Қатты тұрмыстық қалдықтардың зияны мен қатері

Қатты тұрмыстық қалдықтардың зияны мен қатері

Қазақ жұрты «Жерұйығы Жетісу» деп әспеттейтін Алматы облысындағы экологиялық жағдай алаңдатарлықтай. Еліміздегі  жердің нәрі – мұнайы сорылып, кені қазылып жатқан өңірлерге қарағанда жағдайымыз біршама тәуір дегенмен,  табиғаттың барлық белдеуі мен таусылмастай көрінген тамашасы орналасқан аймақта да қоршаған ортаны қорғауға, табиғи тепе-теңдікті сақтауға қатысты айтылған, айтылмағаны бар проблемалар жетерлік. Тіпті дабыл қағатын жағдайлар да кездеседі. Мұны қала, ауылда шашылып жатқан қатты тұрмыстық қалдыққа, полигондарда үйіліп қалған тастанды заттарға, бақылаусыз қалған кеніштердің радиациялық қалдықтар үйінділеріне қатысты айтуға болады.  

Алматы облыстық экология департаментінің мәліметі бойынша, облыс аумағына жыл сайын 800 мың тоннаға жақын тұрмыстық қатты қалдық шығарылады. Оның 350 мың тоннасы Алматы қаласының, қалғаны облыс елді мекендерінің еншісінде. Бүгінде облыстағы  жинақталған қалдық көлемі 9 млн. тоннаға жетті. Сондықтан облысымыздағы қатты  тұрмыстық  қалдықтарды қажетке жарату ісі бүгінгі күннің талабынан шығып отыр деп  айта алмаймыз. Әрине, дамыған мемлекеттер сияқты қоқысты керекке жаратып, одан өміріміз бен тіршілігімізге тиімді заттарды өндіретін уақыт та келер. Ондай мүмкіндікке жету үшін жұрт болып жұмылған жөн. Сондықтан тұрмыстық қалдықты қайта өңдеуден бұрын оны есепке алу, жинау, сұрыптау жолын, сондай-ақ, қауіпті қалдықтарды залалсыздандыру, жоюдың әдіс-амалын үйренгеніміз дұрыс. Ол үшін қатты тұрмыстық қалдықтардың өміріміз бен табиғатқа келтірер зияны мен қаупін білгеніміз жөн.
Облыстық экология департаментінің ақпаратына сенсек, өңіріміздегі  741  елді мекенде  жалпы  көлемі  1113,6  гектар  513  заңдастырылған  күл-қоқыс  үйіндісі мен  полигоны бар. Ондағы тұрмыстық  қалдықтарды  жинау  және   тасымалдау міндеті облыстағы   17  мемлекеттік  коммуналдық  кәсіпорын  мен 20  жекеменшік  кәсіпорынға жүктелген. Олар бүгінгі таңда тек  254  елді  мекендегі қоқысты полигондарға тасымалдауға ғана қауқарлы. Осының салдарынан өңірлерде өндірістік және тұрмыстық қалдықтармен айналысу саласындағы заңбұзушылықтар жиілей түскен. 
Мұның себебі – стандарттарды, нормаларды және экологиялық талаптарды сақтамау, өндірістік және тұрмыстық қалдықтарды орналастыру ережесін бұзу, өндірістік және тұрмыстық қалдықтарды жою және залалсыздандыру, есебін жүргізу ережесін орындамауға байланысты орын алуда. Жоғарыдағы кемшіліктерді жою үшін, ең алдымен, аса қауіпті өндірістік және тұтынған қалдықтарды есепке алып, өңдейтін және залалсыздандыратын халықаралық экологиялық талаптарға сай полигондар құрылысын қолға алған дұрыс. 
Қазақстан  Республикасы   Экологиялық  кодексінің  299-бабында  2-сыныпты  қауіпсіз, ірі қатты тұрмыстық  қалдықтар  полигонына қойылатын талаптар көрсетілген. Қарасай  ауданындағы  «PLASMA  Energy  Inc»  ЖШС, «Тазалық-Чистота» ЖШС, Іле  ауданындағы «Қарасу» ЖШС, «Утилит» ЖШС, «МПП  ЖКХ»  ЖШС, «BIO-GARBAGE»  ЖШС, Талғар  ауданындағы  «Тазар»  МКК,  «Эко  Тазарту»  ЖШС,  Алакөл  ауданындағы  «Бағалы  Алакөл», Қапшағай   қаласындағы  «Іскер-Т»  ЖШС, «Туризм и  зона  отдыха»  ЖШС,  Кербұлақ  ауданы  Сарыөзек  кентіндегі,  Ескелді  ауданы  Қарабұлақ   кентіндегі,  Жамбыл  ауданы  Ұзынағаш  ауылындағы  қатты  тұрмыстық  қалдықтар  полигоны ғана осы талапқа сай келеді. 
Экономикасы қарыштап дамып, демографиялық ахуалы әлемді алаңдата бастаған көрші Қытай  елінің  ішкі өзен-көлдері мен су қоймаларын пайдалану салыстырмасының артуы сол елден елімізге ағып кіретін өзендердің су мөлшерін азайтып жіберді. Соның салдарынан өзен аңғарлары қоқыс төгетін заңсыз полигонға айнала бастады. 
 Арыға бармай-ақ қоялық, Алматыға барған сайын жол үстіндегі Қапшағай су қоймасының жағдайын көріп, жүрегің ауырады. Оның үстіне арнасы тартылып, құрғап жатқан өзеншелердің қатары жыл өткен сайын көбейіп келеді. Кейінгі кездері Өзбекстаннан Қазақстанға кіретін өзендердің  ластану деңгейі жоғары. Оған Сыр өзені суының егістікті суаруға жарамайтын деңгейде ластанғаны дәлел бола алады.  Қырғыздан кіретін Шу өзенінің де тазалық жағдайының төмендігі жайлы ғалымдар дабыл қаға бастады. Іле мен Шу өзендеріндегі су көлемінің азаюы, ластануы Балқаш көлінің экологиялық жағдайын бүлдіре бастады. Оның зардабы Жетісу жеріндегі бай табиғатқа тиіп жатыр.
Алматы облысындағы экологиялық жағдайға талдау жасағанда дәл қазіргі кезде облыс тұрғындарының 50 пайызы тазалығы мен сапасы, пайдасы жағынан қойылатын талаптардың біразына сәйкес келмейтін ауызсуды тұтынып отырғанын білуге болады. Жылдам өріс алып бара жатқан жерасты суларының ластануы таза ауызсу көздерінің азаюына  әкеліп соқтыруда. Оған бей-берекет төгілген тұрмыстық қалдықтар араласып, адамзаттың денсаулығын мейлінше улап жатырмыз. Тіпті, тұрғындар жол бойындағы ұңғымаларды күл-қоқыс төгетін полигонға айналдырып алыпты. Жолшыбай көлікпен өтіп бара жатып, қолындағы целлофанын лақтыра салатын мәдениетсіздікті тежейтін бірде-бір ұнамды шараны көріп тұрған жоқпыз. Ал, облыс бойынша бұдан басқа қаншауы бар, санын тап басып айту қиын. Сонымен бірге Ұйғыр ауданындағы Шонжы – Қалжат трассасының бойындағы ыстық су көздері орналасқан жер түгелімен жекеменшікке беріліп, көптеген  демалыс-сауықтыру орындары салынып кеткен. Ағыл-тегіл, еш бақылаусыз ағып жатқан ыстық сулардың адам денсаулығына қаншалықты пайдалы екендігі белгісіздігімен қоса сол суды есепсіз тұтыну кесірінен осы өңірдегі жер астындағы таза ауызсу бассейндері ластанумен бірге таусылуға жақындаған.
Кейде пайдалы қазба байлықтардың көп болуының пайдасы мен зияны қоса жүре ме деп те ойлайсың. Жер қойнауынан қазылып алынған кен мен сорылып алынған қара алтынның орнын толтырудың оңайға соқпайтынын өмірдің өзі дәлелдеп отыр. Оған осыдан біраз ғана бұрын Шығыс Қазақстандағы Риддер қаласында тұтас үйдің бір сәтте жер астындағы кені алынған бос кеңістікке  құлап кеткені дәлел бола алады. Сонымен бірге қажеттісі  ажыратылып алынған, зиянды элементтері бар кен қалдықтарын дер кезінде өңдеуден өткізбеу, кеніш маңын қалпына келтірмеу мен қалай болса солай қалдыру да аса үлкен қатер көздерінің пайда болуына жол ашады. Осындай көзі ашық қатердің бірі Текелі қаласының желкесінде тұр. Кезінде қорғасын мен мырышты суытып, одан кейін далаға ығыстырылған су көлге айналып қалған. Текелідегі кеніш жабылғалы біраз жыл болғанымен көл сол орнында тұр. Улы суда бірде-бір тіршілік белгісі жоқ. Демек, құрамында  тіршілікті өлтіретін улы зат көп. Өзенге қосылып жатқан у адамдардың денесіне тарап жатқан жоқ  деп  кім айта алады?.. 
Облыстық прокуратурадағылардың мәлімдеуінше, Жетісу жерінде радиобелсенді қалдықтарды тереңге көму мен жоюға қатысты проблемалар жылда көтерілгенімен әлі шешімін таппаған. Мәселен, Панфилов ауданындағы «Жаркент – Арасан» шипажайына таман тау беткейлеріндегі ескі уран кеніштерінен шығарылған үйінділер мен ұңғымалар радиобелсенділікпен ластанудың қауіпті көзі ретінде аймақтың экологиялық қауіпсіздігіне үлкен қатер төндіруде.    Алматы облыстық мәслихатының шешімімен осындағы екі бірдей уран ұңғымасынан шыққан үйінділерді өңдеуден өткізіп, жерді қайта қалпына келтіру жұмыстарына тиісті қаржы бөлінген. Қалған бес барлау ұңғымасының радиациялық жағдайы зерделенбеген. Ондағы радиацияның әсері радиобелсенділіктің зиянсыз ұйғарымды мөлшері болып табылатын 0,34 мкзв/с-дан жеті есеге артық болып, сағатына 2,51 микрозиверді құрапты. Текелі және Рудничный кеніштеріндегі кен қалдықтары қоймасында да тура осындай проблема бар. Сонымен бірге, өңірде құрамында сынап бар қалдықтарды қайта өңдеуден өткізетін кәсіпорынның жоқтығы да алаңдатады. 
Естеріңізге сала кетелік, 1987 жылы Кеңес одағы орта және жақын қашықтыққа ұшырылатын ядролық ракеталарды Қазақстанның елсіз мекендеріне жару туралы қаулы қабылдайды. Бұл шара 1989 жылдың 27 қарашасына дейін екі жылға жалғасады. Ал сондағы құжатта елсіз мекен деп көрсетілген жердің Көксу ауданына қарасты Тырнақ деп аталатын мал жайылатын учаске екенін бүгінде біреу білсе, біреу білмейді. Жалғыз Тырнақта емес, құпия әскери бөлімдер бұл жоспарын Алғабас елді мекенінің Мақпал мал жайылым учаскесінде де атқарған. Ал осы Тырнақ мал жайылымы Кербұлақ ауданының Сарыбұлақ ауылдық округінен 10, Сарыөзек кентінен 35, Айнабұлақтан 16, Алғабастан 30 шақырым жерде орналасқан. Ракета жарылғанымен әлі күнге ол мекенді залалсыздандыру жұмысы жүргізілген жоқ.  Беті ғана жасырылған қалдықтар әлі де аспанға заһар шашып, сол маңдағы табиғат пен адамдардың денсаулығын бүлдіріп жатыр. 
1989 жылы Талдықорған қаласындағы қорғасынды-аккумулятор зауыты ауаны ластағаны және адам денсаулығына зиян келтіргені үшін сол тұстағы облыстық аурухананың дәрігері Ғалия  Әрінова сотқа береді. Сол арыз бойынша тексеріс жүргізген облыстық СЭС-тің мамандары зауыттың құю учаскесіндегі ауадағы қорғасынның қалыпты мөлшерден 150-200, қайта құю учаскесінде 250-300, кесу учаскесінде 250-300 есе артық екендігін анықтаған. Жылына Талдықорған қаласының әр азаматы 600 грамнан астам қорғасын жұтады екен. Міне, осыдан кейін қорғасын ұнтақтарын ауаға таратпай ұстап қалатын қондырғы орнатылыпты. Ал қазір бір Талдықорғанның өзінде бірнеше зауыт бар. Оның сыртында қайта өңдеу цехтары жұмыс істейді. Олардан шыққан қатты қалдықтар зауыт маңында үйіліп жатыр. Өкінішке қарай, қазір бұл туралы ешкім де бас қатырып жүрген жоқ. 
Жаппай үнемдеуге көшкен жұртшылық насихатына бола сынабы бар энергоүнемдеуші шамдар мен құралдарға  көшкелі қашан. Олардың тозғанын өткізетін орын таппайтындар сынабы бар дүниелерін қоқыс контейнерлеріне тастай салатынын күнделікті көреміз. Мұның соңы онсыз да дер кезінде өңделмейтіндіктен айналасын әбден бүлдіріп болған қоқыс полигондарының қауіптілігін еселеп арттырары сөзсіз. Ресми дерек бойынша әлемде соңғы 50 жылда адамдар қажеттілігі үшін өндірілген өнімдер  адамзаттың өткен ғасырдың алғашқы жартысына дейінгі  тұтынған тауарларының  көлемімен бірдей екен. Соның салдарынан  өсімдіктер мен жан-жануарлардың жүздеген түрі жойылып, өңделетін жерлердің үстіңгі құнарлы қабатының 5/1 мүлде жарамсыз қалыпқа келген.  
Дүниежүзілік тамақ өндірісінде азықтық қоспаның үш түрін қолдануға мүлдем тыйым салынған. Олар Е-121 қоспасы – қызыл цитрус тағамдық бояуы, Е-123 – амарант бояуы, Е-240 – формальдегид консерванты. Жақында Швейцария ақпарат құралдарында таңғаларлық деректер жарияланды. Бұдан отыз жыл бұрын жерленген адам мүрделері сол күйінде бұзылмай сақталған. Ғалымдар бұл жағдайды зерттей келе денелердің бұзылмай сақталуына жеген тамақтарының құрамындағы консерванттардың тікелей қатысы бар екенін анықтады. Малдың немесе құстың тамағына қосылатын антибиотиктер мен етті өңдеуде қолданылатын химикаттар оның құрамында сақталып қалады. Соңғы кездері ет өнімдерінен уланудың көбейіп кеткені содан. Демек химиялық заттар жылдар бойы ағзамызға шөгіп, ішкі мүшелерімізді зақымдап жатыр. 
Азық-түліктің сақталу мерзімін ұзарту – тамақ өнеркәсібімен айналысатын көптеген компаниялардың басты мақсаты. Олар өнімді ұзақ мерзімге сақтаудың түрлі тәсілін қолданып бағады. Сенімді ақпарат көзіне сүйенсек, қазіргі сауда орындарында сатуға шығарылған азық-түлік заттарының 80 %-ы алдын ала өңдеуден өткен екен. Сол азық-түліктің тұтынудан артылғаны  полигондарға жөнелтіледі. Оның құрамындағы химиялық заттар сол өңірде тотығып, адам болашағына үлкен қауіп төндіретін қосылыстарды жасап жатыр.
 Айта берсек, экологиялық проблемалар жеткілікті. Сондықтан Қоршаған ортаны қорғау министрлігінен бастап, оның барлық деңгейдегі құрылымдарының құзыретін кеңейтіп, қосымша уәкілеттіктер берумен қатар ондағылардан өз міндеттерін орындауды қатаң талап ету керек. Сонымен бірге, табиғат қорғау заңын бұзғандарға қатысты жауапкершілікті барынша күшейткен жөн.

Бұл басылым Еуропалық  Одақ  қолдауымен әзірленген. Басылымның мазмұны автордың жауапкершілігіне жатады және Еуропалық Одақ көзқарасын білдірмейді.

Қажет Андас

 

ҚАҒАЗ ҚОРАП

Ғалымдар мен қоғам  белсенділері планетамыздың түтін мен күл-қоқысқа тұншығып жатқанын айтып дабыл қағуда. Әсіресе, өнеркәсібін дамытуды ойлап, экологияға мән бермейтін елдерде жағдай күрделене түскен. Қазақстан да, өкінішке қарай, бұл қауіптен ада емес. Қарасай ауданына қарасты Абай ауылында жұмысын жолға қойған «Kagazy recycling» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің қызметі, міне, осындай мәселелерді шешуге бағытталған.

– Біздің кәсіпорын шикізат ретінде тұрмыс қалдықтарын, пайдаланылған қағаздарды, атап айтқанда, газет-журналдарды, кітаптар мен буклеттерді, қолданыстан шыққан кеңсе қағаздарын пайдаланады, – дейді серіктестіктің бас директоры Виктория Горобцова. – Бұл табысты бизнес болумен қатар қоршаған ортаның экологиясын жақсартып, миллиондаған түп жасыл желекті аман сақтап қалуға мүмкіндік береді. Себебі, адамзат бүгінгі күнге қағаз атаулыны ағаштан жасап келеді емес пе? Ал, тал жапырақтарының улы түтінді бойына сіңіріп алып, ауаға таза оттегін қайтаратынын, орманды алқаптар топырақтың ылғалын сақтайтынын еске алар болсақ, әрбір кесілген талмен бірге өмір сүру кеңістігіміздің де ластана түсетінін ұмытпағанымыз жөн. 
Шын мәнінде біз тұрмыс қалдық- тарын, қораптар мен газет-журналдарды өртеп жатқан жайларды күнде көріп жүрміз. Озық технологияны жолға қойған мемлекеттер қала маңында тау-тау болып үйіліп жататын күл-қоқысты пайдалы бизнеске  айналдырып алған. 
Әрине, жылына 50 мың тонна қағаз қалдықтарын өңдеуге қабілетті кәсіпорынды шикізатпен қамтамасыз етіп отыру да оңай емес. Бұл үшін серіктестік қағаз өнімдерін көп мөлшерде пайдаланатын мекемелермен шартқа отырып, тұрақты түрде тасымалдауды жүзеге асырады. Қағаз қалдықтары Қазақстанның барлық аймақтарынан жеткізіледі. Мұнда шикізатты тұрғындардан жинау жобасы да табысты орындалуда. Бір ғана Алматы қаласында тұрмыстық қағаз қалдықтарын қабылдайтын бес арнайы дүңгіршектер жұмыс істеп жатыр. Бұл, бір жағынан, тұрғындарды үйден шығарылатын күл-қоқысты сұрыптап, бөлек жинауға дағдыландыруда.  
Жан-жақтан тайланып әкелінген жарамсыз қағаз кәсіпорында қайта өңделіп, бірыңғай қағазға айналғаннан кейін тапсырыс берушілердің қалауы бойынша кез келген қалыптағы қораптарға айналдырылады. Мұндай қораптар өлкеміздегі өнім шығаратын кәсіпорындар үшін ауадай қажет. Осылайша серіктестік «Қазақстандық мазмұн» жобасын да табысты жүзеге асырып келеді.
Заман талабына сай озық технология бойынша жұмыс істейтін компания  2015 жылы «ISO14001: 2008» экологиялық менеджментінің, «ISO14001: 2004» денсаулық сақтау мен еңбекті қорғау менеджментінің және «ОНSAS 18001: 2007» халықаралық стандарттары бойынша үздік деп танылған болатын.
«Kagazy Recycling» компаниясы қайырымдылық шараларына да белсене атсалысып келеді. Осылайша америкалық сауда палатасымен әріптесе отырып, «Табиғатты қорғау – балаларға көмек» атты жобаны қолға алған. Қорға жинақталған қаржы мүмкіндігі шектеулі балаларға күтім жасауға, оқытуға, емдеуге жұмсалып келеді. 
«Іс тетігін маман шешеді» дейді емес пе. Осы орайда компания жұмысшыларды  шетелден шақырудан бас тартып, жергілікті тұрғындарды мамандыққа баулуды басты мақсат етіп алған. Мысалы, 2016  жылы ғана 300-ге жуық жұмысшы кәсіби біліктілігін жетілдіру курстарынан өтіп келді. Сол сияқты, компанияның 6 қызметкері халықаралық көрмелер мен семинарларға қатысып қайтты. Елімізде ұйымдастырылып тұратын семинарлар мен тренингтерге тұрақты түрде өз мамандарын жіберіп отырады.
Алматы қаласы мен ауылдардан қатынап істейтін жұмысшыларды жеткізу, тегін аспен қамтамасыз ету жүзеге асырылады. Жалпы, зауыттың табысты болуы адамдарға байланысты болғандықтан мұндағы жұмыс орындарының жайлы, таза әрі қауіпсіз болуы басты назарда. Орташа жалақы мөлшері 124 мың теңге көлемінде болғандықтан мамандар жиі ауыса бермейді. Бұл да кәсіпорынның өркендеуіне ықпал ететін фактор болса керек.
Қаншама адамды жұмыспен қамтып, өздеріне табыс әкелумен қатар қоршаған орта тазалығына үлесін қосып жүрген компанияның келешекте атқарар жоспарлары да аз емес. Ендеше оларға табыс тілейік! 

Қуат Қайранбаев
Қарасай ауданы.

 

Оқи отырыңыз