Табысы тасыған "Тамас"

Табысы тасыған

Дала ділмары Ескелді би шеңгелі үйдей, қояны қойдай, балығы тайдай деп тамсанған Қаратал топырағының қасиеті бар. Бұл күнде осы өңірде өрісін кеңейтіп, табысын молайтқан жан аз емес. Бәрі де қауырт еңбектің тәтті жемісін татуда. Соның айқын көрінісі – Қаратал ауданында орналасқан «Тамас» ЖШС-нің бүгінгі асқан биігі, жеткен жетістігі деуге болады.

Осыдан 17 жыл бұрын іргетасын қалаған кәсіпорын қазірде тың белеске көтерілген. Жыл он екі ай тоқтаусыз жұмыс істеудің арқасында жылдық өнім мөлшерін 1000 тоннадан асырып, кіріс көзін молайтуда.      
Аталмыш серіктестік директоры Асқар Пұсырмановтың айтуынша, осы кәсіп түрінің ішінде биоотын өндірісінің жөні бөлек. Өйткені, бұл өндіріс көбіне егіс алаңдарында қалған жарамсыз шөп, сабандарды қажет ететіндіктен, шикізаттың көп болуымен қатар  бағасы да төмен. Шаруаларға да тиімді көрінеді. 
– Біз бұл зауыттың құрылысын 2013 жылы бастағанбыз. Осыдан бір жыл өткенде биоотын өндіре бастадық. Жылына мың тоннадан өнім өндірдік деп есептесек, осы үш жылда 3000 тонна дайын өнім шығарыппыз. Қазірде аудандағы оннан аса мектеп біздің өніммен қамтамасыз етілген. Бағасы да көңілге қонымды, – дейді Асқар Асылбекұлы. 
Серіктестік сонымен қатар гидромелиорациялық құрылысы, автокөлік жолдарын салу, құрылыс бұйымдары және канализациялық құбырдың құмтүсті пластикалық қақпақтар өндірісі, тағы басқа да қосымша шаруашылықтарды жандандыруда. Нәтижесінде жүзден аса адамды жұмыспен қамтып, олардың алаңсыз еңбектенуіне жағдай жасаған. 
Жұмыспен қамту демекші, ауданда шағын және орта кәсіпкерлікте 2385 бірлік жұмыс істеп, осы салада жұмыспен 6054 адам қамтылған.  Нәтижесінде 4 млрд.-тан астам теңгенің өнімі өндіріліп,  өңір кірісі еселенген. 
Серіктестік 2008 жылдан бастап халықаралық ИСО стандартына көшкен. 

 

Қаратал ауданы.

Оқи отырыңыз