Түйеқұстың өнімі мол

Түйеқұстың өнімі мол

Кейінгі жылдары Қазақ­стандағы үлкен сауда орын­да­рында сатыла бас­таған түйеқұс етін жерлес­теріміз өндіріп отыр деген­нің өзі жүрекке жылы тиеді. «Көп естігеннен бір көрген артық» дегендей, Еңбек­шіқазақ ауданына барған сапары­мызда Әймен ауы­лын­дағы түйеқұс өсірумен айналы­сатын «Фауна» атты ферма­лық шаруашылыққа бас сұқтық. Басында Бекет­бай Дәуренқұлов ағамыз басқа­ратын шаруашы­лықтағы бойы 3 метрге жуық түйе­құстарды кезік­тіргенде сәл тіксініп қалға­нымыз анық. Өйткені тарихи түп-төркіні Африка мен Австралия құрлығынан өрбитін бұл құс жайлы білетініміз тым аз еді. Әңгіме барысында түйе­құс­тарды шаруашылық мақса­тында пайдалану үшін осы­дан 15 жыл бұрын Қазақ­станға алып келген аталған ұжым қызмет­керлерінен оларды Жетісу төрінде жерсіндірудің оңай­ға түспе­геніне қаныға түстік.

Алдымен бізді аталған шаруа­шылықтың маманы Қуанбай Қай­рат­бекұлы бастап жүріп, құс ферма­сының барлық мән-жайымен таныс­ты­рып шықты. Оның айтуынша, алғаш бетпе-бет келгенде сұсты бо­лып көрінетін бұл құстың пайдасы шаш етектен көрінеді. Бойы 2-3 метр келетін түйеқұс аталығы 100-150 келі ет береді екен. Қауырсыны баскиім, сах­налық костюмдер тігуге пайда­ла­нылса, жұ­мыртқасы мен еті жесең ем, әсіресе, қанқысымы жоғары және қант диабетімен ауыратындарға мың да бір дауа. Сондықтан түйеқұсқа қызығушылық уақыт өткен са­йын артуда. Басын құмға тығып қойып, өзіне төнген қауіп-қатерді елемеуге тырысатын әдеті көпшілікке қызық көрінгенімен, бір қасиеті аса күтімді, қамқорлықты қажет ете бермейді. Әу баста шетелден жүзге жуық түйеқұс  балапанын сатып әкеліп, қазақ дала­сында оны өсіруге болатынын дәлел­деген шаруашылықта бүгінде елуге жуығы бағылып жатыр.

Аталған құсты бағып-баптау ісі де үлкен жауапкершілікті талап ететін көрінеді. Оларға негізінен шөп, жүге­рі, бидай және соя ұны қоспаларынан тұратын азық-түлік беріледі екен. Оған бор мен кальций қосылады. Бір түйеқұс күніне 10 литрге жуық су тұ­тынады. Керекті азық шаруашы­лық­тың өзінде дайындалады. Шаруашы­лықта арнайы жататын, қыздыры­латын, жемдейтін орындар, инкубатор құрылғысы бар. Жазды күні далада емін-еркін жүретін құстарды қысты күні бағатын орындар да заман тала­бына сай жабдықталған. Онда түйе­құстар азықтанатын құрылғылар мен жатын орнын жылытуға арналған пеш орнатылған.

 Фермадағы ересек түйеқұстардың салмағы 160 келіге дейін жетеді екен. Біз көрген балапан деп саналатын­дар­дың салмағы да  осы мөлшерге жете­қа­был. Балапандар тәулігіне 500 грам­нан салмақ қоса отырып, он айлы­ғында 100 келіге жетеді. Екі жасқа тол­ғанда толыққанды түйеқұс сана­лып, жұмыртқалай бастайды.

Негізі түйеқұстың өнім­дері өте пайдалы. Терісі, тұяғы, тұмсығы, еті, жұмырт­қасы, бәрі кәдеге жарайды. Еті мейрамханаларда диеталық тағам ре­тінде ұсынылады. Ал оның терісінің беріктігі піл мен қолтырауынның те­рі­сімен бірдей. Олар негізінен сәуір мен қазан айында жұмыртқалайды. Ол кезде бір түйеқұс аптасына бір-екіден жұмыртқа береді. Бір қызығы, сал­мағы 1,5-2 келе жұмыртқаны қуырып, 12-14 адамды тамақтандыруға болады.

Бүгінде түйеқұс етіне сұраныс жоғары. Жеке шаруашылықта түйе­құстар қыста терең төсеніште, жы­лы­жайларда сақталады, ал жазда та­биғи топырақта жайылымдарда тұ­ра­ды. Түйеқұстардың бөлмесі құрғақ, мүм­кіндігінше ашық, жарық, өте таза және жыл мезгіліне сәйкес келу ке­рек. Егер қандай да бір шарттар сақ­талмаса, онда олар кеткен шы­ғынға сәйкес саны мен сапасы бойынша қажетті өнімді бермейді және оларды өсіру тиімсіз болып есептеледі. 

Айналасы темір тормен қор­шал­ған аулада асыр салып ойнап, тізіле билеп, емін-еркін жүрген түйе­құс­тар­дың жағдайының жақсы екені бірден білінеді. Тіпті адамға үйірсек болып алғандары да көп.  «Фауна» фер­малық шаруашылығы Жетісу жеріндегі түйеқұс өсірумен айна­лы­сатын бірден-бір шаруашылық бол­ған­дықтан  түйеқұстың тіршілігін та­машалап, көріп қайтуға келетін ту­рис­тердің қатары жыл сайын артып келе жатқан көрінеді. Сол қатарда жерлестерімізді айтпағанның өзінде алыс-жақын шетелден, тіпті, Африка елдерінен арнайы келіп, түйеқұс­тар­дың тіршілік етуін көріп қай­та­тын­дар да көп екен. Біз шаруашылыққа барғанда түйеқұсты көруге келген адамдардың көптігіне тәнті болдық. Сол кезде Қостанай қаласындағы Ма­наш Қозыбаев атындағы №23 ор­та мектептің оқушылары да сау ете қал­ды. Олар облысымызда өсіріліп жат­қан түйеқұстарды арнайы көру мақ­­сатында келгенін айтады. 

 «Фауна» шаруашылығы сияқты түйе­құсты жерсіндіріп, шар­уа­шы­лы­ғын дамытып жатқан фермерлердің қатары көбейгенін жаңалықтардан көп көреміз. Ендеше, қа­рапайым азық­пен қо­ректеніп, өнімді мол бе­ретін, шығымы аз, туристік пайдасы мол,  аса қамқорлықты қажет ете бер­мейтін, өнімі қымбат түйеқұсты неге біз де өсіріп көрмеске? Сұраныс бар жерде ұсыныстың қашанда бола­тынын ескерсек, алдағы уақытта бұл бағытта бірталай жұмыстар атқа­ры­лып, түйе­құстың етін күнде болмаса да күнара жейтін уақыт келетін секілді.

Қ. ОМАРАҚЫН.

Еңбекшіқазақ ауданы.

 

Оқи отырыңыз