ШЕРТПЕ КҮЙ ШЕБЕРЛЕРІ АНЫҚТАЛДЫ

ШЕРТПЕ КҮЙ ШЕБЕРЛЕРІ АНЫҚТАЛДЫ

Кешеден бері І.Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайында қос ішектен төгілген маржан туындылар қала жұртын бір тебірентіп тастады. Астананың 20 жылдығына арналған игі шараны ҚР Мәдениет және спорт министрлігі мен облыс әкімдігі ұйымдастырды. Фестиваль аясында Тәттімбет Қазанғапұлы атындағы «Қырық буын қосбасар» атты күй сайысы өтіп, оған еліміздің әр аймағынан 30-ға жуық үміткер қатысып, бақ сынады.

Фестивальдің ашылу салтанатында сөз алған Алматы облысы әкімінің орынбасары Ақан Әбдуәлиев аймақ басшысы Амандық Баталовтың және Жетісу жұртының ыстық ықыласты сәлемін жеткізіп, жалпы қатысушыларға сәттілік тіледі.

— Бұл шараның басты мақсаты  – Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында кезінде кенжелеп қалған қазақтың шертпе күй өнерін кеңінен нәсихаттап, төл мәдениетіміздің абыройын асқақтату, – деді Ақан Жылқышыбайұлы.

Екі күнге созылған шараның бірінші кезеңінде 12 үміткер іріктеліп, ақтық сынға жолдама алды. Екінші кезеңде олардың арасынан жүзден жүйрік, мыңнан тұлпарлар тағы анықталды. Дарынды  күй саңлақтарының бағалау нәтижесі бойынша Жетісудың бас қаласы Талдықорғанда өткен шертпе күй сайысының бас жүлдесін Астанадан келген Ақжусан Иманғазықызы жеңіп алып, 1 миллион теңгені қанжығаласа, бірінші орынға белгіленген 750 мың теңге қаражатты Алматы облысының күйшісі Серік Пазылов еншіледі. Ал екінші орынға Шығыс қазақстандық Сырым Нұрмолдин мен атыраулық Айнұр Сақыпова лайық деп танылды. Тиісінше үшінші орын жүлдесіне Павлодар облысының тумасы Ертіс Сайырхан және қарағандылық Самал Мағауия ие болды. Жеңімпаздарға қосымша лауреат атағы берілді. Ұйымдастырушылар мұндай шара бұдан былай да жалғасатынын жеткізді.

Мұхтар КҮМІСБЕК

Оқи отырыңыз