ҚАЙСАР ҚЫЗ

ҚАЙСАР ҚЫЗ

Оның ерлермен иық теңестіре осында еңбек етіп келе жатқанына биыл 16 жыл болды. Аудандық ішкі істер бөліміне екі мыңыншы жылы жұмысқа қабылданған қаршадай қыз бұл іске бар ынтасымен кіріскен болатын. Гүлнар содан бері осы ауданның полиция органында нәтижелі қызмет атқарып келеді.

         Күш құрылымдарында жұмыс істеу негізінен ер адамдарға тән мамандық саналғанымен ішкі істер органындағы кейбір міндеттерді нәзік жандылар ерлерден кем орындамайды. Құжат айналымын жүргізу, әйелдердің құқығын қорғау, тәрбиесі қиын жасөспірімдермен жұмыс істеу сияқты шаруалар солардың қатарында. Жастайынан жігерлі болып өскен Сарқан ауданы, Лепсі бекетінің тумасы жүрек қалауымен таңдап алған кәсібін меңгеруге деген тегеурінді талпынысымен уақыт өте тәжірибе жинақтап, бүгінде білікті маманға айналды. Бұл жетістіктің оңайлықпен келмегені анық. Жұмыс барысында кездескен қиындықтарды өзінің еңбекқорлығының, қайсарлығының арқасында еңсере білді. Әйтпесе, құқық қорғаушының күн демей, түн демей дамыл бермейтін мазасыз міндетін арқалауға көп ретте еркек кіндіктінің өзі шыдамайтыны жасырын емес.

         Бойға біткен табандылық, қайсар мінез Гүлнарға әкесінен дарыған-ау шамасы. Әкесі Ғабдуләди Раисұлы Ұлы Отан соғысына қатысқан, өн бойынан ерлік, батырлық, намыс сияқты ұлттың ұлы құндылықтары жалындаған жан екен. Соғыстан кейін құқық қорғау саласында қызмет етпекке аңсары ауғанымен әлдебір себептер оған мүмкіндік бермепті. Содан қырық жыл мұнай өнімдерімен жабдықтау мекемесінде еңбек еткен. Мектеп бітірген Гүлнар да әке жанынан бірден ұзап шыға алмай, бірер жыл сонда жұмыс істейді. Жамбыл ауданының Қарғалы ауылына отбасымен көшіп келгеннен кейін бір кездері әке арман қылған қызметке баласы қол жеткізеді.

         Құқық қорғаудағы еңбек жолын аудандық ішкі істер бөлімінің тергеу бөлімшесінде көмекші болып бастаған Гүлнар Раисова жұмыс істей жүріп, 2006 жылы Ішкі істер академиясының құқықтану факультетін заңгер мамандығына бітірді. Әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау бөлімшесінің инспекторы міндетін тоғыз жыл мінсіз орындады. Бес жыл кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі бөлімше бастығы лауазымын абыроймен атқарды. Қазіргі уақытта жергілікті полиция қызметінің ювеналдық полиция тобының инспекторы. Отбасында бір ұлдың аяулы анасы.

         Полиция майоры өз жұмысын жан-тәнімен жақсы көреді. Міндетіне адал. Қай кезде, қандай жағдайда болмасын, ол үшін тәртіптің сақталуы бәрінен маңызды. Тәртіпсіздікке жаны төзбейді. Көзі көріп тұрған жөнсіздікті тезге салуға ойланбастан кірісіп кетеді. Ондай жағдайда ол үшін демалыс, жұмыстан тыс уақыт деген ұғым жоқ. Сақшының өмірінде жиі кездесетін ондай жайтқа үнемі дайын болу үшін спортпен де шұғылданады.

Серік САТЫБАЛДИЕВ

Жамбыл ауданы.

Оқи отырыңыз