Жинау мен сұрыптаудың жаңа тәртібін енгізу

Жинау мен сұрыптаудың жаңа тәртібін енгізу

Қазіргі уақыттағы экологиялық жағдай кез келген мемлекеттің күн тәртібіндегі мәселеcіне айналды. Өйткені ол адамзат тіршілігінің маңызды факторы. Біздің айналамыздағының бәрі – табиғат, біздің өмір сүріп жатқан ортақ әлеміміз. Технология ілгері дамыған сайын «жасыл» орта бүлініп  барады. Ғаламшарымыз жалғыз, сондықтан оны көзіміздің қарашығындай сақтауымыз керек. Соңғы 100-150 жылда адамның өндірістік тұрмыс-тіршілігінен туындаған жағымсыз экологиялық ахуал қазіргі уақытта адамның өзіне, денсаулығы мен өміріне зиянын тигізуде. Кейінгі жылдары дамушы елдердегі өндіріс көлемінің ұлғаюына байланысты көбейе түскен қатты тұрмыстық қалдықтардың зардабы да көбейіп келеді.

Қоршаған ортаға тигізген 
    зардаптың ең басында ауаның ластануы тұрса, орман ағаштарын кесу қарқыны апаттық деңгейге жетті. Енді оны қалпына келтіру үшін он жылдың, тіпті, жүз жылдың өзі аз. Мамандардың ақпараты бойынша, жыл сайын жер бетінен 13 миллион гектар орман жойылады екен. Соның кесірінен құстардың әрбір төртінші түрі және қосмекенділердің әрбір үшінші түрі жойылып кетуге шақ тұр. Ауызсу қорының азаюы да адамзат үшін ең өзекті мәселелердің бірі. Ауызсу тапшылығының болашақта үлкен экологиялық мәселеге айналатыны бесенеден белгілі. Жануарларды қырып-жою кез келген қоғам үшін орны толмас олқылық. Адамның қоршаған ортаға келтірген зияны жер шарының жануарлар әлеміне де зардабын тигізіп отыр. Аңдардың бірнеше түрі жер жүзінен жоғалып кетуге шақ тұр, кейбірі соңғы 50-70 жылдың ішінде жойылып та кетті. Ұрпағымыз тіршіліксіз, сөніп бара жатқан ғаламшарға ие болып қалсын демесек, өзіміз мекендейтін биосфераны аман алып қалу үшін нақты әрекеттерге баратын кез жетті.
Адам баласы табиғаттың ажырамас бөлігі ретінде экожүйенің тәртібіне көніп, заңдарына бағынуы тиіс. Қарапайым қала тұрғыны жыл сайын 48 келе қауіпті канцероген жұтып, ауыл тұрғынына қарағанда 4 жыл аз өмір сүреді. Мысалы,  орта көлемді жеңіл автокөлік бір жылда өз салмағымен бірдей көмірқышқыл газын ауаға шығарады. Автокөліктің ауаға шығарған қалдықтарының құрамында 280-нен аса зиянды зат бар. Бір ғана Еуропаның өзінде зиянды газдардан туындаған аурудан жыл сайын 225 мың адам көз жұмады. Дамушы елдерде бұл көрсеткіш 2 есеге көп. 
Адамзат барда күл-қоқыс ешуақытта таусылмайды. Швецияда тұрмыстық қалдық қайта өңдеуден кейін электр қуаты ретінде пайдаланылса, әлемнің ең таза елінің бірі саналатын Сингапурде қоқыстың 90%-ы қайта өңделеді. Бұл көрсеткіш Германия мен Жапонияда 30%-ды, АҚШ-та 27%-ды, Швейцарияда 25%-ды құрайды. Дамыған елдерде қоқысты кәдеге жарату экономиканың қозғаушы күшіне айналып отыр. Қазақстанда 43 млрд. тоннаға жуық өндірістік және тұрмыстық қалдық жинақталған. Өкінішке қарай, оның тек 2%-ы ғана қайта өңдеуге жіберіледі. Демек, елімізде қоқыс көп бола тұра, оны өңдейтін зауыттар шикізатқа жарымай отыр. Бұл бизнес әрі әлеуметтік жауапты іс. Қоқысты қайта өңдеуден түскен ақша кәсіпкер мен қоршаған ортаға бірдей пайда әкеледі.
Экологиялық кодекстегі 288-баптың 3-бөлімінде «қауіпсіз жағдайда сақтауға арналған орындарда тұрмыстық қалдықтар 3 жыл ғана сақталуы тиіс» деп көрсетілген. Осы мерзім ішінде қайта өңдеуден өткізілуі немесе жерге көмілуі шарт. Өкінішке қарай, бұл тапсырма бізде орындалмай келеді. Әлемнің көп жерлерінде қоқысты өртеуге тыйым салынған, өйткені тұрмыс қалдықтарынан түрлі улы газдар бөлініп, ауаны ластайды. Қалдықтарды өртеуге АҚШ пен Жапонияда рұқсат етілген, бұл елдерде плазмалық газдау әдісі қолданылады. Португалияда өртелген қоқыс күлін арнайы құрылғылармен тығыздап, құрылыс заттарын өңдіреді, ғимараттар тұрғызып, тіпті бүтін жасанды аралдар салынуда. Париж қаласы тазалығымен тамсантады. Түрік қоқыс тазалаушысы – беделді әрі жалақысы жоғары мамандық. Тазалыққа жауапты қызметкерлер үшін әлеуметтік қолдау жолға қойылған: медициналық сақтандыру, жоғары зейнетақы, қолжетімді баспана алуға мүмкіндіктері зор. Өкінішке қарай, ТМД елдері қалаларындағы қалдықтарды сұрыптап жинау жүйесі реттелмеген. Үйінділерді сұрыптауға арзан жұмыс күші саналатын мигранттар тартылған, күнделікті шайлығын табуға мұқтаж жандар осындай лас жұмысқа жалдануға мәжбүр. Тіпті біз өз отбасымызда да тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау, реттеу, тәрізді әдеттегі қағидаларға мән бермейміз. Бұл туралы сауаттылықты арттыратын бағдарлама, насихаттау жұмысымен айналысатын қоғамдық ұйымдар да жоқ. Мектеп бағдарламасында да қалдықтарды сұрыптау тұралы нақты білім беретін арнайы тарау енгізілмеген. 
Басынан дұрыс жиналмаған қоқыс қайта өңделетін шикізат ретіндегі құндылығын жояды. Қазіргі таңда қоқысты іріктеуді игере алмай жатқан мемлекеттер – дамушы елдер. Бұл қатарда біздің еліміз де бар. Мұның түрлі себебі бар, біріншіден, тұрмыс қалдықтарын өндейтін технологияның жолға қойылмауы, қажетті ресурстардың тапшылығы, күнделікті шығатын қалдықтардың үлкен көлемі, сонымен қатар, адамдардың қоқыстан болатын залалды, экологияға әкелетін қауіпті толық сезінбеуі. Күнбе-күн қалдықтарды қоқыс жәшігіне салмас бұрын көпшілігіміз мұның бәрі қайда кетеді деп ойланбаймыз. Пакеттерге тамақ қалдықтары, жуынды, қағаз, пластик аралас салынып, толассыз тасталып жатыр. Сол жауапсыздықтан бүгінгі таңда үлкен қателік жібергенімізді сезіндік. Әлі де кеш емес. Барлық жұмысты үйлестіріп, батыл әрекетке келсек, қомақты нәтижелерге жететіндігіміз анық.
Қазақстанның «Жасыл экономикаға» көшуін ескере отырып, еліміздің барлық өңірінен қалдықтарды бөлек жинау бойынша іс-шаралар қолға алынған. 2013 жылдан бастап халықтан құрамында құрылымында сынап бар энергия үнемдегіш шамдарды жинау және одан әрі пайдаға асыру бойынша жоба жүзеге асырылып жатыр.  Бірақ бүгінде мұны біреу білсе, біреу білмейді. Қазіргі таңда құрамында сынап қалдығы бар көптеген заттар қоқыспен бірге полигондарға жөнелтілуде. Ал сынаптың тотыққаннан кейін ауаны көп дәрежеде бүлдіретіні белгілі. Тіпті, тотыққан сынап жұққан қағаз, ағаш, пластик, тағы да басқа өңделетін қатты қалдықтар заңсыз қалдық жинаушылардың қоржынына түсіп. зауыттарға жөнелтілуде. Ал еліміздегі қалдық өңдейтін зауыттарда шикізаттың залалды, залалсыздығын ажырататын жоғары технологиямен жабдықталған лаборатория жоқтың қасы. Салдарынан тұтынушылардың бәрі: «Зауытта жасалған өнімнің бәрі сенімді», деп есептейді де, қайта өңдеуден өткен заттардың зияндылығы мен тазалығына мән бермейді. Қауіпті аурулардың дені, міне, осындай жағдайдан туындап жатыр.
Айталық, дәретхана қағазы, тамақ салатын целлофан, тағы басқа күнделікті тұрмыста қолданылған қажетті заттардың дені қалдықтардан қайта өңделген өнім деп есептеледі. Мысалы, тамақ салатын целлофан шығаратын зауыт ешқандай да таза полиэтиленнен өнім өндірмейді. Ондай болса, тапқан табысы шикізатқа жұмсалған қаржысының орнын толтыра алмайды. Тіпті, шаш етектен шығынға батуы мүмкін. Сондықтан көп ретте қаржы жұмсап сатып алмайтын, тек қоқыс жинаушылардың өте арзан мөлшердегі тасымал ақысын төлеу арқылы жиналған қатты қалдықтарды қайта өңдеу арқылы дайындалады. Ендеше, полигондағы уы мен суы араласып жатқан зиянды қалдықтан дайындалған дәретхана қағазы сіздің денсаулығыңызға пайдалы дей аласыз ба? Улы қалдықтан жасалған тамақ салатын целлофонның ағзаңызды бүлдіріп жатқанын білесіз бе? Мұның бәрін зауыттан көруге болмайды. Оның бәрі күнделікті тұрмыста шығатын қалдықтарды сұрыптамай, бәрін бір қалтаға жинап, контейнерлерге лақтыра салуға әдеттенген өзіміздің кінәміз. Қысқасы, өз денсаулығымызды бүлдіруге өзіміз үлес қосып келеміз. 
Әлемнің әр елі қоқысты қайта кәдеге жарату, сұрыптауда түрлі тәсіл қолданады. Бұл саладағы жетекші орында еуропалықтар тұр. Өкінішке қарай, еуропалықтардың менталитеті бізге мүлде жат. Оның үстіне олардың қоқысты кәдеге жаратудың жарты ғасырлық тәжірибесі бар. Жапондықтар қоқысты іріктеу, реттеу жұмыстарына аса үлкен жауапкершілікпен қарайды. Олардың қоқыс контейнерлері қағаз, пластик, әйнек, темір, жанғыш, жанбайтын, қайта өндірілетін деп іріктеледі. Мәселен, көк пакетте қағаз қалдықтары болса, жасыл түсті пакетте пластик болады, егер қоқыстар аралас тасталса, сол үшін «шатасқан» тұрғын қомақты айыппұл төлейді. Олардың да тәжірибесі бірден біздің елге көшіріп, қолдануға келмейді. 
Осы тұста көршілес Қытайда қоқыс сұрыптаудың, қайта өңдеудің үлкен бизнес саласына айналғанын айта кетуге болады. Бүгінгі таңда қытайлардың тұрмыстық қалдықты қайта өңдеу ісі 56 пайызға жетіп, әлемде екінші орынға шығып отыр. Күнделікті тұрмыста қолданылатын Қытай өнімдері, тұрмыстық жиһаздардың көпшілігі тұрмыстық қалдықтан өндірілген өнімдер. Былайша айтқанда, бүкіл әлемдегі Қытай тауарлары, міне, осындай жолмен дайындалады. Түптеп келгенде Қытай экономикасын өркендеткен Қазақстанның қалдық темірлері екендігі анық. 
Расымен адамзаттың үштен бірі тіршілік етіп жатқан Қытайда қоқыс өңдеу ісі мықтап қолға алынбаса аумағының күл-қоқысқа толып қалатыны анық. Аспанасты елінің Бейжің іспетті ірі қалаларында қоқысты түрлі әдіспен сұрыптайды, заманауи технологиялар мен адам күші қатар қолданылады. Қоқыс жинаушыларға төлемақы күнбе-күн төленгендіктен қолма-қол ақшаға мұқтаж жұмысшылар бұл іске үйір. Бір Шанхайдың өзінде мыңдаған қоқыс қабылдау орындарында 2,5 миллионнан астам жұмысшы еңбек етеді екен. Салыстырмалы түрде қарайтын болсақ, елімізде жыл сайын көктем және күз айларында жүргізілетін тазалық айлығына қыруар қаржы бөлінеді. Сондай-ақ, күл-қоқыстарды тасымалдауға, полигондарды залалсыздандыруға да бөлінетін ақша аз емес. Оның дені мемлекеттік мекемелерге бөлініп, игеріледі. Яғни, көктем шыға және күз түсе тазалық айлығы басталысымен сенбіліктер, тағы да басқа науқандық шаралар ұйымдастырылады. Керісінше, елімізде қоқыс тасымалдаумен, сұрыптаумен, өңдеумен айналысатын жекеменшік мекемелерге қолдау жоқтың қасы. Аспанасты елінде бұл жұмыспен мемлекеттік мекеме айналыспайды. Керісінше,  тұрмыстық қалдықты сұрыптау тасымалдау қоймалау оны кәдеге жарататын жекеменшік мекемелерге жүктелген. 
Нақтылап айтатын болсақ, көрші елдің тұрғындары таң атқаннан кеш батқанша тұрмыстық қатты қалдықтар жинайтын жеке компания өкілдерінен мезі болады. Алайда, олардың өз тәртібі бар. Алдымен көше-көшені аралап темір қалдықтарын жинайтындар, жүріп өтеді. Сосын қағаз, пластик, мақта, шаш тәрізді бір күнде үйіңізден шығатын керекке жарайтын қалдықты әрбір жекеменшік мекеме осындай жолмен жинап алып кетеді. Ең соңында үйіңіздегі өңдеуге келмейтін қалдықтарды аулаңыздағы контейнерге тастайсыз. Ол сол күні түнімен залалсыздандыру орындарына немесе полигондарға жөнелтіледі.  Қоймаланған қалдық қоқыс жинайтын кәсіпорынның қамбасында сұрыпталып, келісімшарт бойынша қоқыс өңдейтін зауыттарға жөнелтіледі. Бүгінгі таңдағы әлемдегі миллиардерлердің үшеуі қытайлық. Олар осы қоқыс тасымалдаумен байығандар. Ал Қытайдағы алдыңғы 50 миллиардердің 22-і қоқыс өңдеу саласымен айналысатындар. 
Өкінішке қарай, бізде қоқыс өңдеп, оны бизнеске айналдыру былай тұрсын, күнделікті жиналып қалған тұрмыстық қалдықты қайда төгуді білмей есіміз шығып жүр. Талап бойынша 24 сағатта сұрыпталып, залалсыздандырылатын күл-қоқыстар мен қатты тұрмыстық қалдықтар аулалардағы контейнерлердің аузы-мұрнынан шығып, жартысы далада шашылып жатады. Сондықтан елімізде де қытайлық тәжірибені қолданғанның зияны жоқ. Яғни, қалдықты байлыққа айналдырамыз десек,  мемлекет қоқыс өңдеумен айналысатын жекеменшік мекемелерді қаржыландыруды мықтап қолға алуы керек. Мысалы, бір жылдың көктеміндегі тазалық айлығына бөлінетін миллиондаған қаржы арқылы қалдықты сұрыптап, өңдеумен айналысатын бірнеше жекеменшік кәсіпорынды қаржыландыруға болады. Мейлі, олар зауыт салмай-ақ қойсын, сол қаржымен қоқыс тасымалдауға керекті көлік сатып алады, қойма салады, қоқыс жинайтын адамдарға жалақы төлейді. Сонымен бірге, еліміздегі, тіпті шетелдегі шикізатқа тәуелді кәсіпорындармен келісімшарт жасап,  жұмыс ауқымын ұлғайтады. Осы арқылы Үкімет қоржынына түсетін салық артады, жұмыссыздар азаяды. Ең бастысы, Үкіметтің жыл сайынғы қыруар қаржысы желге ұшпайды. Бұл тұрғындар үшін де қолайлы болмақ. Өйткені, күнде контейнерге лақтырылатын заттарды сатып, азын-аулақ тиын-тебен таба алады.  Мысалы, Қытайдағы әрбір отбасы тұрмыстық қалдықтан кірген кірісі арқылы ай сайынғы коммуналдық шығынын жауып отыр. 
Шындығына үңілсек,  еліміздегі қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеуге қатысты жұмыстарда жүйелілік жоқ. «Біз осыған жеттік» деп жар салатындай жетістік таппайсың. Таптаурын тәсілдерден арыла алмай келеміз. Өз бетімізбен ықпалды  шараларды қолдана да алмаймыз. Сан рет дабыл қағылып, айтылып, жазылғанымен естір құлақ кемшін. Қоқыстан кәдеге асыратын зат жасау әлемдік тәжірибеде әуелден-ақ жолға қойылған. Ендеше, тиімді істі жандандыра түсу үшін бізде не жеткіліксіз? Қайтсек, шетелдің озық технологиясын қолдана отырып, жаңа тауар шығарамыз? Полигонда тау болып үйіліп жатқан қалдықты қалай азайтамыз?
Ол үшін табиғи ресурстарды дұрыс пайдалану, қоршаған ортаны ластанудан қорғау және қалпына келтіруге бағытталған мемлекеттік бақылаудың, халықаралық және қоғамдық іс-шаралардың жоспарлы жүйесін енгізу – біздің ең басты міндетімізге айналуы керек. Алайда, біз сол міндетті ойдағыдай орындай алмай келеміз.

Бұл басылым Еуропалық Одақтың қолдауымен әзірленген. Басылымның мазмұны автордың жауапкершілігіне жатады және Еуропалық Одақтың көзқарасын білдірмейді.

Қажет Андас,
жоба жетекшісі.
Andas_Kazhet@mail.ru

 

Оқи отырыңыз