Жастар болашақты жырлайды

Астана қаласының 20 жылдығына орай Сарқан қаласында аудандық Мәдениет үйінде «Жастар болашақты жырлайды» атты жас ақындар айтысы өтті.

Айтыстың өтуіне арқау болған «Алматы облыстық жастар ресурстық орталығы» және Сарқан жастары ресурстық орталығының ұжымы. Жас ақындар сайысына алыстан ат терлетіп келген Көксу, Жамбыл, Райымбек және Сарқан ауданының суырыпсалма ақындары қатысты. 
Жыр додасын өзіндік мектебі қалыптасқан белгілі айтыс ақыны, облыстық «Алатау» газетінің бас редакторы Айтақын Бұлғақов жүргізді.  Дүбірлі айтыстың ашылу салтанатында аудан әкімі Ерғазы Қошанбеков құттықтау сөз сөйлеп, жиналған қауымды бас шаһар «Астана қаласының 20 жылдығымен» құттықтап, ақындарға сәттілік тіледі.
Айта кетейік, шараның мақсаты – халқымыздың төл өнерін дәріптеу, оны жас ұрпаққа боямасыз күйде жеткізу. 
Шара барысында топтан үздік шыққан  төрт ақын Құлмамбетше айтыс үлгісін құрып, шаппа-шап сөз таластырды. Сондай-ақ жиналған қауымға жақсы көңіл-күй сыйлап, домбыраның қоңыр үнімен тербетті. 
Қорыта келгенде бас жүлдеге Қойлық ауылының тумасы Мұхамедхан Исламхан ие болып,  аудан мерейін үстем етті. Одан кейін үш орынды жамбылдық Қанапия Алтынай, Асылбекқызы Айым, Риза Ерқұлан жеңіп алды. Жүлдегерлерге аудан әкімінің арнайы жүлдесі табыс етіліп, барлық қатысқан ақындарға Мақтау қағаздары мен бағалы сыйлықтар табысталды. 

Жомарт ИГІМАН
Сарқан ауданы

Оқи отырыңыз