МЕРЕЙТОЙҒА АРНАЛҒАН МОТОШЕРУ

МЕРЕЙТОЙҒА АРНАЛҒАН МОТОШЕРУ

    Әдеттегідей әрекет емес, жаңалыққа жаны құмар «Елім-ай» қоғамдық қоры бұл жолы Бәйтерек орта мектебімен бірігіп мотошеру ұйымдастырды. Аудандық ішкі саясат бөлімінің қолдауымен жүзеге асқан шара Елорданың 20 жылдығына арналды. Астана тойының құрметіне 20 мотоцикл Мемлекеттік Туды желбіретіп, Бәйтерек ауылын аралап өтті.

 

   Салтанатты шараның ашылуында Бәйтерек ауылдық округі әкімінің орынбасары Бердіқожа Мамырбеков, қор төрағасы Жаңаберген Мұхамедов, мектеп директоры Шымберген Пірімбаев және Еңбекшіқазақ ауданының Құрметті азаматы, еңбек ардагері Осман Абибов тұрғындарды құттықтап, шеруге шығушыларға сәттілік тіледі. Дені жастардан құралған мототізгіндеушілер ел ағаларының ақ баталарынан кейін кезегімен жолға шықты. Жол патрульдік полициясының арнайы алып жүруімен мотошеру 15 шақырымды еңсерді. Мотошеруді көрген тұрғындар көше бойына тізіліп, жалаушаларымен жас буынға демеу берді.
– Кемел келешегіміздің кепілі – жалынды жастардың бойына патриоттық рух сыйлауда, мемлекеттік саясатты ұғындыруда біз олардың санасымен тең дәрежеде ойлай білуіміз қажет. Себебі, қазіргі жастар – ерекше дамыған дара тұлға. Оларға не қызық, міне, осыны зерттеуіміз қажет. «Елім-ай» қоғамдық қоры осы тұрғыда үздіксіз ізденіспен жұмыс істейді. Осыдан үш жыл ауданымызда Қазақ хандығының 550 жылдығына, ҚХА және Конституциямыздың 20 жылдығына орай Есік пен Шелек арасын жалғаған, ұзындығы 150 шақырымды бағындырған автошеру өткізген едік. Онда да жастар легі өте көп болды. Талай жыл тұралап қалған айтыс өнерін ауданымызда дамыту мақсатында былтыр Алашорданың 100 жылдығына орай облыстық ақындар айтысының өтуіне мұрындық болдық. Түрген шатқалында табиғат аясында жас отбасылар байқауын да ұйымдастырғанбыз. Биыл, міне, Астананың мерекесіне өзіміздің үлесімізді осылай қосуды мақсат еттік, – деді қор төрағасы Жаңаберген Мұхамедов.
    Иә, алыс-жақын шетелдерде, бабаларымыз ат ізін салмаған мекендерде Қазақстанды танып, назарына алып жатыр. Бұл біздің Елбасымыздың және берік бірлігіміздің арқасында жетіп отырған толағай табыстарымыз. Осынау бірлігімізге сызат салатын діни теріс идеологияға қарсы тұру – ортақ міндет. Қорытындысында Мемлекеттік Туды желбіретіп келген мотошерушілерді көпшілік зор құрметпен «Көк тудың желбірегені» әнінің ырғағында қарсы алды.

Қайнар ЖҰМАҒОЖА
Еңбекшіқазақ ауданы

Оқи отырыңыз