ЖАҢА КӨЛІК ТАБЫСТАЛДЫ

ЖАҢА КӨЛІК ТАБЫСТАЛДЫ

Облыс әкімі Амандық Баталов облыстық ішкі істер департаментіне соңғы үлгідегі құрылғылармен жабдықталған 29 жаңа автокөліктің кілтін табыстады.

Мерекеге орай өткізілген салтанатты жиын аясында жас мамандар ант қабылдап, алғашқы офицерлік атақ алды. Сондай-ақ, қоғамдық тәртіпті сақтау, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша мінсіз қызмет атқарған 120-дан астам полиция қызметкері ҚР Ішкі істер министрінің Құрмет грамотасымен және облыстық ішкі істер департаменті басшысының Алғыс хатымен марапатталды.
Салтанатты шарада сөз алған өңір басшысы:
– Құрметті ішкі істер департаментінің қызметкерлері, сіздерді Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күнімен құттықтаймын! – деп көпшілікке шынайы тілегін жеткізді. – Тәуелсіз Қазақстанның тарихында, жалпы әлемдік саясатта Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың есімімен қатар «қазақстандық даму жолы» атты жаңа ұғым қалыптасты. Бұл жолда Мемлекет басшысының стратегиялық дарыны, табандылығы, көрегендігі, даналығы бар. Бүгінгі күні Қазақстан экономикасы, ғылымы мен мәдениеті тұрақты дамыған мемлекетке айналды. Оған дәлел –  Тұңғыш Президент күніне орай Жетісу жерінде 100 әлеуметтік нысан ашыл-мақшы. Олардың қатарында тұрғын үйі бірге салынған 30 учаскелік полиция бекеті бар. Осыған дейін дәл осындай 44 бекет ашылған. Бүгінгі күні 26 бекеттің құрылысы жүргізіліп жатыр. Одан бөлек, 34 полиция бекетін тұрғызуға қажетті қаржы бөлінді. Соның бәрін қосқанда 220 учаскелік полиция бекеті салынады. 2017 жылы облыстың ішкі істер органдарына 11,9 миллиард теңге бөлінді. Осы қаржының 3,2 миллиард теңгесі материалдық-техникалық базаны нығайтуға жұмсалып отыр. Сонымен қатар, арнайы құрылғылар мен белсенді қорғаныс құрылғылары біртіндеп алынып жатыр. Атап айтқанда, 772 портативті бейнежазба құрылғысы өңірдегі полиция қызметкерлерінің 93%-ның қолдануына берілді. Жетісу жерінде екі арнайы қабылдау мекемесінің құрылысы басталды. Аудандар мен қалалардың халық көп жиналатын қоғамдық орындарына 346 бейнебақылау камерасы орнатылды. Олардың бәрін облыстық ішкі істер департаментінен бақылауға болады. Тағы 420 бейнекамера орнатылмақшы. Оның 396-сы облыс орталығы Талдықорған қаласына қойылады. Сондай-ақ, облыстың Қапшағай, Текелі, Қаскелең, Жаркент сынды 4 қаласына 550 бейнебақылау камерасын орнату туралы құжаттама дайындалуда. Биыл жеке құрамды тасымалдау үшін 5 автобус және 95 автокөлік алынды. Бұл транспорттың бәрі қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету міндеті жүктелген полиция қызметкерлерінің қолдануына беріледі. Осындай қолдау қылмыс пен құқық бұзушылықтың деңгейін төмендетеді деп сенемін. Өйткені, облыс тұрғындарының өмірі мен тыныштығы сіздердің қызметтеріңізге тікелей байланысты. Сондықтан қоғам мен мемлекеттің мүддесі және азаматтардың құқығын сақтауда мүлтіксіз қызмет еткендеріңіз үшін сіздерге ризашылық білдіргім келеді. Полиция қызметкерлері өздеріне жүктелген міндеттерді абыроймен атқарады деп сенемін.
Сондай-ақ, төтенше жағдайлар қызметіне жол талғамайтын 10 көліктің кілті табыс етілді. Мерекелік шараға орай түсініктеме берген облыстық жергілікті полиция қызметінің басшысы Марат Күштібаевтың айтуынша, ауылдық жерлерде еріктілер топтары құрылып, Жетісу жеріндегі қылмыс пен құқық бұзушылықты азайтуға үлес қосып жатыр. Одан бөлек, облыс орталығында қоғамдық тәртіпті сақтау үшін қала әкімдігі 100 ерікті жасақшыны айлық жалақымен қамтамасыз ету үшін 100 миллион теңге бөліпті. Соның арқасында биылғы 10 айдың ішінде қала көшелерінде жасалатын қылмыс пен қоғамдық орындардағы тәртіп бұзушылық азайған.

Мәди АЛЖАНБАЙ​.

Оқи отырыңыз