Алаштың аңсары

Алаштың аңсары

Аңсарым,
Алаш бейне – Азат қалам,
Көзайым – көңіл көктем, саз  ақтарам.
Жар салам,
Жаһан көште жария бейнем,
Көкке де төбем жетпей аз-ақ қалам.

Жаңарған, жаны үлпек жас қаламыз,
Кіндігін кесіп берген Бас балаңыз.
Төрт құбыла түгелдеп олжа салған,
Ар тұнған,
Алмас тұғыр Астанамыз.

Жаңғырып Сұят шаһар – өшкендерім,
Тарихқа Тараз,
Сайрам – көшкендерім.
Із жалғап Сарай-Берке, Сығанақтан,
Ғасырым ақ жүзінен өпкен жерім.

Құнына құлдық ұрмай бес теңгенің,
Сұр жебе –
Сұңқар бейне сестенгенім.
Бүтіндеп нар қазақты, намыс жанып,
Жүрегім дүрсіл қақты кектен менің.

Кеңістік!
Сенің үшін керіскенім,
Телегей!
Сенің үшін тебіскенім.
Ойыма ұйықтасам да оралады,
Төзімім төске біткен беріш пе едің?!

Қоздырман!
Қайта оралтып қайдағыма,
Қазақтың шалаң түспес қайнарына.
Төрелеп ұлтым өрге, ұлым белге,
Қол создым құдіретпен Айға бұла.

Сақтардан сабақтанған саңлақ елім,
Ғұндардан бұлақ жарған тармақ жерім.
Көктеген Көк түріктен асылымды,
Әніме әуе тербер салмақ едім.

Айналып нақ биіктік өлшеміне,
Тотыдай түрленіпті өлке, міне.
Тоғысып пирамида құпиясы,
Көз тоймас жауһар түзген көркеміне.

Еленіп Египеттің алыптары,
Астана бар айшықтың қалыптары.
Көрген де, көрмеген де арманда екен,
Тамсанып,
Таңдай қағып, танып бәрі.
Байсын жер – орда мекен ықылымнан,
Жаралған жарты әлем тұқымынан.
Кіндігін Еуразия буып алдық,
Е, Раббым,
Сақта енді тұтылудан.

Баршаға басты қалам таныс дер ем,
Үндескен үкі тағып ғарышпенен.
Сиқыр бар сымбатында, сәулетінде,
Бәйтерек тамырласып Барыспенен.

Хатталды Елордаға ғұмырнама,
Жатталды жаңа жырым,
Тұғыр дара.
Алашым, Алаңдама, арнаңа бас,
Қарап қой! Батыс-Шығыс ығыңда ма?!

Көксеңгір көкжиектен іздеді ме,
Сүйсініп арғы-бергі күмбезіме.
Өркениет көшбасы – көшпенділер,
Жаратқан жар болсын де ізгі еліме!

Дүбірге құлақ тосты байтақ әлем,
Айшықтап ажарыңды айта берем.
Самғаймын!
Енді еркін самұрықпен,
Астанам, ай асырмай қайта келем!

Әміре Әрін,
Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты

Оқи отырыңыз