ӘЛЕМ ЕЛДЕРІ АТСАЛЫСАДЫ

ӘЛЕМ ЕЛДЕРІ АТСАЛЫСАДЫ

Астананың жиырма жылдығына арналған торқалы тойға дайындық қазірден басталып, біршама шаруа атқарылды. Алдағы уақытта  Елорданың мерейтойы аясында өтетін, Үкімет қаулысымен бекітілген 175 шара халықаралық, республикалық және өңірлік деңгейде ұйымдастырылады. 

Этноауыл қайта ашылады

Елорда мерейтойының өңірлік жоспары да жасалды. Облыстарда 1800-ден аса шара өтпек. Мәдениет және спорт министрлігі мәдениет және өнер істері департаментінің директоры Алмаз Нұразханның айтуынша, Астана тойының негізгі кезеңі өткен жылдың 10 желтоқсанында басталып, 6 шілдеге дейін жалғасады. Осыған орай, министрлік елорданың мерейтойы аясындағы шаралардың бірыңғай бағдарламасын әзірлепті. Айталық, «ЭКСПО – 2017» халықаралық көрмесі кезінде халықтың көзқуанышына айналып, думанды төр болған этноауыл маусым айында қайта ашылып, қыркүйекке дейін жұмыс істейді. Онда «Алпамыс», «Трапеция мектебі» атты театрландырылған цирк шоулары ұйымдастырылады. Сондай-ақ, «Астаналар шеруі» атты көлемді халықаралық жобаға ерекше мән берілмек. Оған Париж, Берлин, Лондон, Мәскеу, Сингапур сияқты әлемнің 20 астанасының жетекші шығармашылық ұжымы, танымал әртістер, даңқты спортшылар қатысады. 
Шара аясында «Astana Musical» театры әлемге әйгілі «Notre Dame de Paris» мюзиклінің авторлары Риккардо Коччанте мен Люк Пламандонның қатысуымен әйгілі туындының тұсаукесерін өткізбек. Сонымен қатар, әлемге танымал Мария театры, Американ балет театры Астанаға сапармен келеді. «Астана» атты екінші дүниежүзілік театр фестивалі де өтеді. Ұлттық музейде маусым – қараша аралығында түрлі тақырыпта халықаралық көрме ұйымдастырылады. 

Танымал жиырма кітапхана

Биыл Қазақстанның Ұлыбритания, Жапония, Қытайдағы күндері және Өзбекстан, Әзірбайжан, Ресейдің Қазақстандағы күндері өтеді. Астана орталығындағы Ұлттық академиялық кітапхананың директоры Үмітхан Мұңалбаева кітап ордасы елорда мерейтойына арнап әлемнің танымал 20 кітапханасының көрмесін өткізетінін жеткізді. Он тоғыз мемлекеттің кітапханасында Қазақстанның әдеби және мәдени орталықтарын ашқандарын мәлімдеді. Ол жерден табылған жәдігерлер де жеткілікті көрінеді.
– Былтыр Францияның BULAС атты үлкен кітапханасынан Мұстафа Шоқайдың қолжазбаларын таптық. Кітапхана бізге бұл қолжазбаларды тапсыруға дайын, –  деді Ұлттық академиялық кітапхананың директоры Үмітхан Мұңалбаева.
Игілікті шараның соңғы түйінін түйетін жиырмасыншы орталық Германияда ашылады. Олардың бәрі елордада өтетін кітап көрмесіне қатысады. 

«Турандотты» Тимур сахналайды

«Астана Балет» театрының директоры Валерий Күзембаевтың айтуынша, биыл аталмыш өнер ошағы Астана мерейтойына «Жизель» балетімен қоса қазақ ертегісі желісімен қойылатын балетті тарту етеді. Бұл туындының либреттосын Бақыт Қайырбеков жазып жатыр.
«Астана Опера» театры директорының орынбасары Александр Совостьяновтың сөзінше, биыл ұжымның «Біржан – Сара» операсының премьерасы ашық аспан астында өтеді. Кастинг жарияланып, қазіргі таңда бас кейіпкерлерді сомдайтын әртістер таңдалып жатқан көрінеді. Бұған қоса, «Қозы Көрпеш – Баян сұлу», «Севилья шаштаразы», «Евгений Онегин» опералары, «Корсар» балеті қойылады. Пекиннің ұлттық опера театрымен бірге қойылатын «Турандот» операсын сахналауға әлем мойындаған режиссер Тимур Бекмамбетов шақырылып отыр. Қазіргі таңда онымен келіссөздер жүргізілуде. 
Ұйымдастырушылар Астана мерейтойына арналатын айтулы шаралардың билеттері техникалық себептерге байланысты электронды сатылымға шығарылмағанын айтты. Десе де осы айдың соңына қарай сатыла бастайтынын назарға салды. 

Асхат РАЙҚҰЛ
Астана

Оқи отырыңыз