Ақылды қаланың адымы

Ақылды қаланың адымы

Биыл Астананың жиырма жылдық мерейтойы. Бұл жайында Президент «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Бас қаламыздың қалыптасуы және Еуразияның маңызды даму орталықтарының қатарына қосылуы – баршамыздың ортақ мақтанышымыз. Заманауи технологиялар жылдам өсіп келе жатқан мегаполистің проблемаларын тиімді шешуге жол ашады. «Смарт Сити» тұжырымдамасы мен қалаға қоныс аударатын адамдардың құзыреттерін дамыту негізінде қалалық ортаны басқаруды кешенді түрде енгізу қажет. Әлемде инвесторлар үшін қалалар бәсекеге түседі деген түсінік қалыптасты. Олар елді емес, жайлы өмір сүріп, жұмыс істейтін қаланы таңдайды» деген болатын. Онысы ел ертеңін көркейтсем деген орамды ойларының қазығы іспетті. Енді, сол мақсатқа жету жолындағы жоспарларға тоқталсақ. 

Жарық көше, тәртіпті көлік​

Елорданың «ақылды қалалар» қатарына қосылуы бағытында аз жұмыс атқарылып жатқан жоқ. Енді Астана тіршілігіне тас- жолмен жүйткіп бара жатқан автокөліктің жылдамдығын сырттан анықтап, жолда жүру ережелерінің бұзылуын қолма-қол тіркей алатын техника енгізілмек. Бұл жаңалықты өткен жылы «ЭКСПО-2017» көрмесінде «Астана Innovations» АҚ басқарма төрағасы Олжас Сартаев жариялағаны есімізде. Орайы келгенде, осы жобаларға кеңірек тарқатсақ.
Бірінші жоба – фото және бейнежазба жүйесі. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік сызбасы бойынша қаржыландырылатын жобаға 8,4 миллиард теңге қаражат қажет екен. Осы мақсатта Астанада арнайы орталық жабдықталған. Оның негізгі артықшылықтары мыналар: нақты уақыт тәртібіндегі бейнебақылау жүйесі, онлайн тәртіптегі бейнесараптаманың болуы, бейнежазбаны 30 тәулікке дейін сақтау, белгілі бір бағытта қозғалып бара жатқан көліктің мемлекеттік нөмірі бойынша бағдарын білу, жолда жүру ережелерінің бұзылуын қолма-қол тіркеу және тасжолда жүйткіген автокөліктің жылдамдығын автоматты түрде анықтау.
Екінші жоба – «ақылды» көше шамдары. Бұл жоба шеңберінде елорда көшелеріндегі 25 мыңнан астам ескі шамды қазіргі заманғы жарық диодты шамдарға ауыстыру көзделген. Сол кезде көшелерді жарықтандыруға жұмсалатын электр қуатын 60 пайызға дейін, пайдалану шығындарын 30 пайызға дейін үнемдеуге мүмкіндік бар. Оның кәдімгі шамнан айырмашылығы – 15 жылға дейін тозбай қызмет етіп, атмосфераға таралатын көмірқышқыл газының қалдығын төмендетеді және тәуліктің қай мезгіліне қарамастан көшелерге үздіксіз жарық беруді реттеуге жол ашады. Айта кетелік, қала билігі 2018 жылдың соңына дейін елорда көшелеріндегі барлық ескі шамдарды жарық диодты шамдарға алмастыруды жоспарлауда. Бұл жоба инвесторлардың көмегімен іске асырылады. «Ақылды» жарықтандыруға 4 миллиард теңге қажет. 

«Е-ПИК» – ашықтық кепілі

Тағы бір қызықты жоба – мәліметтер базасына қыруар ақпаратты жіберіп отыратын датчиктер орнату. Осы датчиктер ауа райына қатысты мәліметті де тез алуға мүмкіндік береді. Мысалы: тасжолдарда көктайғақ немесе қалың қар жауатын болса, одан бір сағат бұрын дайындалып, алдын алуға әрекет жасалады.
Олжас Сартаев пәтер иелері кооперативтерінің жұмысын автоматтандыруға жол ашып, олардың тұрғындармен арадағы қарым-қатынасын жеңілдететін «е-ПИК» жобасы жөнінде де мол мағлұмат берді. «Бұл бас қаладағы 150-ден астам ПИК-ті немесе барлық ПИК-тердің 30 пайызға жуығын қамтиды. Нақтырақ айтсақ, кем дегенде 1,7 мың пәтер немесе 300 мың азамат автоматтандырылған жүйеге жалғанады деген сөз» деп түсіндірді ол. Оның пайымдауынша, электрондық ПИК мекеменің қызмет түрлерінің сапасын арттырып, жұмысының ашықтығын қамтамасыз етумен қатар, қала аумағындағы алуан түрлі қызметтердің рейтингін жақсартпақ. 

Емханаға еш қағазсыз қаралады

«Смарт Астана» жобасы бойынша білім беру және денсаулық сақтау салаларында да бірнеше бағдарлама бар. Солардың бірі – электрондық төлқұжат. Алдағы жылдан бастап елордалықтар электрондық төлқұжатты пайдаланады. Бұл туралы жуырда Астана әкімдігіндегі баспасөз мәслихатында белгілі болды. Яғни, 2019 жылдан бастап әрбір науқас емханаға өзімен бірге денсаулық картасын апарып әуреге түспейді. Емханаға, ауруханаға дәрігерге қаралуға ешқандай қағазсыз бара алады. Себебі, ол адамның бұрын қандай ауруға шалдыққаны, диагнозы, емдеу мекемесі берген талдаулары, қандай ем-дом алғаны туралы барлық ақпарат электрондық төлқұжаттың көмегімен дәрігердің қолында болады. Сіздің туғаннан бастап дәрігерге әрбір қаралғаныңыз электрондық төлқұжатқа толық жазылып отырады. Сондай-ақ, науқас та өзінің логині мен паролі арқылы электрондық төлқұжатын ашып, сырқаты туралы барлық ақпаратты оқи алады. 2018 жылдан бастап еліміздің аумағында электрондық төлқұжатты кезең-кезеңмен енгізу жоспарланған. Болашақта мұндай жүйе біздің Алматы облысында да толық қолданысқа енгізілетініне күмән жоқ. 
Астана бар-жоғы жиырма жылдық тарихында «Ақылды қала» мәртебесін иеленсе, бұл – әрбір қазақстандықтың абыройы. Бас шаһардың дамуы – барша қаланың өркендеуі. Өйткені онда қолға алынған жобалар, жоғарыда айтқандай, көп ұзамай біздің де игілігімізге жарайтыны күмәнсіз.

Астана бар-жоғы жиырма жылдық тарихында «Ақылды қала» мәртебесін иеленсе, бұл – әрбір қазақстандықтың абыройы. Бас шаһардың дамуы – барша қаланың өркендеуі. Өйткені онда қолға алынған жобалар, жоғарыда айтқанымыздай, көп ұзамай біздің де игілігімізге жарайтыны күмәнсіз.

Асхат Райқұл 
Астана қаласы 

 

Оқи отырыңыз