АРМАНЫ АСҚАҚ БАЛҒЫНДАР

   Халықаралық балаларды қорғау күніне орай еліміздің түкпір-түкпірінде түрлі шаралар өтіп, мереке лебі жоғары деңгейде сезілуде. Соның бірі облыс орталығы Талдықорған қаласындағы «Достық үйі – қоғамдық келісім орталығында» өткен «Елордамыз Астана – балғындардың арманы» атты фестиваль.

 

   Көңілі көкке өрлеп, мереке шуағымен шаттанып Достық үйінің алаңына жеткен әр балдырғанның езуінде күлкі, жүзінде жылылық. Таң нұрын тамашаға толтырып, жүрекке жылылық сыйлап шыр етіп өмірге келген  әр сәби үшін ата-аналар да барын салып бағуда. Түрлі киім киіп, әрқандай кейіпте жүрген балапандарды аналары жетекке алған. Кеше ғана тұсауы кесілген титтей сәбилердің өзі мереке лебін сезіп жадырап, жайнап, ойнап жүр. Сырт көзге жүрек тебірентерлік, тамашаға толы көрініс.
   Достық үйі қызметкерлерінің ұйымдастыруымен өткен үлкен шарада әртүрлі ұлт өкілдерінің балдырғандары бас қосып, жарасым тауып жүргенінің өзі көңілге қуаныш сыйлады.  Балалар алаңынан  бақытты шақтың иісі аңқиды. Иә, арнайы балалар ойнау үшін қойылған әр батуттың мереке шаттығын еселегені де айтарлықтай дүние.
   Шара шымылдығын түрген облыстық  Қазақстан халқы Ассамблеясының бас маманы Ләйлім Көнекбаева  періштелерге деген мерекелік пейілін жеткізіп, өмірлерінің тек сәттілік пен шат қылыққа толы болуларын тілек етті. Артынша балғындарға арналған шоу бағдарлама олардың жүзіне күлкі үйіріп, қуаныштарын еселей түсті.
    Өнерлі балалар жиналған жұртшылықты талантымен тәнті етіп қана қоймай, тәтті қылықтарымен де таңдандыра түсті. Осы орайда «Я талант» студиясы, «Өрнек», «Ачимноуль», «Айсұлу» ансамбльдері мереке мерейін үстем қылды. Келесі құттықтау сөз алған «Достық үйі – қоғамдық келісім орталығы» директорының орынбасары Бақберген Дүйсенбаев жарқын заманда күн кешкен балдырғандармен бақытты екендігімізді тілге тиек етіп өтті. Сондай-ақ, әр отбасының балалы болуын, жақсылықтың тұғырына қонуын ниет етіп, бүлдіршіндердің үлкен байлық екендігін жеткізді. 
   Шара соңында жылдағы дәстүр бойынша жалғасын тапқан асфальттағы суреттер байқауы балаларды шабыттандырды. Бұл жолғы жарыс Елордамыздың 20 жылдығына орай «Астана – менің сүйікті қалам» атты жас қаланың суретін салуымен ерекшеленді. Жастардың жанын беріп салған суреттері Отанға, елге, жерге, Елордаға деген үлкен сүйіспеншілік пен құрметті аңғартты. Фестиваль соңында мерекелік шараға қатысушылар дипломдармен, Мақтау қағаздармен марапатталып, естелік сыйлықтарға ие болды. Сондай-ақ, ұйымдастырушылар тарапынан жайылған дастарқанның құрметті қонағы болып, «Сладкоежка» мерекелік фуршетінің тәтті тағамдарынан ауыз тиді.

Ай Ниса

Оқи отырыңыз