ЕЛДІКТІҢ ЕРЕН БЕЛГІСІ

ЕЛДІКТІҢ ЕРЕН БЕЛГІСІ

    Сайын дала төсінде елдігіміздің белгісіндей болып бой түзеген Астанамыз жылдан жылға гүлдену үстінде. Айбарлы елдің даңқын шартарапқа жайған бас қаланы бүгін күллі халық көргісі келеді десек асыра айтқандық емес. Сонау ғасырлар шежіресіндегі түрлі шаһарлардың бар қасиетін бойына жинап алғандай көрінетін нұрлы орданың іргесі қаланғанына биыл 20 жыл. Осыған орай әр өңірде түрлі игі шаралар ұйымдастырылуда. Соның жарқын көрінісі Жаркент қаласындағы Жауыңгерлік Даңқ музейінде өткен «Астана – елдігімнің белгісі» атты әдеби-сазды кеш.

 

    Аталмыш кештің әлқисасы Астана жайлы арнайы түсірілген бейнафильм көрсетілімінен басталды. Онда бас шаһардың тарихи мен құтты орнының әу баста қалай аталғандығы жайлы мәліметтер көрсетілген-ді. Мәселен, Астана қаласының негізі - 1830 жылы Есіл өзенінің жағасында қазақ-орыс әскерлері негізін қалаған бекіністен бастау алады. Алғашында Ақмола әскери бекінісі атанған елді мекенге 1862 жылы қала мәртебесі берілді. Одан кейінгі жылы Ақмола округіне, 1868 жылы уезд орталығына айналды. Еліміздегі тың және тыңайған жерлерді игеру кезінде Ақмола облысымен бірге қаласы да елеулі өзгерістерге ұшырайды. 1960 жылы 26 желтоқсанда тың өлкесі құрылып, Ақмола оның орталығы болды. Қала атауы Целиноград болып өзгертілді. 1997 жыл 20 қазанда Республика Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ақмола қаласын Қазақстан Республикасының Астанасы деп жариялау туралы жарлыққа қол қойды.
    Осындай тарихи мәліметті көзі қарақты көрерменге ұсыну арқылы шымылдығы түрілген кеште Жаркент гуманитарлық-техникалық колледжі тарих пәнінің оқытушысы Еркін Қуатбек, аудандық мәдениет үйінің көркемдік жетекшісі Алмагүл Асылтасова, Жаркент балалар кітапханасының меңгерушісі Гүлбақыт Ибрагимова,  Ы. Алтынсарин атындағы орта мектептің қазақ тілі әдебиеті пәнінің мұғалімі Бибігүл Байғонысова сынды бірқатар азаматтар мен зиялы қауым өкілдері сөз алып, жақұт қаланың ажары мен абыройы жайлы толғамды пікірлерін ортаға салды.
    Өз кезегінде сөз алған жауыңгерлік даңқ музейінің директоры Айдос Жанпейсов:
– Ардақты ағайын Астана халқымыз үшін тәуелсіздік пен өсіп-өркендеудің алтын тұғыры. Президенттің перзентіндей болған Астанаға Елбасының идеялық еңбегі ғана сіңген жоқ, қаланы жасыл желекке көмкерген бас бағбаны да, ажарын сәнді еткен бас сәулетшісі де болды. Сондықтан да Елбасы мен Елорда – егіз ұғым, – дей келе рухани кешке қатысқан барша зиялы қауым өкілдері мен көзі қарақты көрерменге деген алғысын білдіріп, елдігіміз бен ерлігімізді насихаттап жүрейік  деген тілегін де жеткізді..
    Көрерменнің көңілін толқытып, шабытына шабыт қосқан әдеби-сазды кеште аудан өнерпаздары әуелете ән шырқап, күмбірлете күй  төкті.

 

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ.

Оқи отырыңыз