Жасырын камера әшкерелейді

Жасырын камера әшкерелейді

Өңірлік коммуникациялар қызметінде Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс бойынша департаменті басшысының орынбасары Данияр Сабыраевтың қатысуымен брифинг өтті. Жиында «Құпия сатып алушы» жобасының іске асырылу барысы талқыланды.
«Құпия сатып алушы» жасырын камера арқылы делдалға ақша ұсынып, жұмысын бітіріп алуға уағдаласады. Кейін сол мекеме, ұйымдағы кемшіліктер тайға таңба басқандай әшкереленеді. Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер тізімі ҚР Үкіметінің мемлекеттік қызметтер реестрімен бекітілген. Қазіргі таңда аталмыш реестрде 723 қызмет болса, оның 423-і біздің өңірде көрсетіледі. Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс бойынша департаментіне биылғы тоғыз айдың ішінде жеке және заңды тұлғалардан 101 өтініш келіп түскен. 
– Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер сапасын бақылау мақсатында ағымдағы жылдың мамыр айынан бастап қоғамдық белсенділермен бірлесіп «Құпия сатып алушы» әдісі арқылы бақылау жүргізіп келеміз. Көрсетілетін қызмет сапасын арттыру, стандарттар мен регламенттерді сақтау бағытында 37 оқыту семинары өткізілді. Ал мемлекеттік қызметтер саласын реттейтін заңнаманы бұзушы 44 тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды, – деді Данияр Бауыржанұлы. 
Келіп түскен өтініш ішінде Алматы аймағындағы      4 тіркеу-емтихан тапсыру бөлімшелерінің орнына мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығын салу туралы ұсыныс берілді. Бұл өз кезегінде аталған ұйымдардағы орын алған кемшіліктердің жойылып, сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға септігін тигізеді. Алдағы уақытта да «Құпия сатып алушы» жобасы тұрақты түрде жалғасады.

М. ДАНИЯРҰЛЫ.

Оқи отырыңыз