ЕЛ ДАМУЫНЫҢ ТІРЕГІ

ЕЛ ДАМУЫНЫҢ ТІРЕГІ

    Астананы Алматыдан Сарыарқа төріне көшіру туралы сындарлы шешімді 1994 жылдың 6 шілдесінде Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесі қабылдаған болатын. Сол күні Парламент сессиясында депутаттар алдында сөз сөйлеген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бас қаланы Алматыдан республиканың орталық өңірі – Ақмолаға көшірудің қисындылығын атап өткен. Бұл таңдау халықаралық 32 өлшем бойынша жүргізілгенін тәптіштеп дәлелдеген еді. Содан кейін Жоғарғы Кеңестің «Президент  Н. Назарбаевтың мемлекет астанасын Ақмола қаласына ауыстыру туралы ұсынысына келісім берілсін» деген шешімі қабылданған. 

 

    Араға екі жыл салып, 1996 жылдың 6 шілдесінде Қазақстан Үкіметі «Қазақстан Республикасының астанасын көшіру туралы» тарихи қаулы қабылдады. Ал 1997 жылдың 20 қазанында Президенттің «Ақмола қаласын Қазақстан Республикасының астанасы деп жариялау туралы» аса маңызды Жарлығы шықты. Осы құжатқа сәйкес Ақмола астана құқығын осы жылдың 10 желтоқсанынан бастап иеленді және жаңа астананың ресми тұсаукесер тойы 1998 жылдың 10 маусымына белгіленді. 
   1997 жылғы 8 қарашада Ақмолаға басты мемлекеттік символдардың жеткізілуі салтанатты жағдайда өтті. Осы күндері жаңа астанаға Президент Әкімшілігі, Үкімет, жетекші министрліктер мен ведомстволар қызметкерлерінің алғашқы тобы келді. Бұл жайында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Еуразия жүрегінде» кітабында: «Мен Ақмолаға кетіп бара жатқан Президент Әкімшілігінің қызметкерлеріне ақ жол тіледім. Өз сөзімде астананы көшірудің бір маңызды қырына тоқталдым. Астананың қоныс аударуына байланысты іс жүзінде  биліктің өзін реформалаудың жаңа кезеңі басталды. Жаңа елордада мемлекеттік қызметшілердің тың толқынын қалыптастыратын боламыз. Бұл жұмысты орталық мемлекеттік органдар қызметкерлерінен бастаймыз. Бастапқы кезде қиыншылық болмайтынына кепілдік бере алмайтынымды айттым», – деп жазды. 
   1997 жылдың 10 желтоқсанында Президент, Үкімет пен Парламенттің басшылары Қазақстан астанасы туралы ел халқына Үндеуге қол қойып, ол баспасөзде жарияланды. Онда байтақ елдің орталығында осы күннен бастап және ғасырлар бойы халық тағдыры үшін түбегейлі маңызды шешімдер қабылданатыны айтылған. 
Бүгінде Астана халықаралық маңызы бар түрлі форумдар, конгрестер мен өзге де іс-шаралар өтетін Еуразия кеңістігінің орталығына айналды. Елордада әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съездері, Астана экономикалық форумы және өзге де маңызды халықаралық оқиғалар тұрақты түрде өтіп келеді. Астанада ЕҚЫҰ-ның, ШЫҰ мен ИЫҰ-ның мерейтойлық саммиттері болды. 2011 жылдың басында елорда VII қысқы Азия ойындарының қатысушылары мен қонақтарын қабылдады. Ал өткен жылы ЭКСПО–2017 халықаралық көрмесін жоғары деңгейде ұйымдастырды. 
   Астанада атаулы күн де назардан тыс қалған жоқ. Елорданың Астана қаласына көшуінің 20 жылдығына арналған салтанатты жиындарға Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев қатысып, бас шаһардың іргесін қалауға атсалысқан азаматтармен кездесті. Сонымен қатар ЭКСПО конгресс-орталығында мерекеге арналған «Президент және Астана» атты фотокөрмемен танысты. 
   Ал елорда әкімі Әсет Исекешев астаналықтар мен қала қонақтарына құттықтау жолдады. Өз кезегінде: «Осыдан жиырма жыл бұрын егемен еліміздің тарихында Елбасының тағы бір стратегиялық маңызы зор идеясы жүзеге асты. Халқымыз ел болғалы өз астанасын өзі таңдап, саяси-әкімшілік, мәдени-рухани орталығын белгіледі. Мемлекет тарихындағы ұлы көш елдің де, Елбасының да үмітін ақтады деп есептеймін. Бүгінде Астана өзге өңірлер бой түзейтін қала ғана емес, ел дамуының тірегіне айналды. Ел өркендеуінің жаңа парағын ашқан осы күн жылы естеліктерге толы тарихи күнге айналды», – деді қала басшысы.
   Бас қала, міне, осылай жарқырап, жайнап, Мәңгілік Елдің мызғымас көшін көлікті етіп, болашаққа қадам басып барады.

Асхат РАЙҚҰЛ
Астана

Оқи отырыңыз