тай­қа­заны тасып отыр. Кәсіпорында күніне 60-70 тон­на сүт өнімдері өндіріліп, айына 60 мил­лион жалақы таратылады.

Мега фермадағы мал тәулігіне 50 тонна азық жесе, осыған жетеқабыл  мал қиы және шығарылады. Мұның біраз бөлігі әзірше төсеніш ретінде, негізі органикалық тыңайтқыш түрінде пайдаланылуда. Ал­дағы уақытта мал қиын залалсыз энергия көзіне айналдыру ісі қолға алынбақ. Бұдан  алынатын жасыл энергия арқылы жы­лы­жайлар жүйесін дамытуға жағдай туғы­зыл­мақ. Мұның да іс-жоспары күні бұрын қа­растырылып қойылған.

Компанияда ет өндірісі де одан әрі же­тіл­дірілмек. Келешекте сауда орын­дарына «Адалдың» сүт өнімдерімен бірге ет өнім­дері де  таратылмақ. Қазіргі таңда бұқа­ша­лар 14-16 ай мерзім бордақыланып, тірі сал­мағы 450 келіге жеткізілу үстінде. Тәу­ліктік қосымша салмағы 1-1.2 келі құ­рай­ды.

Шіркін-ай, дейсіз ғой дәл бүгінгідей шұғылалы әсер алған сәттерде, осынау құба жонында сағым ойнап, лағыл терілген ендікке саяр ен даламыздың әр өңірінде біздің Серік Смайылов секілді қылаң берер қыр­дағыны дөп басар кемінде он шақты азамат табылып жатса, Қазақ елінің ауылшар­уашылығы байрақты брендімізге, төрт құбыламызға нәр жүгіртер нәсіп кө­зіне айналып кете берер еді-ау! Биік талап, жоғары талғаммен тындырылып жат­қан таудай шаруаның өн бойынан қылаудай да қиғаштық таппайсыз. Өн­дірістің күре тамырындай бүлкілдеп жатқан буын-буынынан ерекше бір үй­ле­сімділік пен  сауаттылықты, мәнді мәдениетті айқын аңғарып беймарал күй­ге енесіз, арқаңыз кеңіп сала береді. Елімізді пұшпаққа жеткізетін де дәл осын­дай ырысты ырғағы бар, көпшілік құлай берілген озық технология, оралымды іс екендігі санаңызға ұялаған сайын тәтті қиялыңыз көкке өрлейді.

   Дана жұртымыз «Жақсы адам – елдің ырысы» демеуші ме еді, ендеше,  хал­қымыздың қазынасына  айналар табанды тұлғалар шоғыры арта бергей!

Әміре ӘРІН

Суреттерді түсірген Дәурен Нұрмұханбетов.

Еңбекшіқазақ ауданы.

Оқи отырыңыз