Астана суретші көзімен...

Астана суретші көзімен...
Адам баласы қайда туып, қайда ержетерін, қай жерден топырақ бұйырарын білмейді. Бір білері – өзі ұнатқан жерден су ішіп, бұйыртқан ризығын теріп жейді. Дәл осылайша ел тарихының бір парағына айналып отырған Астанамен бірге жасап, бірге күн кешіп келе жатқан суретші Жеңіс Кәкенұлы да Елордаға көңілінің жетелеуімен қоныстанған-ды. Сондықтан болар шығармашылығына Елорданы арқау еткен суретшінің байқағанын көрермен оңай қабылдайды, жылдам сіңіреді. Сөйтіп, картиналарындағы астарлы ойды, жұмбақ шешімді айтып болмайтын сезіммен түйсініп, туындының алдына еріксіз байланады. Шынайы шебердің қарым-қабілетінің құпиясы осында жатса керек.

Қазақ кескіндеме өнерінде өзіндік қолтаңбасымен дараланып, қатарластарынан ойшылдығымен, тереңдігімен ерекшеленіп тұратын Жеңіс Кәкенұлы бұған дейін көпшілікке «Сәйгүліктер семантикасы», «Күміс қауырсын», «Әуен» атты топтамалармен танылған болатын. Әсіресе, «1932 жылдың қарсаңы. Шәкәрімді жоқтау» атты картинасы көрерменді елең еткізгені белгілі. Содан бері көптеген көрме өткізген суретші кәсіби тұрғыдан өзін жетілдіріп, көптеген туындысын халықтың назарына ұсынды. Астананың 20 жылдығына орай «Астана суретші көзімен» атты көрме өткізіп, көпшіліктің көзайымына айналуы қылқалам шеберінің шығармашылығына тәнті болғандардың қатары ұлғайғанына айғақ.
Ұлы Даланың қақ ортасынан алып шаһар бой көтеріп, Елорданың іргетасы қаланған жылдары алғашқы леппен көшіп келіп, Астананың қалыптасуына үлес қосқан суретші күннен-күнге көркейіп келе жатқан шаһардың сұлулығын, қарапайым адам байқай бермейтін сәттерін тамаша сипаттапты. Туындыларында философиялық, психологиялық ойлардың түйінін беретін Кәкенұлының картиналары бір қарағанда жауын, нөсер сияқты боп көрінсе, екінші жағынан әдемі бояулар тізбегі салтанат құрып, ашық та жарқын түс жанарды еріксіз баурап алады. Суретшінің көздеген мақсаты осындай шешімдерге негізделсе керек. Айтар ойдың айқындығы көрген сайын сан түрлі бағытқа жетелеп, жарқылымен тәнті ете түседі.
Мысалы, «Қала көрінісі» сериясындағы «Диалог» картинасында ақ түс жақсылықтың, адалдықтың, әділдіктің нышанындай көрініп кетеді. Ондағы бойжеткен кескінінің аппақ нұрға бөленуі көрушіні іштей қуантса, жігіттің аяғына жалғасқан қою көк түс тіршіліктің, өмірдің бастауы жерден шығатынын ұқтыратындай. Аппақ ай ілінген аспан мен жасыл ағаш көмкерген саябақ арасын ақшыл, қоңырқай сәулетті ғимараттар бөліп жатыр. Табиғаттың тұмса шағын, тыныштықтың шырқын бұзған өркениеттің белгісі екі араны жалғап жатқандай, сол арқылы Астананың шырайын кіргізген жаңбырдан кейінгі сәт қарашықты тежеп, ұзақ көз салуды сұрайды. Еріксіз көнесің, тамсанып көресің.
Немесе «Қала көрінісі» сериясындағы «Силует-3» картинасында жаңбырлы көктемнің ұйытқыған боранды күні сипатталған. Бұлыңғыр күнде алға ұмтылған алып өгіз мүсіні ғана көзге түсіп, айналадағы биік үйлер мен ғимараттар жел мен жаңбырға еріп кеткендей, әне-міне, тамып түсердей әсер қалдырары анық. Көкіректі тербеген терең ойдың шынайы көрінісін көркем кеңістікте қыл­қаламның көмегімен, сан түрлі бояудың құдіретімен қайта айналмас сәтке түсірген суретшінің көкжиекті тұтастай жапқан шешімін таба алмай дал боласың. Сол арқылы табиғат құбылысының көрінісі көркем мәнді иеленеді. Күллі әлем көз тіккен Астананың әдетте адам байқай бермейтін сәттерін Жеңіс Кәкенұлы осылай көріп, осылай бағамдапты.
Табиғат ерекшелігін көпшілік дәл суретшідей көре алмайды, тіпті тура суретшідей сезінуі қиын. Кескіндемешінің басты қабілеті тұмса табиғат пен қаланың қарбалас тіршілігін астастыра жеткізуімен ашылады. Әсіресе, туындыда негізгі рөл атқаратын табиғи түстердің көрерменді баурап алатыны сонша қоршаған орта мен адамдарды байланыстыра түсіреді. Бұл «Қала көрінісі» сериясымен салынған «Қаңтар» атты картинадан анық көрінеді. Қаланың биік үйлерінің шатырын аймалаған алтын арайдың шорт қиылған тұсынан қысқы ағаштардың қара-қоңыр кескіні басталып, етектегі аппақ қар мен көк мұзға қадам басқан ашық жасыл киімді кісінің аяғындағы шаңғы бұрқыраған қар ұшқынынан көрінбейді. Осыдан-ақ жылдамдығы ересен спортшының қарқыны білінеді. Бері жақтағы шыршаның кескіні қарайып көрінеді. Келер күннің күнтізбесіндей немесе шаңғышының алдын кес-кестеген кедергідей көрінетін шырша қысқа ғана, шоп-шолақ ғұмырды елестетеді. Бір бүйірден қадалған шаншудай көзге түскен шыршаның тұрысы бөлек. Аспан мен қардың арасын қамтыған қарақоңыр тіршілік адамды алаңдатпай қоймайды. Тіршілік тоқтап тұрғандай көрінгенмен екінді уақытында шашырай түскен күннің нұры, әне-міне, лып етіп сөніп қалардай. Әрі-сәрі күйге түсірер сәт болса да барқадар таптырар, көңілді тыныштандырар бейқамдығын таскешу тағдырға көну деп ұғынуға да болады. Алайда осы сәт ғаламдық мәселелер шешілетін алып шаһардың бір бұрышында болып жатқаны бұлтартпас шындық, бұлжымас ақиқат. Сол арқылы Астананы жақсы көре түсесің, сағына бересің.
Астана қаласының 20 жылдығына арналған көрмеге қойылған жұмыстарды әркім әрқалай түсінеді, әрқалай бағамдайды. Ағанас жазығында жатқан Жалаңашта мектеп бітіріп, өмірдің көшіне Алматыда араласқан суретші Жеңіс Кәкенұлының шығармашылығын мен осылай түсіндім, өзімше көрдім, басқаша бағамдадым. Енді сіз қандай баға бересіз, құрметті оқырман?!
Өмірін көркемсуретке арнаған жанның ғұмыры ғибратты, өмірі өнегелі болуын тілеймін!
 
Алмас Сырғабай, 
Қазақстан Суретшілер
одағының мүшесі
Астана

Оқи отырыңыз